«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында әскери қызметшілердің еңбек құқықтарын сотта қорғау мен әскери қызметке байланысты еңбек дауларын сотта қараудың өзекті мәселелері

2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің құқықтық негізін жаңа деңгейге көтерді. Осы орайда, «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау мемлекеттік қауіпсіздіктің маңызды кепілі болып табылады.

Бұл құжаттың негізгі мақсаты – қоғамда заң үстемдігін орнату, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік институттарға, соның ішінде сот жүйесіне деген сенімді нығайту. Осы тұрғыда ұлттық қауіпсіздіктің тірегі болып табылатын әскери қызметшілердің қызметтік (еңбек) дауларын сотта қарау ерекше өзектілікке ие.

Әскери қызметшілердің еңбек қатынастарының құқықтық табиғатына тоқталсақ,Қазақстан Республикасының 2026 жылғы Конституциясына сәйкес, әскери қызметті өткеру заңмен белгіленген ерекше тәртіппен жүзеге асырылады. Әскери қызмет – бұл мемлекеттік қызметтің айрықша түрі, ол еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға бағытталған. Әскери қызметшілердің еңбек қатынастары ең алдымен «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңмен, сондай-ақ Еңбек кодексінің әскерилерге қатысты ерекшеліктері бар нормаларымен реттеледі. Сондықтан әскери қызметтегі даулар қарапайым еңбек дауларынан өзінің субъектілік құрамымен және ерекше заңнамалық базасымен ерекшеленеді.

Әскери қызметке байланысты туындайтын дауларды қараудағы маңызды мәселе – олардың соттылығын анықтау. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне (ӘРПК) сәйкес, егер жауапкер әскери басқару органы немесе әскери бөлім болса, әскери қызметшілердің талап қоюлары бойынша әкімшілік істерді әскери соттар қарайды. Сонымен қатар, Азаматтық процестік кодекстің 27-бабына сәйкес, егер тараптардың бірі әскери қызметші немесе әскери басқару органы болса, әскери соттар азаматтық істерді де қарауға құзыретті.

Бұл реттегі өзекті мәселенің бірі – сотқа дейінгі реттеу тәртібі. Еңбек кодексі бойынша жалпы жұмыскерлер үшін келісім комиссиясына жүгіну міндетті болғанымен, бұл талап әскери қызметшілерге қолданылмайды.

Әскери қызметшілер өз құқықтары бұзылған жағдайда шешімдер мен іс-әрекеттерге тікелей сотқа шағымдануға құқылы.

Сотта қаралатын негізгі дау түрлері мен мәселелерді атап өтетін болсақ, Әскери қызметке байланысты сот тәжірибесінде жиі кездесетін даулардың бірнеше санатын бөліп көрсетуге болады:

  1. Теріс мотивтер бойынша қызметтен босату: Әскери қызметшіні теріс себептермен жұмыстан шығару оның әлеуметтік кепілдіктеріне, соның ішінде тұрғын үй төлемдеріне және зейнетақымен қамсыздандырылуына тікелей әсер етеді. Соттар мұндай істерді қарағанда қызметтік тергеудің заңдылығын, тәртіптік жаза қолдану мерзімдерінің сақталуын және жасалған теріс қылықтың ауырлығына жазаның сәйкестігін мұқият тексереді.
  2. Тұрғын үймен қамтамасыз ету даулары: «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 13-1-тарауы әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің ерекшеліктерін белгілейді. Осы бағытта тұрғын үй төлемдерін тағайындау, оны тоқтату немесе қызметтік пәтерден шығару мәселелері бойынша туындайтын даулар өзекті болып қала береді.
  3. Материалдық жауапкершілік: Әскери қызметшілер өз кінәсінен келтірілген материалдық залал үшін ғана жауапты болады. Залалдың мөлшерін анықтау және оны өтеу тәртібі сотта жиі дауланатын мәселелердің бірі.

Жаңа заңнама бойынша сот әкімшілік істерді қарағанда тараптар ұсынған дәлелдемелермен шектелмей, істің мән-жайын өз бастамасымен зерттеуге міндетті

«Заң және тәртіп» концепциясының сот төрелігіне әсері қандай деген сұраққа тоқталсақ, тұжырымдама аясында соттардың белсенді рөліне баса назар аударылады. Бұл әсіресе әскери басқару органдарының актілеріне қарсы әкімшілік істерді қарауда маңызды. Сот тек ұсынылған дәлелдемелермен шектелмей, істің барлық нақты мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге міндетті. Бұл әскери қызметші мен мемлекеттік орган арасындағы теңсіздікті жоюға және әділ шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, тұжырымдама сот процестерінің ашықтығы мен цифрландырылуын көздейді. Әскери соттарда істерді электрондық форматта жүргізу және сот отырыстарын қашықтықтан өткізу мүмкіндігі сот төрелігінің қолжетімділігін арттырады.

Әскери қызметке байланысты еңбек дауларын сотта қараудың тиімділігі – «Заң және тәртіп» идеологиясының іс жүзіндегі көрінісі. Әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау тек жеке тұлғаның мүддесі емес, ол бүкіл әскердегі тәртіптің, әділдіктің және мемлекеттік қауіпсіздіктің кепілі. Соттардың заңдылық пен әділеттілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, әскери қызметшілердің дауларын сапалы қарауы қоғамдағы құқықтық мәдениеттің артуына және «Әділетті Қазақстан» идеясының іске асуына қызмет етеді.

Алматы гарнизонының әскери сот судьясы

Естай Қанат Зарықұлы

Германияда Facebook қолданушылары канцлер Мерцті қорлағаны үшін айыппұл арқалады

Германия соты Facebook желісінде федералдық канцлер Фридрих Мерцтің атына...

В Германии пользователей Facebook оштрафовали за оскорбления канцлера Мерца

Суд в Германии признал законным наложение штрафов на двух...

Казахский тазы триумфально представлен на World Dog Show 2026 в Болонье

В Болонье завершилось историческое для Казахстана участие казахского тазы...

ПАТРИОТИЗМ, ТӘРТІП ЖӘНЕ АР-НАМЫС – ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БЕРІК ТҰҒЫРЫ

Қоғамдағы заңдылық пен тәртіптің сақталуы, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарының...