Сот реформасы халықтың көңілінен шықты

Сот – әділдік салтанат құратын, азаматтар құқығын қорғайтын алаң. Осы уақытқа дейін сотқа жүгінген азаматтардың құқығы мен бостандығын сапалы қорғау мақсатында көптеген заңдар мен құжаттар дайындалып, бірталай жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Ал Астана қаласында құрылып, жұмыс істеп жатқан қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық сот төрелік алаңындағы тың өзгерістің, жарқын реформаның көрінісі.
Кассациялық соттар қолданысқа енгізілгенге дейін істер Жоғарғы Соттың кассациялық алқасында қаралғаны белгілі. Ол тұста істер Азаматтық процестік кодекске сүйене отырып «таңдап қарайтын кассация» әдісімен қаралатын. Яғни, бірінші сатыда оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралған, татуласу рәсімдерімен аяқталған, соның ішінде талап қою сомасы 2000 АЕК-ден кем болған кезде жеке тұлғалардың ісі кассацияның назарына ұсынылмайтын. Сондай-ақ, талап қою сомасының көлемі 30 000 АЕК-ден кем болған кезде заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты байланысты істер де кассациялық алқаның қарауына жіберілмейтін. Соның нәтижесінде азаматтық істердің тек 5 пайызы ғана кассациялық алқаның қарауына түсетін.
Мұндай жағдайдың қалыптасуы азаматтардың наразылығын тудырды. Кассациялық алқаның жұмысына көңілі толмаған азаматтар бұл мәселеге байланысты үнемі ұсыныс-пікірлерін жеткізіп келген еді. Халықтың талабы мен ренішіне Мемлекет басшысы да назар аударып, құзырлы орындарға кассацияға қатысты реформа жасау бойынша нақты тапсырма жүктеді. Істерді «Жаппай қарайтын кассация» бізге таңсық болғанымен, Еуропалық сот практикасында бұрыннан бар үрдіс. Жаңа реформаның негізгі мақсаты – сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын арттырып,азаматтардың соттарға деген сенім деңгейін өсіру.
Осылайша Жоғарғы Сот тарапынан кассациялық сотқа байланысты іргелі ізденістер жасалды. Нәтижесінде үш кассациялық сот жұмысын бастап, кассацияға істер алдын ала қараусыз, үш судьядан тұратын алқаға тікелей түсетін болды; кассациялық сотта істерді қарау мерзімі 6 айдан аспайды; сот процесі тараптарды шақыра отырып, ауызша жүргізілуде.
Кассациялық істерді Жоғарғы Соттың қарауы тоқтатылып, жаңа Кассациялық соттарға тәжірибеде өзін дәлелдеген, кәсіби шеберлігі мықты қазылар іріктелді.
Осындай ізденіспен тәжірибеге енген Кассациялық соттардың отандық сот жұмысына әсері орасан. Мұндай ілкімді жобаның қолға алынуы сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етті. Жоғарғы Соттың сот актілерін қайта қарау жөніндегі қызметі олардың заңдылығын, негізділігі мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталды және бұл сот практикасын қалыптастыруда үлкен маңызға ие болып отыр.

Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының судьясы Бекболат Жанғалиұлы Тажмұхан.

Сотта өкілдік ету жауапкершілігі жоғары

Азаматтық процестегі сот өкілдігі жеке және заңды тұлғаларға заңгерлік...

Мәмілені жасау мен тоқтатудың заңдық тәртібі

Құқықтық мемлекет – азаматтардың алаңсыз өмір сүріп, қауіпсіздігін мінсіз...

Қазақстанда кімдер қылмыстық және әкімшілік амнистияға ілігуі мүмкін

ІІМ елімізде кімдер қылмыстық және әкімшілік амнистияға ілігуі мүмкін...

Мемлекеттік тіл – мәртебесі биік құндылық

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің айбыны мен елдіктің айғағы. Тіл...