Көктемнің таңғы ауасы қандай ғажап. Астананың алты ай қыс қар құрсауында жататын тал-теректері де бүршік жарып, айнала да құлпыра түскен. Адам көңілін əдемі бір əсерге бөлейтін шақ. Бөртегүлдің иісі де танауды қытықтап, көзіңді қуантады. Жаттығу жасап тұрған Абылай терең тыныстады. Үйінің ауласындағы атшаптырым алаңды жеңіл жүгіріспен он рет айналып шығып, дене қыздыратын арнайы жаттығулар жасауды əдетке айналдырғалы біраз жыл болған. Қазір елорданың аулаларында оған қажетті темір-терсектің бəрі бар. Бұл Абылайға жақсы болды. Бала кезден айналысып, күрестен үлкен жетістіктерге жетуі де осы спорттың арқасы. Жұмыста да арнайы органдар арасындағы жарыстардан жиі топ жарады. Оны айтасыз, екі рет ел чемпионы атанып, басшыларының алғысына, əріптестерінің қошеметіне бөленген-ді. Демек, жаттығу адам тəнінің ажырамас бөлшегіндей бойға сіңу керек деген сенімі бар. Жасы қырықтан асып кетсе де, ұйқысынан ерте тұрып жүгіріп келмесе күні бойы елегізіп, құнды дүниесін жоғалтып алған адамдай алаңдап жүретіні сондықтан. Кейде келіншегі Айшаны да қоярда-қоймай оятып, жүгіруге ертіп шығатыны бар. – Айша, дəрігер емессің бе? Мен емес, бізді өзің ертіп шығып жаттығу жасатуың керек. – Абылай, мен балаларға таңғы ас əзірлеймін. Еркеназдың шашын өремін. Сабаққа барады ғой. – Түк етпейді. Қырық минут жаттығып қайтайық. Айша кейде еріп шыққанымен, көп жағдайда үйде қалады. Демалыс күндері студент болған қос құлыны Медғат пен Қасымды, мектеп жасындағы кенжесі Еркеназды да жүгіртіп, жаттығу жасауға ертіп шығады. Айналада оған қолайлы саябақтар да жеткілікті. Абылайдың отбасы үшін бұл жылдың төрт мезгілінде де дəстүрге айналып кеткен бұлжымас дағды. Мұны көршілері де, туыстары мен жолдастары да жақсы біледі. Əрі үлгі ретінде бір-біріне əңгіме қылады. Ортасына сыйлы, пенде айналасына жақсылық жасауға жаны құмар азаматты кім жек көрсін? Қарт ата-анасына да қарайласып, бəріне уақыт тауып зыр қағып жүргені. Əуелі əкесі Əзімханның ақылы əсер етті. Ол кісі осы ұлының полиция қызметкері болуын қалаған. Анасы да əрдайым ешкімнің ала жібін аттама, қиянат жасама дегенді құлағына құюдан жалыққан емес. Жаттығуды аяқтап үйіне қарай аяңдап келе жатқан Абылайдың көзіне сонадайда кетіп бара жатқан бір топ ит түсті. Сабалақ жүнді, бұралқы сары канден топ бастапты. Тектері де түсініксіз өздерінің. Арлы-бері жөңкіліп осылар не істеп жүреді екен? Қазір қаңғыбас иттерді ұйықтатып құрту қажет деген заң шығып, қоғам пікірі де екіге бөлініп жатқанын жаңалықтардан естіген. Жануарларды қорғау ұйымдары дабыл қағыпты. Дұрыс та шығар? Бірақ балалар мен қарттарға жүгіріп, көшеде талап жатқаны қауіп емес пе? Құтырған болса ше? Ал енді ешкімге зияны болмаса ұйықтатпай-ақ, айдалаға апарып тастамай ма? Əлде оқшаулап ұстайтын арнайы жерлер ашса. Ойын телефонына келіп түскен хабарлама бөліп жіберді. Абылайдың кəсіби əдеті телефон үніне күні-түні сақ. Ватсабына хабарлама қол астындағы сержант Мақсат Құлжановтан келіпті. Əрбір ірі істі дереу өзіме жеткізіп отыр деген талапшылдығынан да телефонына күні-түні тыным жоқ. Қалалық Ішкі істер басқармасының Тергеу бөлімінің басшысы ретінде тағайындалғанына да көп бола қоймаған кез. – Жолдас полковник, таңғы алтылар шамасында Гете көшесіндегі жер үйлердің біріне ұры түскен. Үйдегі екі əйелді пышақпен қорқытып, бес миллион теңге болатын алтын бұйымдары мен бір миллион теңге шамасындағы ақшаны алып кетіпті. Оқиға орнында жүрмін. Жəбірленушілер мен көршілерден жауап алып жатырмыз, – депті. * * * Үйіне асығыс басып келді де, жуынып-шайынып, таңғы асын апыл-ғұпыл ішіп оқиға орнына аттанды. Үйдің ауласында жүрген əріптестері бірден бойларын тіктеп, киімдерін түзеп əбігерленді де қалды. Түтін будақтатып тұрғандары дереу темекілерін тастап үлгерген. Өйткені полковник Абылай Қайсеновтың темекі шегетіндерге жаны қас екенін жақсы біледі. – Жап-жас болып, денсаулықтарыңды өз қолдарыңмен құртуға əуессіңдер. Үйдегі келіндер темекі шеккендерің үшін жанына жолатпай қойса көрер едім, – деп əзілдеген болды. Алайда дауысында əзілден гөрі зіл басымырақ еді. Сержант Құлжанов бастығының жанына келіп, көршілерден жауап алынғанын, ешкім ешкімді көрмедік деп айтқандарын, тіпті айналада бақылау камераларының жоқ екенін тəптіштеп баяндап берді. Абылай қабағын түйіп, айналасына қарады. – Күдіктілердің бет-əлпеті, үстіне киген киімдері қандай екенін анықтадыңдар ма? – Иə жолдас полковник. Жəбірленушілердің айтуынша қара спорттық киімдегі екі жігіт келген. Аяқтарындағы крассовкалары да қара түсті. Беттерін шаңғы тебетіндердің маскасымен бүркеп алыпты. Қолдарына қара былғары қолғап киген екен. Шамамен бойларының ұзындығы 165-168 см болады. Дауыстарынан 30-35 жас аралығындағы адамдар деген болжам бар. – Қызық екен. Жəбірленушілерден өзім жауап аламын. Тонаушылар қолғап киген болса саусақ іздері де жоқ деші. Аяқ киім іздерін тексермедіңдер ме? – Тексердік, жолдас Қайсенов. Жер құрғақ болғандықтан, ештеңе анықталмады. – Жақсы. Жұмысқа барайық. Жəбірленушілердің арызын алып, істі тіркеген соң маған алып кел. – Құп болады. Абылай жұмысқа келер жолда күдіктілердің ол параметрде бақылау камераларының жоқтығын, таңға жуық ел ұйқыда жататынын толық есептегенін де ойлады. Кімдер болуы мүмкін? Кеңсеге келгесін қол астындағы қыз меткерлерді шақыртып шұғыл жиналыс өткізді. – Жігіттер, сол аудандағы ғана емес, қала бойынша архивті көтеріп, бұрын осыған ұқсас қылмыспен сотталып шыққандарды толық тексеру қажет. Сосын ұрланған бұйымдардың тізімін жасап, қандай дүниелер екенін нақтылап алыңдар. Қаладағы ломбардтар мен зергерлік дүкендерді де тінтіп шыққандарың дұрыс. Тергеу бөліміндегі «оперлар» сен тұр, мен атайын дейтіндей кəнігі полицейлер болатын. Қайсенов берген тапсырманы өзара бөліп алып, іске кіріскен. * * * Кабинетте жалғыз қалған Абылай терезеден сыртқа көз тастап біраз ойланып тұрып қалды. Орнына жайғасқан соң алдындағы папканы парақтай бастады. Із жоқ, ол көшеде жəне аумақта бақылау камералары жоқтығын жəне үйде екі əйелдің ғана барын білген. Бұл кездейсоқ ұрылар емес. Өйткені əбден машықтанған үй тонаушылар бəрін алдын ала зерттейді. Демек жəбірленушілердің айналасын жақсылап тексеру қажет. Есік қағылып, кезекші сержант кірді. – Жолдас полковник, жəбірленушілер келді. – Кіргіз! Жанарларында үміттен гөрі үрей басым, бірі егде, екіншісі жастау екі əйел аяқтарын аңдап басып кабинетке енді. Абылай орнынан тұрып, ізет білдіріп, екеуін орындыққа емес, қабырға тұсындағы диванға жайғастырды. Бұл да психологиялық қадамдардың бірі. Жəбірленуші күдікті емес. Олар ашылып əңгіме айту үшін жағдайын жасап, іші-бауырына кіруің де маңызды. Салқын қабақ танытып сұрақ-жауап алсаң, дым да біле алмайсың. Бос уақытында криминалистикаға қатысты, психологияға байланысты əдебиеттерді оқып отыратын Абылай осының бəрін жақсы меңгерген. Əрі тергеушіден бастап, бөлім бастығы болғанға дейінгі өмір жолында да мыңдаған адамды сөзге тартты емес пе. – Су ішесіздер ме? – Жоқ, рақмет! – Уайымдамаңыздар! Көп уақыттарыңызды алмаймын. – Таңертең үйге келген милиция балаға бəрін айттық қой, – деп егде əйел тезірек кетуге бейіл екенін аңғартты. – Иə. Ол жалпы сұрақтар қойған ғой. – Сіздер ұрланған заттарды табасыздар ма? Күн көріп отырған кəсібіміз сол ғана. – Қазір жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Табуға барымызды саламыз. Ол үшін сіздердің де көмектеріңіз маңызды. – Біз қайдан білеміз? Өзіміз де шошып қалдық. Енді үйімізге қалай түнерімізді де білмей отырмыз. – Камералар жоқ екенін білесіздер. Күзет компаниясымен келісімге отырып, дабыл қаққыш орнатып алмағансыздар ма? – Соны ойлағам. Бірақ қаншама жылдан бері айналысып отырғасын мəн бермей жүре беріппін. Шылқыған бай болсақ бір сəрі. Қолымызды əрдайым кеш сермейтін қазақпыз ғой. * * * Абылай Бибіжардың бейғамдығына жəне сөзшеңдігіне күлкісі келіп, сəл жымиған болды. Əңгіме де еркін өрби бастады. Базарда алтын сататын Бибіжар Меңдіғалиева мен қызы Гүлнəр Өмірғалиева бірге тұрады екен. Анасы – 62, қызы – 34 жаста. Бибіжар мен күйеуі өмірі сауда жасаған жандар болып шықты. Тоқсаныншы жылдары базардан көкөніс, жеміс-жидек алып көтерме бағамен саудалаған. Кейін алтынмен айналыса бастапты. Гете көшесіндегі үй де өздерінікі. Күйеуі екі жыл бұрын о дүниелік болған. Жалғыз қыздары Гүлнəр техникалық колледждің түлегі. Оқудан кейін ата-анасына көмектескен. Тұрақты жұмыс істемеген, тұрмыс құрмаған. Туыстар, достар, көршілер туралы біраз сұрақ қойылды. Бірақ күдікке ілінетіндей ілік байқалмайды. Бəрімен алыстан араласады. Алтын сататындықтан үйді де қараусыз қалдырмаймыз. Қонақ шақырып, тойларға да бара бермейміз десті. Абылай сөзге көп араласпай отырған Гүлнəрды əңгімеге тартпақ болды. Өйткені анасының көзінше бірдеңені жасыруы да ғажап емес. – Бибіжар апай, мен Гүлнармен оңаша əңгімелесейін. Сосын қайтасыздар. Қажет кезде өзім барамын немесе жігіттерді жіберемін. – Бұл не айтсын? Дымды да білмейді. Күн ұзақ телефонын шұқып, соған шұқшиып үйден де шықпайды. Құрбыларыңмен аралас, жас өміріңді қор қылмай отбасын құр деп талай қақсадым ғой. Жалғыз қыз болғасын бетінен қақпай барамын деген шетеліне де жібердік. Үстіне қымбат деген жылтырақтың бəрін жапсырдық. Көлігі де бар. Ертең мен өлсем аш қалады ғой. Қолдағы дүниені де ұқсата алмай. Телефонда басың қалғыр-ай. Бұл несін айтсын? – Мам, қойыңызшы. Гүлнəр жүзін төмен салып, анасының сөзіне шын қысылып қалды. Кезекшіні шақырған Абылай, əйелді күту бөлмесіне апарып жайғастыр деп тапсырды. Ол бөлмеде телевизор, жайлы диван да бар-тын. Əрі тергеушілердің кабинетіндей сұрғылт емес, жарық, терезеден күн жақсы түсетін тұста. Бибіжар шығып кетсе де сөйлеп бара жатты. Шарасыздықтан əбден қажыған сыңайлы. Абылай орындығын Гүлнəр отырған маңға таяп қойып, асықпай жайғасты. – Үлкен кісілер сондай болады. Балаларынан əрдайым мін іздеп тұрады. Мəн бермеңіз. – Сіз де ренжімеңіз. Мамам бір сөйлесе тоқтату қиын. – Əрине. Мен не деп ренжиін? Түсінем бəрін. Ана болғасын қызының бақытын тілейді, жиен немере сүйгісі келеді дегендей. – Оны ойламай жүрген жоқпын.
– Отбасын құру жайын ше? – Оны да ойлағам. Бірақ адамның бəрі бақытты бола салмайды ғой. Колледжде жүргенде бір жігіт болды. Сөз байластық. Оған сендім. Бірақ ол оқудан кейін əскерге кетіп, келген соң басқа бір қызға үйленіп алды. – Басқа да жігіттер толып жүрген жоқ па? – Одан кейін жігіттен көңілім қал ған. Бірді-екілі адам болды. Бірақ жақ па ды. Жасың ұлғайған сайын қиын екен. – Қазір сөйлесіп жүрген ешкім жоқ па еді? – Жоқ. Əлеуметтік желі арқылы жазатындар жеткілікті. Онша мəн бермеймін. Арасында ұнағандары да болды. Тіпті бір жігітпен ұзақ сөйлесіп жүрдім. Ұнатып та қалған сияқты едім. Бірақ кездесуге өзі құлық танытпады. Бертінге дейін жазды да, жоқ болып кетті. Ондайлар көп қой деп ойымнан шығаруға тырыстым. Олардың бір ғана ойы бар. Түсінетін шығарсыз? – Иə. Қыз тағдыры оңай емес. Түсінемін қарындасым. Еңсеңді түсірме! – Түсірмеймін ғой. Өткенде үйге жөндеу жүргізген жігіттер де қылмыңдады. Жолатпадым. – Қандай жөндеу жұмыстары? Абылай елең ете қалған. – Екі ай бұрын үйдің ішін жөндеттік. Əкемнің əкесінен қалған көне баспана ғой. Тіпті тозып кетті. Сосын мамама айтып, интернет арқылы екі жігітті таптық. Олар екі аптада жұмыстарын аяқтап кетті. Таңертең келіп, қас қарайғанда қайтып жүрді. Бір іліктің табылғанын жақсылыққа жорыған Қайсенов қыздан жөндеу жүргізген жігіттердің түр-тұлғасын, аты-жөндерін, жастарын анықтады. Анасы екеуін шығарып салған бойда сержант Құлжановқа хабарласты. – Мақсат, жұмысқа жет! Тапсырма бар. – Құп болады, жолдас полковник. Мен жақын маңдағы ломбардтарды аралап жүр едім. Əрдайым жинақы, бойын тік ұстайтын, елгезек сержант көп кешікпеді. Абылай оған мəн-жайды ұғындырып, жөндеу жүргізген екі жігіт жайлы толық дерек жинап əкелу қажеттігін айтты. * * * Мақсат кеткен соң сағатына қараса кешкі жетіден асып кетіпті. Жұмыста жіпсіз байланғанша, жəбірленушілердің үйіне соғып, амандықтарын біле кетейін деп шешті. Гете көшесіндегі көп үй. Астана – астана болмай тұрып салынған көне аумақ. Іркес-тіркес тұрғыза берген. Қазір бұларды да ақырындап, шетінен сүре бастады. Ал тоналған үй дəл ортада орналасқандықтан, бұларды əзірге қөшіре қоймайтыны анық. Пойыздар гуілі, сарт-сұрт еткен темір жол дыбысы құлаққа талып жетеді. Осы көшенің маңында шаһардың көне вокзалы бар. Келсе қақпа жабық тұр. Ол əйелдің ұялы нөміріне звондады. – Бибіжар апа, қалыңыз қалай? Мен ғой Абылай Қайсенов. Тергеу бөлімінен. – А, айналайын, хал жақсы ма? – Шүкір. Сіздердің үйдің алдына келіп тұрмын. – Қазір, қазір ашады. Гүлнəр, есік аш. Бағанағы милиция жігіт кеп тұр. Үйдегі жарықтың бəрін жағып, сырттағы алқам-салқам қақпаны да мықтап жауып алған сияқты. – Қорықпай отырсыздар ма? – Қорықпағаны несі, інім-ау? Тамақ та ішпей зəреміз ұшып отырған жоқпыз ба? – Несіне қорқасыздар? Бір түскен ұры екінші рет оқиға орнына жоламайды. Соны естен шығармаңыз. Енді есікті айқара ашып қойсаңыз да сіздерді айналып өтеді. – Қайдан білейін. Əбден жүрегім шайлығып қалыпты. Кел, шай ішесің бе? Сен келгенге ұры табылды екен десем.
– Рақмет! Нан ауыз тиемін. Іздеп жатырмыз. Табылған күні өзіңізден сүйінші сұраймын. – Айтқаның келсін. Сүйіншіңді аямаймын, бауырым. – Қалжың ғой, апа. Біздің жұмысымыз күдіктілерді жəне сіздердің қолды болған заттарды табу. – Дегеніңе жет! Келгенің жақсы болды ғой. Мына Гүлнəр екеуміз тіл де қатыса алмай үрпиіп отырмыз. Бұл қыз дың қолынан телефон түспейді. Мен өзімді қоярға жер таппай. – Уайымдамаңыздар! Айттым ғой. Ұры бір түскен үйге кері айналып келмейді. – Соны айтқаның дұрыс болды. Көңілім орнына түсті. Бір үйде бір еразаматтың болғаны жақсы екен. Қалиханым ана жаққа кетіп қалмағанда, бізді ешкім басына алмас еді. Мына қыз да жөні түзу біреуді кіргізіп алмады. Отырысымыз мынау енді омалып. Үй иесі кемсеңдеп жылай бастады. Гүлнəр үнсіз басқа бөлмеге шығып кетті. Абылай апайды жұбатып, сабырға шақырды. Əңгімені басқа ауанға бұрғысы келіп: – Ремонтты қатырыпсыз, апа, – деді. – Е, оны ана Гүлнəр ғой. Жөндетейік, мүлдем ескіріп кетті деп жанымды қоймаған. Қыз бала емес пе? Өзім де күйеуім кеткелі айналама мəн бермей жүре беріппін. Қарасам көнеріпті əбден. Сосын адам жалдап жөндеттік, тəубə. – Дұрыс болған екен. Мен жүрейін. Сіздердің амандықты біліп, уайымдамай отырыңыздар деп көзбе-көз айтып кетейін деп келгем. Қажет болсам нөмірім бар. Кез келген уақытта қоңырау соғыңыз. Құстай ұшып жетемін. – Жарайды. Мың жаса, бауырым. Керек болсаң айтамын. Елеп-ескеріп жатқаныңа ризамын! Милицияның бəрі өзіңдей болсын. Рақмет! – Сау болыңыз! * * * Үйіне түнгі ондар шамасында келген Абылайды бəрі күтіп отыр екен. Папам келді деп жамырасып, жақсы болып қалды. Əсіресе кенжесі Еркеназ өзін қатты күтеді. Тоғызыншы сыныпта оқыса да, əкесіне ерекше ерекелейді. Келген бойда мойнына асылып, жанынан шықпайды. Əкелерінің ертерек келген беті. Жұмыста түнеп қалған күндері жиі. Оған отбасы мүшелері үйренген. Айша шай қойып, кешкі асқа дайындаған тамағын ысытып бəйек болып жатыр. Еркеназ еркелей түсті: – Папа, табиғат аясына шығайықшы. Қыстай үйде отырдық. Күн жылыды ғой. – Барамыз, қызым. Сенбі күні апарам. Қазір ұйықта, ертең ерте тұрасың? Сабағың қалай? – Жақсы. Бүгін біз əдебиеттен Кемел Тоқаев деген жазушының «Түнде атылған оқ» деп аталатын шығармасынан үзінді оқыдық. – Жарайсың, қызым! Ол бір керемет шығарма. – Сен де тергеуші болып жұмыс істейсің ғой? – Əрине. Ол біздің қызмет туралы жазылған. Қызының əдеби шығармаға назар аударып, өзімен талқылағанына масаттанып қалды. Жақында жазушы Арман Əлменбет деген жігіттің «Тергеуші» деп аталатын романын оқып шыққан. Таң қалды. Біздің жұмыстың ұңғылшұңғылын керемет меңгеріпті деп əріптестеріне айтып, əсерімен бөліскен. Бірақ олар онша мəн бере қоймады. Немқұрайлықтарына қынжылыңқырап қалды. Кəсіби əдебиетті ғана емес, кез келген саналы адам уақыт тауып, көркем шығармалар оқып тұруы тиіс емес пе? Жан дүниең толысып, рахаттанып қаласың. Өз бөлмесіне беттеген қызын маңдайынан иіскеді де, ас бөлмесіне кірді. Айшаның тағамының иісін сезгенде қарнының шын ашқанын түсінді. – Жұмысың қалай? Бүгін өзің жақсы көретін палауыңды əзірледім. – Орынша жұмыс. Сенен артық осы палауды ешкім де жасай алмайды. Ташкентке де барып жедім ғой. Бірақ сенікі тіл үйіреді. Рақмет, жаным. – Ас болсын! Ұлдар да сабақтарына барып келіп, ұйықтамай сені күтіп жүр еді. Ертерек келгенің дұрыс болды. Бүгін папа мен мамаға хабарласқам. Ол кісілер де шүкір. Сенбі күні балаларды ертіп үйге келіңдер деді. Нағашы əжеңнің қайтқан күні екен ғой. Құран оқытпақшы. – Дұрыс болды. Бұйырса барамыз. Ата-бабаның салт-дəстүрін ұмытпау керек. Балалардың да санасында сақталады. Əкем мен анамның ауылда отыра бермей Астанаға, өзімізге жақын маңға көшіп келгені қандай жақсы. Айтпақшы, жексенбі жігіттермен балыққа барамыз. Мына Қорғалжың жақта балық күшті түсетін жерлер тауыпты. – Жақсы. Қандай заттар дайындау қажеттігін ескертерсің. – Өзіңнің шаруаларың қалай? – Болады. Біздікі сол күнделікті бала қарау. Педиатр жетпей жатыр тіпті. Кезінде уақытша сол факультетті бекер жапты. Валя екеуміз күн ұзақ тапжылмаймыз. Вирус қатты жүріп жатыр дейді. Жөтелген, іші өткен ұл-қыздар көбейді. Асқындырып алғандарына ауруханаға жолдама беріп жатырмыз. Ол жақта кейде орын болмай қалады. Көктемде вирус та өршиді ғой. – Е, дұрыс. Өзіңді күт! Сенің де жұмысың оңай емес. Мен тынығайын. Таңертең жаттығудан кейін дереу жұмысқа кетемін. Таңғы асты буфеттен ішермін. * * * Ішкі істер бөліміндегі кеңсесіне таңғы сегіз жарымда келгенде сержант кабинеттің алдында күтіп тұр екен. – Саулығыңызды тілеймін, жолдас полковник. – Қайырлы таң! Мақсатжан, сен өзі ұйықтамайсың ба? – Ұйықтадым, жолдас полковник. – Жарайды. Кір, қандай жаңалығың бар? – Кеше тоналған үйге жөндеу жұмыстарын жасаған екі жігітті анықтадық. – Содан? – Ол екеуі Астанадағы Жеңіс көшесінде жатақхана жалдап тұрады екен. Қақ-соқпен шаруалары жоқ, бұрын істі болмаған азаматтар. – Қылмыс жасалған күні қалада болып па? – Маңыздысы осы. Ол екеуі тапсырыс алып, Қарағандыға шыға берістегі Жібек Жолы елді мекенінде жүріпті. – Қандай тапсырыс? – Жаңадан салынып біткен коттедждің ішкі əрлеуін жасап жатқандарына он күн болыпты. Сонда жатып, істейді. – Үй, бала-шағасы жоқ па? – Екеуі əскерден соң Астанаға келіп, жаңағы мен айтқан Жеңіс көшесінде жатақхананың бір бөлмесінде тұрады екен. Жалданып жұмыс істейді. Ата-аналары Ақмола облысының Целиноград ауданында тұрады екен. Толық тексердік. Қылмыс болған күні екеуі де Жібек Жолындағы жұмыс орындарында болған. Кеше кешкісін екеуімен жəне сол тапсырыс берген үйдің қожайынымен де сөйлесіп қайттым. Күдік жоқ. – Жарайсың. Ерінбей барып қайтқаныңа ризамын. Мен ремонт жасаған жігіттерден бір гəп бар ма деп елеңдеп қалып едім. Жазықсыз адамдарды қамап тастамағанымызға тəубə. Ондай қате жіберуден сақтасын. Іздеу шараларын жалғастыра беріңдер! Кез келген ақпаратты маған жеткізіп тұр. – Құп болады. * * * Бірде бір іліктің болмауы Абылайды шын алаңдата бастады. Қайтпек керек? Зымыраған уақыт. Тонау болған күннен бері де бес күн өте шықты. Бұл тонау дан басқа өзге де ірілі-ұсақты істер қатар жүріп жатыр еді. Олардың арасында адам өлімі де бар. Көбісі тұрмыстық жанжалдан туындаған. Ішіп алып сөзге келеді, сөйтіп пышаққа жармасады. Ондайлар ұзаққа бармай тез əшкереленеді. Ашылған қылмыстық істерді прокуратураға жолдап, басқа істерді де қаперден шығармау маңызды. Ойланып келе жатқанында əріптесі Абай Қайратұлымен кездейсоқ ұшырасып қалған. Ол да полковник. Басқа басқармада қызмет етеді. Кезінде талай істі бірге ашқан, қызметте жолдары жиі түйіскен көзкөрген азамат. Абылайды көргеніне шын қуанып, құшақтай алған. Сосын: – Сені көрсем Қасым Қайсеновтың тұлғасы елестейді көзіме. Сол қаһарман партизандай дегеніңе жетпей қоймайтының ұнайды. Не жаңалық? – Абеке, біздікі күнделікті күйбең ғой. Абылай жолдасымен сыр бөлісіп, тоналған екі əйел туралы қысқаша мағлұмат берді. Абай досы ақыл қосты. – Сен жəбірленушілердің туыстарын, таныстарын, араласатын ортасын зерттеген екенсің. Телефонмен кімдермен байланысқанын да бақылап көрші. Өзін тау тұлғалы Қайсеновпен салыстырған əріптесіне іштей риза болып, шын қанаттанып қалған. Əріптестің кеңесі де ұнады. Бұрын қарақшылық шабуылдар үшін сотталған адамдар, қылмыстық топ өкілдері тіпті үйсіз-күйсіз жүрген жандар мен сол күні тонау болған аумақта жүрген такси жəне жеке көлік жүргізушілері толық тексерілді. Қаланың ломбардтарында, зергерлік дүкендері мен көлеңкелі базарларынан ұрланған бұйымдар табылған жоқ. Полковник əріптесі Абай Қайратұлының кеңесі бойынша жəбірленушілердің байланыс нөмірлеріне түскен қоңыраулар да қайта сұрыпталды. Биллингтік жүйе арқылы оларға түскен SMS хабарламаларға дейін тексерілген. Ешқандай ілік табылмаған жағдайда істі архивке жіберіп, жылы жаба салуға болатын еді. Алайда Абылай тоқтамауға бекінген. «Тергеуші – кез келген ашылмаған іске нүкте қоймауы қажет», – деген қағидасы бар. * * * Сенбі күні ата-анасының үйінде болып, нағашы əжесін еске алып, дастарқан басында құран бағыштады. Ата-анасымен арқа-жарқа əңгімелесіп, өткен-кеткенді еске түсіріп шын сергіді. Ұлы мен келінінің, немерелерінің келгеніне үлкен кісілер де жадырап қалған-ды. Əкесі Əзімхан көп сөйлемейтін біртоға кісі. Жұмсақ үнмен, сабырлы қалыпта ақылын айтады. – Жұмыс-шаруаң дұрыс болар? Қазір бастық болдың. Жауапкершілік жүгі де жеңіл емес. Қауіп пен қатері де көп. Мына шешең екеуміз алаңдаймыз соған. Өзім де осы салаға бар деп кішірек кезіңнен санаңа құя беріппін-ау. Кейде өкінемін соған. Ғалым, құрылысшы, спортшы сияқты қаншама мамандық барын ескермеппін. Сақ жүр. Əділеттің ақ туын төмен түсірме. Ең бастысы – абыройға дақ түсіріп алудан сақтан! – Əрине, əке. Бəрі ойдағыдай. Сіздер уайымдамаңыздар. Денсаулықты күтіп, дұрыс тамақтанып жүріңіздер. Көмек қажет кезде хабарлассаңыздар болды. Бізбен бірге тұрсаңыздар тіптен керемет болар еді. Сөзге анасы араласады. – Жарығым сол. Жанашыр жүрегіңнен айналдым. Бізді жау алады деймісің. Əкең екеуміздің сендерге масыл болмай бөлек отырғанымыз ыңғайлы. Ас-суымызды əзірлей алатын жастамыз ғой. Өзіңе абай бол! Ана жұмысыңда ешкімге қиянат жасама. Зауал, қарғыс дегендер оңдырмайды ешкімді. – Жарайды, апа. Сіздердің осылай отырғандарыңыздың өзі бізге қуат береді. – Құлындарым, тілеулеріңді тілеп, Құдайға күніне мың мəрте тəубе деймін. * * * Ата-анасынан қайтып бара жатқанда Гете көшесінің тұсынан өткен. Апта басында осы жердегі үйдің бірі тоналғанын, істің қиындап, тығырыққа тіреліп тұрғанын тілге тиек етті. Тіпті тоналған кісілердің телефондарын түгел тексерілгенін айтып келеді. Əйелі Айша онша мəн берген жоқ. Абылайдың кейде ойланып отырып, күбірлейтінін, қолына қалам алып, қағаз шимайлап, бөлмеде ерсілі-қарсылы жүретінін біледі. Жұмысына сонша беріліп кететінін онша ұнатпайды. Кіші ұлы Қасым мен қызы Еркеназ демалыста атам мен əжеміздің жанында боламыз деп қалып қойған. Машинада жанында отырған тұңғышы Медғат тіл қатты. – Пап, сонда телефонды қалай тексереді? – Енді жəбірленушілердің кімдермен сөйлескенін, жазысқанын тексеріп, күдіктілерді анықтаймыз кейде. Тонағандар алыстан келмеген сияқты. Бірақ қармаққа ілінетін дым болмай тұр. – Кімдермен сөйлескендерін ғана емес, əлеуметтік желілердегі аккаунттарын да шолып шығыңыздар. – Сонда қалай, балам? – Оларға хабарласқан белгісіз абоненттердің қандай желілерге тіркелгенін, тоналған кісілермен байланысты ма, жоқ па, соны бір қарап шықсаңыздаршы. – Мынауың ақыл екен. Болашақ интернет мамандарының қолында деген рас екен-ау. Ұлы Медғат Астанадағы ІТ университеттің соңғы курсында білім алып, қосымша Цифрлық шешімдер орталығында жұмыс істейтін-ді. Абылайдың жанарынан үміт сəулесі ұшқындап, қуанып кетті. Көлігін қойып, кеш те болса сержант Құлжановқа хабарлама жазды. Ертең демалыс екенін ескеріп, дүйсенбі таңертең тапсырма беруге болар еді. Мақсат та ойлана жүрсін деген. * * * Жексенбінің таңында Астанадан жетпіс шақырымдай жердегі Сабынды ауылының тұсындағы Нұра өзенінің жағасына жайғасқан. Абылайдың жолдастары отын жинап, мангал мен қазан орнатып жатты. Ұлы Медғат самаурын қайнатуға кіріскен. Абылай қолына қармағын алып, асықпай құрастырып, ілмектерін реттей бастады. Балықты кейбіреулер сияқты аумен емес, асықпай қармақпен аулағанды жаны сүйеді. Қармақпен балық аулаудың пайдасы да ұшан-теңіз екенін оқығаны бар. Су жағасында қармақ ұстап, мүлгіп отыру жүйкені тыныштандырып, ойыңды жинақтауға сеп дегенді Айша да жиі айтады. Қанша дегенмен дəрігер ғой. Ойың бөлініп, бір сəтке тынығып, миың сергіп қайтатын болдың ғой деп күйеуінің балыққа барар күні қуанатыны сондықтан болса керек. Ес біліп, қызметке араласқалы пышаққа түскен, соққыға жығылған, түрлі тəсілдермен ажал құшқан мəйіттерді көрді. Бұл адам психикасына салмақ салатынын кімге түсіндіресің? Төрт аяқты хайуаннан екі аяқты адам қауіпті дегенге мың мəрте көзі жетті. Талай жауызбен бетпе-бет келді. Өзінің де жарақат алған сəттері бар. Соның бəрін осы балық аулау жуып-шайып жібермесе де, арқасын жазып, кеудесін керіп тынығуына сеп болады. Асықпай аққан Нұраның жағасында қармағын суға салып отырған полковник Қайсеновтың ойы сонда да бөлінбеді. Балықты емес күдіктіні қармаққа қалай түсіруге болатыны жайлы ойша жоспар құрды. * * * Абылайды кабинетінің жанында əдеттегідей Құлжанов күтіп тұрған. Жəбірленушілердің туыстары, достары мен көршілерінің байланыс нөмірлерін толық тізімге алыпты. Əлеуметтік желідегі аккаунттарының да өзара байланысын тексерген. Абылай сержанттың пысықтығы мен ұқыптылығына разы боп қалды. – Жарайсың, Макс. Енді тереңірек анықтауымыз керек. Цифрлық іздерді одан əрі талдау барысында жəбірленушілердің бірі Гүлнəр Өмірғалиеваның абоненті арқылы əлеуметтік желідегі бейтаныс аккаунтпен сөйлескені анықталды. Бейтаныс аккаунттың нөмірі тик-ток желісіне тіркеліпті. Сол аккаунт Гүлнəрмен хабарлама алмасқан. Бейін ақпаратқа сəйкес, аккаунт иесі тонау болған күні Астанадан тыс жерде яғни Алматыда болған. Абылай хат-хабарларды, фотосуреттерді, мінез-құлық ерекшеліктерін мұқият зерттей бастады.
Полковниктің есіне Гүлнəрмен оңаша тілдескен сəті түсті. Сол кезде ол əлеуметтік желі арқылы жазатындардың жеткілікті екенін, арасында ұнағандары да болғанын, бір жігітпен ұзақ сөйлесіп жүргенін айтқан-ды. Бірақ оның кездесуге құлық танытпағаны, бертінге дейін жазып жүріп, жоқ болып кеткені бекер болмады ғой. Аккаунттағы жігіт жеке парақшасына жымиып тұрған суретін орналастырыпты. Есім-сойы Ержан Алмасханов екен. Жасы 30-35 жас аралығында. Бірақ туған жылын көрсетпеген. Оны тик-токқа тіркелген нөмірі арқылы білді. 31 жастағы Еламан Сабырбеков деген азамат. Алматы облысында дүниеге келген. Үйленбеген. Мектеп бітірген соң оқымаған. Отарда əскери борышын өтеп келген соң, ресми жұмыс істемеген. Бұрын сотталмаған. Бұл жайтты Гүлнəрға айтудың қажеті жоқ. Өйткені толық дəлел жоқ. Болжам ғана. Кешкісін үйіне барған соң Абылай ұлы Медғатпен тағы ақылдасты. – Балам, өткенде сенің айтуың бойынша жəбірленушілермен байланыс орнатқан, хат алмасқан аккаунттар тексерілді. Біреуі бойынша күдік бар. – Айттым ғой, пап. Енді не істемек ойыңыз бар? – Ол содан кейін тик-токқа тіркелген нөмірімен ешкіммен сөйлеспеген. Тик-токқа да бірнеше суретінен басқа ештеңе жүктемеген. Суреттерінде қымбат көліктің жанында тұр, дизайны көркем кеңседе креслода отыр. Шетелде саяхаттап жүр. – Демек, ол сол арқылы қолайлы келіншектерді қармағына түсіріп отырған. Менің ойымша оған бейтаныс аккаунт арқылы хат жазу қажет. Бəлкім өзі құрған қармақты өзі қауып қалар. – Кімнің жазғаны дұрыс? – Мүлдем бейтаныс нөмірге, жалған аккаунт құрып, тик-токқа бір бүркеншек келіншектің атынан тіркеліп, суреттерін жүктеңіздер. Өмірде жолы болған, ештеңеге мұқтаж емес адамның образын қалыптастырған жөн. – Түсіндім. Сенің интернет маманы болып оқығаныңның пайдасы тигенін қарашы. – Пап, ол тіптен күрделі емес. Қазір жас балалар да білетін оңай механизм. – Соны қаншама жыл тергеу бөлімінде істеген мен білмей отырмын ғой, – деп Абылай желкесін қасыған болып күлді. Ұлы əкесіне көмектескеніне шын қуанғанын білдіріп, алақанын тосты. Əкесі де Медғаттың алақанын өз алақанымен сарт еткізіп, баласын мейірлене құшағына қысты. Жұмысқа барған бойда басқарманың байланыс бөлімінде істейтін жігіттерді жинап, тапсырма берген. Олар да мəселенің мəн-жайын бірден түсініп, жымың ете қалысты. Сосын ешқашан қолданылмаған смартфонға белгісіз нөмір салып, оған тик-ток құрылғысын жүктеп, Жəмилə Жұмағұлова деген ойдан шығарылған есім қойып аккаунт жасады. Енді сурет қажет. Ол мəселе де жылдам шешімін тапқан. Басқармада Ішкі істер министрлігіне қарас ты Семей заң колледжін тəмамдап келген Алуа деген жаңа қызметкер жұмыс істей бастаған-ды. Өзі қарасаң көзің тоятын көрікті, қасы-көзі қап-қара, ашаң жүзді, ұзын бойлы қыз. Соны шақырып, шұғыл-іздестіру шараларына көмегі қажет екенін айтты. Алуа да қарсыласқан жоқ. – Онда мен инстаграмдағы өз аккаунтымдағы суреттерімді өшіріп тастайын. Атым емес, суреттерім ғана керек емес пе? Тик-токқа тіркелмегенмін, – деді. – Жарайсың! Полициядағы қызметкерлердің бəрі қызметіне сен сияқты жанашырлықпен қарағаны дұрыс. Артымызда сенімді ізбасарлар өсіп келеді екен. Күдікті қармаққа іліккен соң, суреттеріңді де, аккаунтты да жоямыз. – Келістік, жолдас полковник. Абылай басқармадағы заттай айғақтар сақталатын бөлмеден, Алуаға келеді-ау деген киімдер мен бағалы, бренд дүниелерді алдыртты. Криминалистердің бөлімінде істейтін фотографты шақыртып құпия қызметкерді əртүрлі образда суретке түсіртті. Сосын гаражда қамауда тұрған қымбат бір көліктің руліне отырғызып та əдемі сурет жасатты. Гүлнəр Өмірғалиеваның да аккаунтын қарап шыққан. Ол да алтын саудасымен айналысатын ата-анасының арқасында жақсы киініп, дүниенің біраз түкпірін аралағаны көрініп тұр. Парақшасында түрлі сурет бар. Абылай мырс етіп күлген. Ақшаны бос шаша бермей, үйіне бейнекамера орнатып, күзет агенттігімен келісімшарт жасап қоймай ма одан да. Бəрі дайын болғасын, байланыс бөліміндегі қызметкер смартфонды Абылайдың қолына ұстатты. Абылай аккаунтты ашып, Ержан Алмасхановқа не деп жазарын ойланып отырып қалды. Ойында күдіктіні тезірек қармаққа ілу ғана. Іштей бұл операцияны «Қармақ» деп атауды ұйғарған. Ұлы Медғат қандай ақылды. Өзі құрған қармақты өзі қауып қалар дегені естен кете ме. Содан ойдан шығарылған статист Жəмилəнің атынан Ержанға алғашқы хабарлама жөнелтілді. – Қайырлы күн! Менің есімім Жəмилə. Сіз де жақында Египетте болған екенсіз. Дəл мен сияқты саяхаттағанды ұнататын сияқтысыз. Қармақ тасталды. Енді күту керек. Абылай жазуын жазып алғанымен, тыпыршып бір орында байыз тауып отыра алмай кетті. Байланыс бөліміндегі жігіттер жəбірленуші Гүлнəр мен күдікті Ержанның өзара жазысқан хабарламаларын алдыртқан. Олар да дереу шығарып берді. Бастапқыда күмəн тудыратын ештеңе байқалмаған сияқты еді. Қарапайым ғана хат алмасу. Сəлем, жасың нешеде, Түркияға қашан барып едің дегеннен аспайды. Сосын тереңдей түскен. Кіммен тұратынын, тіпті руына дейін немқұрайлы сұрағандай болған. Шын көңілі бар адамның кейпін жасаған. Гүлнəрдің анасымен ғана тұратынын, əкесінің қайтыс болғанын, күйеуге тимегенін, баласының, оны айтасыз ауласында итінің бар-жоғын да анықтапты. Ақыры қандай кəсіппен айналысатынын, Астананың қай ауданында тұратынын біліпті. Жақында Астанаға келетінін, кездесіп, дұрыстап əңгімелесуді қалайтынын жазады. Гүлнəрдың да ойында дəнеме болмай, өзін зерттеп отырған адамға тұрмыс-тіршілігін жайып салыпты. Тіпті гүл жіберемін дегенге иланып мекенжайын жазып жіберген. Бүркеншек Жəмилəнің атынан хат жолдаған Абылайға Ержан сол күні жауап бермеді. Екі күннен кейін түн ауа жауап келді. – Сəлем, сұлу қыз. Иə. Мен жалпы саяхатқа жиі шығамын. «Қармаққа ілінді» деп ойлады полковник. Осы істі өзі емес, сержантқа тапсыруға болар еді. Алайда күдіктіні үркітіп алмай, абайлап, асықпай қимылдау қажет. – Тамаша. Астана күздің кезінде тым сүреңсіз күйге еніп, көңіл-күйімді түсіреді. Сол себепті жұмысты реттеп, шет елге шығып кетуге тырысамын. – Шетелге жалғыз шықпай, сенімді серікке ере барған дұрыс. Студенсіз бе, əлде жұмыс істейсіз бе? – Оқуымды бітіргем. Қазір жеке кəсіппен айналысамын. Өзімнің бутигім бар. Мені ерте кететін серік жоқ. – Мен де жеке кəсіпкермін. Бастыққа елеңдеп, жұмысқа ерте барып, кеш қайтатындарды түсінбеймін. Серік қажет болса жүрміз ғой. – Сіз қай қалада тұрасыз? – Мен Алматыданмын. Астанаға іскерлік кездесулермен жиі барып тұрамын. Жақын танысуға келіссеңіз, келесі бір барғанымда кездесіп шай ішелік. – Ойланып көру керек екен. Мен сізді мүлдем танымаймын ғой. Шақырғанда шауып баратын қыздардың қатарынан емеспін. – Өз еркіңіз. Өзіңіз ай десе – аузы бар, күн десе – көзі бар сұлу екенсіз. – Қайдам. Жігіттердің бəрі бірбірінің аузына түкіріп қойғандай көркем сөзге шешен. Іске келгенде жауапкершіліктен қашып кетеді. – Біз ондайлардың қатарынан емеспіз. Сөзіме сенбесеңіз өзіңіз білесіз. Абылайдың ойы сан-сақты шарлайды. Күдіктімен Жəмилə болып хат жазысуы сəтінде психологиялық кітаптардан оқығаны да септігін тигізіп жатқанын сезеді. Өзге де қат-қабат істердің арасында біреумен қыз болып сөйлесуге осынша төзім керек екенау. Жұмыс уақыты аяқталған соң да осыған ұқсас бұрын жабылған істерді парақтайды. Желкесі бүріп ауырсынды. Шаршағанын білмей жүре беруді қою керек. Айша да өзіңді күтші, ұйқыңды дұрыста деп ренжігені есіне түсті. Таңда жүгіріп жүрсе де, шай ішіп отырса да ойынан күдіктімен арадағы əңгіме шықпайды. Өзі бірінші жазбайды. Көбіне байланысқа Ержан шығады. Звондамайды, демек дауысын естігенін қаламаса керек. Хат алмасып жүргендеріне бір айдан аса уақыт өтіп кетіпті. Өйткені қолындағы жаңа смартфонға тик-ток құрылғысы жүктелген. Виртуалды достарының арасында сонымен ғана жазысады. Қолдан жасаған аккаунтқа сол желіде отырған көптеген жігіт жазады. Алайда бірде біріне жауап бермейді. Ержаннан хабарлама түссін. – Жəмилə, қайырлы күн! Мен Астанаға келдім. Уақытыңыз болса күндіз кездесейік. Нұрсаядағы «Наватта» күндізгі бірде күтемін. Абылай абдырап қалды. Бұл кездесуден қашатын еді, неге кездескісі келді екен. Мақсатты шақырып ақылдасты. Сосын Алуамен тілдесіп, күндіз əдемі киініп, «Нават» мейрамханасына баруы керек екенін айтты. Ержан екеуінің жазбаларын көрсетті. Алуа о баста шоршып түскен. – Жолдас полковник, менің шаруам көп. Бастықтың тапсырмасына көміліп отырмын. Қалай барамын? – Түк етпейді. Бұл шұғыл тапсырма. Өткенде суретке түскен киімдеріңді осы жерден аласың. Басшыға өзім түсіндіремін. – Онымен не туралы əңгімелесем? Біліп қойса ше? – Ешкім білмейді. Тасалау тұсқа отыр. Жазған хаттарын көрдің ғой. Сыр алдырма. Біз сырттай бақылаймыз. Ақыры Алуа келісіп, күндізгі кездесуге барды. Алайда екі сағат күткен қызбен кездесуге ешкім келмеді. Кешке Ержан хабарлама жазды. – Жəмилə, кешіріңіз, бүгін кездесуден босай алмай Алматыға ұшып кеттім. Келесі жолы арнайы сіз үшін уақыт табамын. – Сізге ренжідім. Өмірімде жігітті күтіп көрмеген екем. Маған ешқашан жазбаңыз! – Құдай үшін, ренжімеңіз! Сізге деген көңілім бөлек. Болашақ жарым өзіңіз болсаңыз менен бақытты адам болмайды. Астанадағы мекенжайыңызды жіберіңіз. Айыбымды жуыпшаю үшін гүл шоқтарын жөнелтейін. – Жауапсыз, күттіріп қоятын адаммен өмірімді байланыстырғым келмейді. Абылай күдіктінің қармаққа анық іліккенін сезді. Ол Гүлнəрға да гүл жіберемін демеп пе еді. Бір айғақ бар. Жəмилəнің да қалада жалғыз тұратынын, ата-анасы мен бауырларының Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданын мекен ететінін сөз арасында біліп алған. Ойдан шығарылған Жəмилəға гүл жібермек болып үйіне түспекші ғой. Абылай дереу жиналыс өткізіп, шаһардың Сығанақ көшесіндегі арнайы əзірленген үйде күдіктілерді қолға түсіру операциясына қамдану қажеттілігін айтты. Ол үшін Алуа сол үйде біраз уақыт тұру керек. Өйткені олар Жəмилə берген мекенжайды торуылдап, зерттеуі мүмкін. «Қармақ» операциясы туралы генералға баяндады. Алуаны уақытша жұмыстан босатып, арнайы əзірленген пəтерде тұра тұруын қамтамасыз ету керектігін де айтты. Генерал үнсіз отырып қалды. – Ол қыз жұмысқа енді орналасқан. Сенімдісің бе, Қайсенов? – Жолдас генерал, ол өжет, мықты қыз. Біздің саланың мамандарындайын дайтын арнайы оқу орнында оқыған. – Білемін. Семейдегі заң колледжі. Біздің министрлікке қарасты мекеме ғой. Абайлаңдар! Жас қыз жазым болып жүрмесін. – Құп болады, жолдас генерал. Жас қыз болғанда ол өзіміздің əріптес қой. Ал біз əріптестерімізді жау қолында қалдырмаймыз. – Іске сəт, Абылай. Операция барысын маған жеткізіп отыр. * * * Ержанмен хат алмасқан Жəмилə, біраз күн бұртиған болды да мекенжайын жазып жіберді. Ол екі аралықта Сығанақ көшесінің бойында полиция арнайы операция үшін жалдаған зəулім үйдің екі бөлмелі пəтері де дайын болды. Алуа формасын шешіп, сəнді көйлегін киіп, сол пəтерден таңертең «Хан шатыр» сауда орталығына барады. Кешке дейін бутик аралап, кофе ішіп, қас қарая үйге қайтады. Алуаның қауіпсіздігін сырттай бақылаған үш қызметкер үйдің ауласында жəне сауда үйінің ішінде қызды аңдып жүрген бір жігіттің барын көрді. Ал Абылай мен Мақсат жалдамалы пəтердің ішінде күткен. Ержаннан келетін хабарламаны күтті. Екі күн бойы тым-тырыс. Үшінші күні таңғы жетіге таман есік қағылды. Ояу отырған үш полицей демдерін ішіне тартты. Алуа асықпай есікке тақады. Полковник пен сержант та тапаншаларын əзірледі. Абылай арнайы топ басшысына хабарлама жазып үлгерді. Олардың «Газель» көлігі келесі үйдің ауласында елеусіз ғана тұрған. Пəтерге үш минутта жетулері тиіс. – Бұл кім? – Сізге гүл беріп жіберіп еді. – Кім? – Білмеймін. Мен жай ғана тасымалдаушымын. – Қазір, халатымды киіп алайын. Есікті Абылайдың өзі ашты. Беттеріне шаңғышылардың маскасын киген екі жігіттің бірі қолына гүл емес, жалаңдаған қанжар ұстап алыпты. Қыздың орнына Абылай шыға келгенде абдырап қалды. Артқа шегінетін жол жоқ болатын. Арнайы топ та жетіп үлгерген. Олар сөзге келмеді. Қап-қара спорт киімін киген екеуін сол жерде жерге жатқызып, қолдарын қайырып, кісендеді де тастады. * * * Операция сəтті аяқталды. Басқармаға келіп күдіктілерден кезек жауап алған полковник Қайсенов мəн-жайды толық анықтады. Сол күні Абылайдың Алматыдағы əріптестері хабарлама жазғыш Еламан Сабырбековты де қолға түсірді. Ол екеуі де арнайы Алматыдан келіп кетеді екен. Үйіне тығылып алып, ұсталған екеуге бағытбағдар сілтеп отырған өтірік Ержанның тағы да қандай қылмыстарға қатысы барын анықтау қажет. Ал Бибіжар Меңдіғалиева мен қызы Гүлнəр Өмірғалиевадан алып кеткен алтынның жартысын Алматыдағы «Көк базар» маңында жүретін сығандарға сатып үлгерген. Бір миллион теңге табылмады. Генерал Абылайға жəне бөлімдегі полицейлерге алғыс айтты. Осы операцияда жас та болса, маңызды рөл атқарған Алуаға гүл сыйлады. – Қайтпас қайсар Қайсенов, жарайсың! Бəріңді де марапатқа ұсынамын. Ал Алуаны сендердің бөлімге ауыстыру керек шығар. Келешекте ойланамыз. Өркенің өссін! – Қазақстан Республикасына қызмет етемін! Рас. Бұл Алуа үшін де есте қаларлық, əрі өте жауапты тапсырма болатын. Семей заң колледжінің жас түлегі өз міндетін мүлтіксіз атқарып шықты. Абылай жұмыстан соң құстай ұшып үйіне бара жатты. Ертең демалыс. Таңғы жаттығудан соң отбасын алып, ата-анасын ертіп табиғат аясына шықпақшы. Қызы Еркеназға уəде бергелі қашан…
Мирас МҰҚАШ


