Қазақстан Республикасының Судьялар одағы қоғамда өзінің орнын айшықтаған, сот саласының жұмысын жандандыруға серпін беріп, судьялардың тәуелсіздігі мен мәртебесін көтеруге ықпал еткен беделі биік, бірегей құрылым. Судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіптік одағы ретінде қызмет етіп келе жатқан бұл ұйым 1996 жылы құрылып, жұмысын бастаған болатын. Міне содан бергі отыз жыл ішінде Судьялар одағының бастамасымен жүзеге асқан жұмыстардың ауқымы кең.
Ең алдымен бұл құрылымды судьялар мен сот қызметкерлерінің ғана емес, зейнеттегі, доғарыстағы сот ардагерлерінің мүддесін қорғайтын, мәселесін реттейтін пәрменді қоғамдық бірлестік ретінде мойындауымыз керек. Осы ұйымның үйлестіруімен ардагер судьялар еңбегі үнемі дәріптеліп, аға буын мен жас буын арасындағы сабақтастық үзілмей келеді. Сонымен бірге ардагер судьялар соттағы тәлімгерлік мектептің де жандануына, жас судьялардың шеберлігін шыңдауға үлес қосып отыр.
Судьялар одағы дегенде келесі бір еске түсетіні – судьялардың білімін жетілдіріп, біліктілігін көтеруге бағытталған шеберлік сабақтары, арнайы семинарлар мен дәрістер. Судья болу үшін заңгерлік білімнің болуы жеткіліксіз. Сондықтан одақ жас судьялардың тәжірибесін жетілдіруге айрықша көңіл бөледі. Әрі мұндай дәрістер сот саласында жемісті еңбек етіп, болашақта судья болсам деген мамандардың талабын ұштауға, саладан өз орнын тауып, арманын шындыққа айналдыруға да мүмкіндік береді.
Одақтың келесі бір жұмысы – судьялардың кәсіби этика нормаларын бағдар етіп, сот беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерден сақтандыруды көздейді. Соған орай одақтың мұрындық болуымен судьялардың Әдеп кодексі дайындалып, бұл құжат сотқа деген сенімді нығайтудың кепіліне айналған.
Судьялар одағының мұрындық болуымен жыл сайын өткізілетін спартакиаданың да ұжымның бірлігін арттырып, қызметтен тыс уақытта әріптестік байланысты жандандыруға септігі тиіп келеді. Осы спартакиадалардың арқасында судьялар спорттың белгілі бір түрімен сындарлы түрде айналысып, командасын жеңіс тұғырына көтеруге бар күш-жігерін жұмсауда. Әрі мұндай сайыстар судьялардың салауатты өмір салтын ұстанып, спорттан қол үзбеуіне де стимул болып отыр.
Судьялар одағы дегенде әр төрт жыл сайын өтетін республика судьяларының съездері туралы айтпай кетуге болмайды. 1996 жылдан бүгінгі күнге дейін тоғыз съезд өткен екен. Осы съездердің бәріне Мемлекет басшысының арнайы қатысып, сот жұмысына қатысты пікір білдіруі, сот саласы бағдар етер нақты тапсырмаларды белгілеуі қалыпты үрдіске айналған. Бұл да болса Президенттің сот саласы мен судьялар қызметіне деген құрметін білдірсе керек.
Бүгінде дейін өткен тоғыз съезде көптеген заңдар мен кодекстердің дайындалып, қабылдануына бастама көтеріліп, сот-құқықтық реформа, судья кадрларына қойылатын талапты күшейту және сот жүйесіне деген сенім деңгейін нығайту, Судья әдебі нормаларын жетілдіру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алумен байланысты проблемаларды шешудің тетіктері сарапқа салынды.
Сот жүйесін реформалау – съездің басты тақырыбы. Осы реформа шеңберінде қаншама бастама жүзеге асырылды. Бұған съезд мінберінде айтылған ұсыныс-пікірлердің негіз болғаны ақиқат. Жалпы съезді өткізу, съезге келетін делегаттарды іріктеу, съезд мінберінде талқыланатын тақырыптарды таңдауға да ерекше назар аударылатынын айта кеткеніміз жөн. Өйткені төрт жылда бір рет өтетін жиын республиканың түкпір-түкпіріндегі судьяларды бір алаңға жинап, ортақ мәселелерді таразылауымен құнды. Делегеттар мен талқыланған тақырыптарды сүзгіден өткізу съездің маңызын арттырып, мәртебесін биіктету үшін керек.
Осыдан көріп тұрғанымыздай Судьялар одағы қолға алған жобалар мен жұмыстардың осалы жоқ. Отыз жылда саланы жаңа белеске көтерген бұл игілікті істер алдағы уақытта да жалғаса берері даусыз.
Индира КУМЫСБАЕВА,
Түрксіб аудандық соты əкімшісінің басшысы
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ


