2026 жылғы 29 сәуір күні Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада «Қазақстан Республикасының Конституциясы – ел тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып өткізілді. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Конституциясының қоғамдағы рөлін жан-жақты талқылау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтық жауапкершілікті нығайту болды.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсімінен кейін модератор Берік Ағыбаев кіріспе сөз сөйлеп, Конституцияның мемлекет тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің негізі ретіндегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, Ата Заңның қоғамдағы әділеттілік пен теңдікті қамтамасыз етудегі орнына ерекше тоқталды.

Дөңгелек үстелге қоғам және ғылым саласының өкілдері, заңгерлер, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушылар қатысты. Атап айтқанда, Абай атындағы ҚазҰПУ-ның профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ғани Меңлібаев, қоғам қайраткері Ғабиден Жакей, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Болат Құрымбаев, заң саласының маманы Камшат Есмұхамбетқызы және мектеп оқушылары қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Негізгі бөлімде қатысушылар Конституцияның тарихи маңызы, оның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлі, сондай-ақ жастардың құқықтық тәрбиесіне әсері жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады. Ғани Меңлібаев өз сөзінде Конституцияның тарихи даму кезеңдеріне тоқталып, оның ел тәуелсіздігін нығайтудағы маңызын ғылыми тұрғыда негіздеді. Болат Құрымбаев пен Камшат Есмұхамбетқызы құқықтық мәдениетті қалыптастыру және заңға құрметті арттыру мәселелерін көтерді. Ғабиден Жакей азаматтық қоғамның дамуы мен құқықтық сана қалыптастырудағы қоғамдық ұйымдардың рөліне тоқталды.
Іс-шара барысында оқушылардың қатысуымен патриоттық әндер мен күйлер орындалып, рухани-мәдени мазмұнмен толықтырылды. Бұл өз кезегінде жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, іс-шараның тәрбиелік мәнін күшейтті.

Пікірталас бөлімінде қатысушылар Конституцияның қоғамдағы рөлі, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру жолдары және заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша өзара пікір алмасты. Қатысушылар тарапынан нақты ұсыныстар айтылып, тәжірибелік маңызы бар ойлар ортаға салынды.
Іс-шара соңында кітапхана жетекшісі Қадырбекова Балнұр Асқарқызы қорытынды сөз сөйлеп, Конституцияның маңыздылығын, кітап пен білімнің рөлін атап өтіп, жастарды отансүйгіштікке, құқықтық мәдениетке тәрбиелеу қажеттігін баса айтты.
Қорытындылай келе, «ҚР Конституциясы – ел тірегі» атты дөңгелек үстел жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қойылған мақсат-міндеттер толық орындалды. Іс-шара барысында қатысушылар тарапынан мазмұнды пікірлер айтылып, өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Іс-шара соңында белсенді қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, жиын жоғары деңгейде өтті деп бағаланды.


