Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту – маңызды стратегиялық бағыттардың бірі. Осы тұрғыда құқықтық саладағы терминологияны мемлекеттік тілде қалыптастыру ерекше өзектілікке ие. Себебі заң тілі – қоғамдағы құқықтық қатынастарды реттейтін негізгі құралдардың бірі, ал оның түсініктілігі мен нақтылығы құқықтық мәдениеттің деңгейіне тікелей әсер етеді.
Құқықтық терминологияны қалыптастырудағы басты мәселелердің бірі – терминдердің бірізділігінің болмауы. Көптеген құқықтық ұғымдар әртүрлі құжаттарда әрқалай аударылып, түрлі нұсқада қолданылып келеді. Бұл өз кезегінде заңдарды түсінуде қиындықтар туғызады және құқық қолдану тәжірибесінде қайшылықтарға әкелуі мүмкін.
Екінші маңызды мәселе – шет тілдерінен енген терминдерді дұрыс бейімдеу. Құқық саласында орыс және ағылшын тілдерінен енген сөздер көп кездеседі. Оларды қазақ тіліне аудару барысында кейде мағынасы дәл берілмей, терминнің мазмұны бұрмаланып жатады. Сондықтан әрбір терминді аударғанда оның құқықтық мәнін сақтай отырып, ұлттық тілдің ерекшеліктеріне сай келтіру қажет.
Сонымен қатар, құқықтық терминдерді қалыптастыруда ғылыми негіздің жеткіліксіздігі де байқалады. Терминдер кейде жүйесіз түрде енгізіліп, олардың ғылыми сараптамасы толық жүргізілмейді. Бұл терминологияның тұрақсыздығына және уақыт өте келе қайта өзгеруіне себеп болады.
Тағы бір мәселе – мамандардың тілдік және құқықтық даярлығы. Құқық саласында қызмет ететін кейбір мамандар мемлекеттік тілді жеткілікті деңгейде меңгермегендіктен, қазақ тіліндегі құқықтық терминдерді қолдануда қиындықтарға тап болады. Бұл ресми құжаттардың сапасына әсер етеді.
Аталған мәселелерді шешу үшін бірқатар шаралар қажет. Ең алдымен, құқықтық терминологияны жүйелеу және біріздендіру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Арнайы терминологиялық комиссиялар мен ғылыми орталықтардың рөлі күшейтілуі қажет. Сонымен қатар, заң мәтіндерін әзірлеуде кәсіби тіл мамандары мен заңгерлердің бірлескен жұмысы маңызды.
Мемлекеттік тілде құқықтық терминологияны қалыптастыру – күрделі әрі ұзақ процесс. Ол ғылыми негізді, жүйелі жұмысты және барлық мүдделі тараптардың бірлескен әрекетін талап етеді. Тек осы жағдайда ғана мемлекеттік тілде сапалы әрі түсінікті құқықтық жүйе қалыптастыруға болады.
Назерке Рысқұл, Тараз қаласы №2 сотының судьясы


