Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №19 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында «Үздік психологиялық қабырға газеті» атты байқау ұйымдастырылды. Сотталғандар «Отбасы құндылықтары», «Құрмет, сенім, қолдау», «Жеке ойлар мен өмірлік қорытындылар» тақырыптарында өзара бақ сынасты. Байқауға шамамен 10 сотталған қатысты.
Іс-шараның мақсаты – сотталғандарға психологтың адам өміріндегі маңызын түсіндіру, маман-психологқа жүгіну арқылы қорқыныш пен теріс сенімдерден арылуға көмектесу, көмек алу, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделу, қайталама қылмыс жасамай дұрыс өмір сүруге бағыт беру.
– Өз өміріңді тану әрқашан өзекті мәселе болып қала береді. Сондықтан сотталғандар арасында осындай байқау ұйымдастырылды, – дейді сотталғандармен тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің психолог маманы Айнель Болат.
Сотталғандар психологтың адамға қандай көмек көрсете алатыны туралы айтып, кез келген шешілмеген мәселелер бойынша психологтың көмегіне жүгіне алатындарын жеткізді.
Байқау барысында сотталғандар белсенділік танытып, үш психологиялық қабырға газеті үздік деп танылды. Жеңімпаздарға мекеме басшылығы тарапынан алғыс жарияланды.


