Елімізде жеке тұлғалардың банкроттығы қарқынды өсіп келеді

Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы қарқынды өсіп келеді. Соңғы бір жарым жылдың ішінде ел бойынша 51 мыңнан астам азамат банкрот деп танылып, олардың 188 млрд теңгеге жуық қарызы есептен шығарылған.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында алдағы уақытта шамамен 300 мыңға дейін қазақстандық банкроттық рәсіміне өтініш беруі мүмкін деген болатын. Бұл құбылыс нені білдіреді және оның артында қандай экономикалық әрі құқықтық факторлар тұр? BAQ.KZ тілшісі сарапшылар пікірін зерделеді.

Заң өзгерді — статистика өсті

Экономист Ерлан Кәрімовтің айтуынша, банкроттық жағдайларының көбеюі ең алдымен заңнамалық өзгерістермен байланысты.

2023 жылы қабылданған банкроттық туралы заң өз әсерін беріп отыр.  Бұған дейін қарызын өтей алмай жүрген азаматтар енді ресми түрде өзін банкрот деп жариялауға мүмкіндік алды, — дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы салық саясатының өзгеруі де бизнеске әсер еткенін атап өтті.

Жаңа Салық кодексі бойынша қосылған құн салығын төлейтін компаниялар саны артты. Бұл бизнеске түсетін жүктемені күшейтті.

Соның салдарынан кейбір кәсіпорындар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды, — деді экономист.

Қазақстанда жалпы қарыз көлемі жоғары деңгейде

Сарапшының сөзінше, Қазақстандағы проблемалық несиелер деңгейі әзірге бақылауда.

Қазақстанда NPL, яғни 90 күннен асқан қайтарылмаған несиелер үлесі шамамен 3% деңгейінде. 2010 жылы бұл көрсеткіш 21% болған. Яғни соңғы 15-16 жылда қарыздық деңгейіміз жеті есе төмендеді, демек, айтарлықтай жақсарды деген сөз — дейді Ерлан Кәрімов.

Алайда жалпы қарыз көлемі жоғары күйінде қалып отыр.

Ұлттық Банк статистикасын қарайтын болсақ, халық қолында шамамен 40 триллион теңге қарыз бар. Соның 62%-ы – қарапайым халықтың үлесінде. Яғни бизнеске қарағанда қарапайым халық көп қарыз алып жатыр, — деді ол.

Халық несиені күнделікті өмірге жұмсап отыр

Экономист тұтынушылық несиелердің үлесі жоғары екенін атап өтті.

Қарапайым халық алған қарыздың үштен бірі — тұтынушылық несиелер.Ипотека — шамамен 10%, автонесие – 7-8%. Менің ойымша, экономиканы ілгері дамыту үшін қарыз алушы – бизнес болуы керек, — дейді ол.

Экономист сөзінше, бізде керісінше, қарыз алып, оны төлей алмай жүргендер көп. Тіпті азық- түлікті де несиеге алып жатқандар жетерлік.

Заңгер не дейді?

Заңгер Бағдат Амандосұлының айтуынша, Қазақстанда жеке тұлғалар үшін банкроттықтың үш механизмі қарастырылған: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Соттан тыс банкроттық банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы берешекке қолданылады. Мұнда берешек 1600 АЕК-тен аспауы және кемінде бір жыл төлем болмауы тиіс. Ал сот арқылы банкроттықта қарыз көлемі жоғары жағдайлар қаралады, — дейді ол.

Ал төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тұрақты табысы бар азаматтарға қарызын 5 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік береді.

2025 жылғы өзгерістер бұл рәсімді жеңілдеткен.

Енді банкроттыққа жүгінген кезде берешекті алдын ала реттеу талабы алынып тасталды. Бұл рәсімге қолжетімділікті арттырды, — деді заңгер.

Банкрот болған адамға қандай шектеу қарастырылған?

Заңгердің сөзінше, банкроттық белгілі бір шектеулермен бірге жүреді.

Банкрот болған адам 5 жыл бойы банктен, микро қаржы ұйымдарынан несие ала алмайды, банкроттыққа 7 жыл ішінде қайта жүгіне алмайды. Сонымен қатар 3 жыл бойы өкілетті орган оның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі, — дейді Бағдат Амандосұлы.

Заңгер сөзінше, банкроттық жариялану кезінде мүлікті иеліктен шығаруға және жаңа міндеттемелер алуға, кей жағдайда шетелге шығуға да тыйым салынады.

Жалған банкроттыққа жауапкершілік бар

Заңгер әдейі банкроттық әрекеттері үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Егер адам мүлкін жасырып немесе жалған ақпарат берсе, банкроттық рәсімі тоқтатылады. Егер бірінші рет жасаса әкімшілік айыппұл тағылады. Немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады, — деді ол.

Сарапшының пікірінше, банкроттыққа өтініш санының артуы екі негізгі факторды көрсетеді.

Біріншіден, халықтың кредиттік жүктемесі артқан. Екіншіден, азаматтар банкроттықты заңды құрал ретінде көбірек тани бастады, — дейді ол.

Алайда өтініш бергендердің барлығы банкрот деп танылмайтынын айтады заңгер.

Қазіргі таңда олардың шамамен төрттен бір бөлігі ғана сот арқылы банкрот деп танылады. Бұл азаматтардың бір бөлігі талаптарды толық түсінбей жүгінетінін көрсетеді, — деді Бағдат Амандосұлы.

Сондай-ақ банкроттық — барлық мәселені шешетін құрал еместігін жеткізді.

Бұл қарызды заңды түрде реттеу механизмі. Сонымен қатар алимент, денсаулыққа келтірілген зиян және қылмыстық құқық бұзушылықтан келген залал есептен шығарылмайды,- деп түйіндеді ол

Банк жүйесіне қауіп неде?

Ал экономист қазіргі негізгі тәуекел ретінде жоғары пайыздық мөлшерлемені атады.

Базалық мөлшерлеме — 18%-дан жоғары. Бұл өте үлкен деңгей. Сәйкесінше, көп кәсіпкерлер мен қарапайым халық несие қол жеткізе алмай отыр. Мемлекет осы арқылы халықтың шамадан тыс несие алуын тоқтатқысы келіп отыр деп ойлаймын, — дейді Ерлан Кәрімов.

Сондықтан бұл  банк секторына қолайсыздық тудырып отыр дейді экономист.

Бұл “екінші мүмкіндік” пе?

Дамыған елдерде банкроттық жаңа бастау ретінде қарастырылса, Қазақстанда бұл механизм толыққанды “екінші мүмкіндік” деңгейіне жетпеген.

Бізде банкрот болған адам 5 жыл несие ала алмайды. Сондықтан «жаңа мүмкіндік» деп қарау — қателік, — деді экономист.

Шешім қандай?

Сарапшы пікірінше, мәселені шешудің бір жолы — цифрлық деректерді тиімді пайдалану.

Егер азаматтардың әлеуметтік және қаржылық деректері банктермен интеграцияланса, скоринг жүйесі нақтырақ жұмыс істер еді, — дейді Ерлан Кәрімов.

Алматыда тауға шығам деушілер енді тіркеуден өту керек

Алматыда тауға шығардан бұрын туристерді енді міндетті түрде тіркеуден өткізеді. Бұл бастаманы қауіпсіздікті арттырып, оқыс оқиғаның санын азайту үшін қолға алғалы отырмыз. Өңірлік коммуникациялар қызметінде құтқарушылар мен туризм басқармасының өкілдері осылай деп мәлімдеді.

Білім берудегі реформа: Педагог біліктілігі енді қалай бағаланады? 

Оқу-ағарту министрлігі жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты - педагог еңбегін әділ әрі ашық бағалау жүйесін қалыптастыру, артық талаптар мен негізсіз қаржылық шығындарды қысқарту екеніне мәлім етті.

Коронавирустың жаңа штамы 23 елге жетті: Пандемия қайта басталуы мүмкін бе? 

Әлемнің 23 елінде, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Гонконг және Мозамбикте ресми түрде BA.3.2 деп аталатын COVID-19-дың жаңа «Цикада» штаммы анықталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл нұсқаны «бақылаудағы» санатқа қосты.

Ипотека рәсімдеу ережелері өзгереді

Қазақстанда ипотека рәсімдеу ережелері өзгереді. Банктер енді қарыз алушыларды бұрынғыдан да мұқият тексеріп, әр клиентке жеке тәсілмен баға береді.

Теңге нығаюы – уақытша құбылыс па? АДБ сарапшысы Қазақстан экономикасына әсер ететін негізгі факторларды атады 

Қазақстанда соңғы айларда теңге күшейгенімен, оның ұзақмерзімді трендке айналатынына нақты кепіл жоқ.