Теңге нығаюы – уақытша құбылыс па? АДБ сарапшысы Қазақстан экономикасына әсер ететін негізгі факторларды атады 

Қазақстанда соңғы айларда теңге күшейгенімен, оның ұзақмерзімді трендке айналатынына нақты кепіл жоқ.

Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің аға экономисі Генадий Рау BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында валюта бағамы, базалық мөлшерлеме және жаһандық тәуекелдер туралы кеңінен пікір білдірді.

– Соңғы уақытта теңге бағамы жиі талқыланып жүр. Жалпы, айырбас бағамына қатысты нақты болжамдардың неге жарияланбайтынын және оны қалыптастыруда қандай факторлар ескерілетінін түсіндіріп берсеңіз?

– Біз айырбас бағамы бойынша орташа жылдық немесе 2026–2027 жылдардың соңына арналған нақты болжамдарды жарияламаймыз. Алайда теңге бағамын назардан тыс қалдырмаймыз, себебі ол инфляцияға және бірқатар макроэкономикалық көрсеткіштерге тікелей әсер етеді. Жалпы, ұлттық валюта бағамына сыртқы және ішкі факторлар ықпал етеді. Мәселен, сыртқы факторлардың бірі – мұнай бағасы. Белгілі бір кезеңде мұнай бағасының өсуі теңгенің айтарлықтай нығаюына алып келгенін көрдік. Бірақ қазіргі жағдайда мұнай бағасының болашақтағы динамикасын болжау қиын, бұл көбіне жаһандық ахуал мен геосаяси жағдайға байланысты.

– Егер сыртқы факторларды айтсақ, ішкі саясаттың, әсіресе Ұлттық банктің ақша-кредит саясатының теңге бағамына әсері қаншалықты маңызды?

– Ішкі факторларға келсек, Ұлттық банк қатаң монетарлық саясатты ұстанып отыр. Бұл өз кезегінде теңгенің нығаюына оң әсер етеді. Қазіргі таңда базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде сақталып, шамамен жарты жылдан бері өзгеріссіз тұр. Жалпы алғанда, Ұлттық банк инфляцияны тежеуге бағытталған саясат жүргізіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық валютаның тұрақты әрі мықты болуы инфляцияның бәсеңдеуіне ықпал етеді.

– Қазіргі жағдайда базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде сақталуы экономиканың дамуына қалай әсер етеді? Бұл шешімнің оң және теріс жақтарын қалай бағалауға болады? 

– Біз жариялайтын екі негізгі болжам – экономикалық өсім мен инфляция. Сонымен қатар базалық мөлшерлеме осы екі маңызды көрсеткішке әртүрлі бағытта әсер етеді. Мысалы, базалық мөлшерлеме тым жоғары болған жағдайда, ол экономиканы «салқындатады», яғни экономикалық өсімді тежейді. Біздің бағалауымыз бойынша, 2026 жылы экономикалық өсім 4,8%-ға дейін баяулап, кейін 4,5% деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Сонымен бірге жоғары базалық мөлшерлеме инфляцияны да төмендетуге ықпал етеді. Яғни инфляция біртіндеп баяулайды. Біздің болжам бойынша, 2027 жылға қарай инфляция 10%-дан төмен деңгейге түседі. Ал биыл инфляцияның бірмәнді көрсеткішке түсуі екіталай.

– Қазір жаһандық деңгейде геосаяси жағдай ушығып тұр. Әсіресе Таяу Шығыстағы қақтығыстың Қазақстан экономикасына ықпалы қандай болуы мүмкін деп бағалайсыздар? 

– Біздің болжам негізінен 10 наурыздағы жағдайға сүйене отырып қалыптастырылды. Сол кезде біз үш сценарийді қарастырдық: қысқа, орта және ұзақ мерзімді. Бастапқыда қысқа мерзімді сценарийге көбірек басымдық бердік. Алайда қазіргі бағалау бойынша, бұл үдеріс орта мерзімді сипат алуы ықтимал. Себебі, бір жағынан, бітімге келу туралы мәлімдеме жасалды. Бірақ негізгі мәселе – инфрақұрылымға келген зиянның көлемін, оны қалпына келтіруге кететін уақытты, өндіріс пен жеткізу тізбектерін қайта жолға қою мерзімін нақты бағалау. Осының бәрі әлемдік экономикаға да, Қазақстан экономикасына да орта мерзімді әсер ететін факторлар болып табылады. Сондықтан қазіргі сәтте бұл жағдайдың нақты салдары туралы түпкілікті пікір айтуға әлі ерте.

– Соңғы екі айдағы теңге нығаюын қалай түсіндіруге болады? Бұл уақытша құбылыс па, әлде ұзақмерзімді трендтің бастауы ма?

– Соңғы екі айда теңгенің айтарлықтай нығайғанын байқадық. Алайда бұл үрдіс уақытша ма, әлде ұзақ мерзімді трендке айнала ма – оны әзірге нақты айту қиын. Сондықтан жағдайға қатысты түсінік айқынырақ қалыптасқан кезде ғана оның экономикаға қалай әсер ететінін бағалай аламыз. Бұл өзгеріс импорттың өсуіне алып келе ме, әлде керісінше әсер ете ме – бұл да әзірге ашық мәселе. Қазіргі сәтте бұл жөнінде нақты тұжырым жасауға дайын емеспін.

– Қазақстан экономикасын тұрақтандыру және ұзақмерзімді өсімді қамтамасыз ету үшін қай бағыттарда инвестиция тарту маңызды деп санайсыз? 

– Жалпы, сапалы салық төлеушілердің саны көп болғаны дұрыс. Оның үстіне, олар тек шикізат өндіру саласында ғана емес, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында және басқа да бағыттарда кеңінен ұсынылғаны маңызды. Осындай әртараптандырылған салық төлеушілер неғұрлым көп болса, экономика да соғұрлым әртараптана түседі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бюджеттің жекелеген салаларға тәуелділігін азайтады. Сондықтан сапалы салық төлеушілердің саны артқан сайын, бұл жалпы экономика үшін де, бюджет тұрақтылығы үшін де тиімді.

–Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Атырау облысына жаңа әкім тағайындалды

Болат Ақшолақов Атырау облысының әкімі болып тағайындалды.

Қазақстанда әлеуметтік саясат өзгереді: Көмек шынымен мұқтаждарға ғана беріле ме? 

Қазақстанда әлеуметтік қолдау жүйесін реформалау мәселесі күн тәртібіне шықты. Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, еліміз әлеуметтік қорғау деңгейі бойынша көптеген мемлекеттен алда болғанымен, ендігі міндет – төлем көлемін ұлғайту емес, көмектің әділ бөлінуін қамтамасыз ету.

ҰБТ-2026: Талапкерлер ең көп таңдаған пәндер қандай? 

Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясын атады.

2026 жылы АӘК-ті кімдер ала алады және қандай өзгерістер енгізілді? 

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) Қазақстандағы аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі болып қала береді. 2026 жылдың басынан бері бұл төлемді 30,3 мың отбасының 163,3 мың мүшесі алды.

Алматы, Шымкент және Астана тұрғындарын жаздың ең ыстық кезеңі күтіп тұр

2026 жылдың шілдесі рекордтық ыстығымен таңғалдыруын жалғастыруда. Синоптиктердің болжамынша, Алматы, Шымкент және Астана тұрғындарын жаздың ең ыстық кезеңі күтіп тұр. Алдағы күндері жауын-шашын күтілмейді.