Кәмелетке толмаған балалары бар отбасындағы некенің бұзылуы: құқықтық және психологиялық аспектілер

       Некенің бұзылуы (ажырасу) – кез келген отбасы үшін өте күрделі әрі ауыр процесс. Ал егер отбасында кәмелетке толмаған балалар болса, бұл мәселенің жауапкершілігі мен маңыздылығы еселене түседі. Мұндай жағдайда мемлекет пен заңның басты мақсаты – ерлі-зайыптылардың жеке амбицияларынан бұрын, ең алдымен баланың құқықтары мен психологиялық саулығын қорғау.

     Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылардың некесін бұзу (ерлі-зайыптылардың бірі хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілетті шектеулі деп танылған немесе ауыр қылмысы үшін кемінде 3 жыл мерзімге сотталған ерекше жағдайларды қоспағанда) сот арқылы жүзеге асырылады. Бұл талап АХАТ органдары арқылы жеңіл-желпі ажыраса салуға жол бермеу және баланың болашағына қатысты маңызды мәселелердің заңды түрде, әділ шешілуін қамтамасыз ету үшін қойылған.

      Сотта міндетті түрде шешілетін негізгі мәселелер, егер ата-аналар өзара келісімге келе алмаса, сот процесі барысында мынадай өзекті мәселелер қаралады:

1)баланың тұрғылықты жерін анықтау: ажырасқаннан кейін бала кіммен бірге тұрады? Сот бұл мәселені шешуде баланың жасын, ата-анасының әрқайсысына бауыр басуын, ата-анасының адамгершілік қасиеттерін және баланы тәрбиелеуге жағдай жасау мүмкіндіктерін (тұрмыстық жағдайы, жұмыс кестесі) ескереді. Сонымен қатар, 10 жасқа толған баланың пікірі міндетті түрде тыңдалады;

2) алимент өндіріп алу: баланы кәмелетке толғанша асырап-бағу – екі ата-ананың да ортақ міндеті. Егер сотқа баланы күтіп-бағу үшін алимент өндіру жөнінде нотариалды түрде куәландырылған келісім ұсынылмаған, бұрын баланы күтіп-бағу үшін алимент өндіру жөнінде сот бұйрығы шығарылмаған кезде, баланың тұрғылықты жері анықталған ата-анаға екінші ата-анасынан заңмен белгіленген мөлшерде (бір балаға табысының төрттен бір бөлігі, екі балаға үште бір бөлігі және үш немесе одан көп балаға екіден бір бөлігінде) алимент өндіріледі.

3) баламен араласу тәртібі: бөлек тұратын ата-ананың баламен кездесуге, оның тәрбиесіне және білім алуына қатысуға толық құқығы бар. Егер тараптар кездесу уақыты мен орны туралы ортақ мәмілеге келе алмаған жағдайда, баламен кездесу кестесі айқындалады.

4) ортақ бала үш жасқа толғанша мұқтаж жұбайын күтіп бағу үшін алимент өндіру және мүлікті бөлу жөнінде даулардың бар жоғын анықтайды.

            Психологиялық соққы және ата-ана жауапкершілігі — заңдық рәсімдерден бөлек, ажырасудың балаға тигізер психологиялық зардабының өте зор екенін ата-аналар ұғынулары қажет. Ата-аналар арасындағы кикілжің, өзара айыптаулар және сот процесіндегі дау-дамай баланың жүйке жүйесіне, оның әлемге деген сеніміне сызат түсіреді. Сондықтан мамандар мынадай маңызды қағидаларды қатаң ұстануға ата-аналарға кеңес береді: 1)баланы манипуляция құралына айналдырмау, яғни баланы екінші тараптан кек алу немесе шантаж жасау үшін «қару» ретінде пайдалануға мүлдем болмайды; 2) бір-бірін қаралап, жамандамау: бала үшін әкесі де, анасы да ең жақын адамдар, олардың біреуі туралы жаман сөз есту баланың ішкі жан-дүниесін күйретеді; 3) ашық сөйлесу: ажырасу – тек ересектердің қабылдаған шешімі екенін және оған баланың ешқандай кінәсі жоқтығын оның жасына сай түсіндіру қажет.

          Бейбіт шешім, медиацияның рөлі — бүгінгі таңда мұндай сезімтал дауларды өркениетті жолмен шешу үшін медиация (татуластыру рәсімі) институты кеңінен қолданылуда. Кәсіби медиатордың немесе адвокаттардың көмегімен ата-аналар соттағы ұзақ айтыс-тартысқа бармай-ақ, баланың тұрғылықты жері, алимент төлеу және кездесу тәртібі туралы өзара бейбіт «Бала туралы келісім» түзе алады. Бұл баланың психологиясын жарақаттанудан сақтап қалудың ең тиімді әрі сауатты жолы.

            Отбасындағы некенің бұзылуы ерлі-зайыптылардың бірлескен өміріне нүкте қойғанымен, олардың «ата-ана» мәртебесін жоймайды. Ер мен әйел бұрынғыдай ерлі-зайыпты болмауы мүмкін, бірақ олар бала үшін өмір бойы ата-ана болып қала береді. Сондықтан кәмелетке толмаған баласы бар отбасындағы ажырасу процесіндегі ең үлкен жеңіс – соттағы ұтыс немесе мүлікті бөліп алу емес, баланың болашағы үшін екі ата-ананың да мейірімі мен қамқорлығын сақтап қалу.

                                   Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың

                                   істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық

                                      сотының судьясы Дусимова Алмагул Иманалиевна

Кәмелетке толмағандарға қатысты сот дауларын шешудің тиімді бағыттары

      Сот жүйесіндегі ең күрделі әрі нәзік мәселелердің бірі...

Наурыз – табиғат пен адамның үндестігі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұлыстың ұлы күні –...

Әкімшілік жазаның мақсаты – жазалау емес, тәрбиелеу

Қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі....

Абай университетінде Ғылым декадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті

Бүгін Абай университетінде «Ғылымдағы цифрлық серпіліс: жасанды интеллект дәуірі»...

Тәуелсіздік – мемлекеттік тіл тірегі

Тәуелсіздік - құндылығы жоғары қастерлі ұғым. Тәуелсіздік - елдің...