Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде есірткі заттарын таратқаны үшін жазасын өтеп жатқан 32 жастағы сотталған азамат кішкентай қызының портретін есте сақталған жады бойынша салып шықты. Бұл туындысын ол соңғы рет небәрі екі айлық кезінде ғана көрген перзентіне арнады. Ол үшін сурет жай ғана бейне емес, үміт пен ішкі өзгерістің символына айналды.
Ер адам үш жылға бас бостандығынан айырылған. Сотталғанға дейін слесарь болып жұмыс істеп, екі жыл бұрын отбасын құрған, жарының жанында тыныш әрі тұрақты өмір сүруді армандаған. Алайда материалдық жағдайын тез жақсартуға деген ұмтылыс оны орны толмас қателікке алып келді.
— Жұбайым маған және болашағымызға сенді. Оның ештеңеге мұқтаж болмағанын қаладым. Өзімді бұл уақытша деп жұбаттым, тағы біраз уақыттан кейін тоқтаймын деп ойладым. Бірақ бәрі бір күнде үзіліп кетті. Мен бостандығымнан айырылдым және ең қымбатым — отбасымды жоғалтуға шақ қалдым. Қамаудың алғашқы айлары өте ауыр өтті. Жұбайым менен теріс айналып кете ме деген қорқыныш мазалады. Алайда бір кездесуде ол маған аяғы ауыр екенін айтты. Сол сәтте мен қуаныш пен ұятты қатар сезіндім. Қасында болып, қолдау көрсетіп, сәбидің дүниеге келуіне дайындалуым керек еді, бірақ темір тордың ар жағында отырдым, — деп бөлісті сотталған азамат.
Қызы дүниеге келгенде, ол оны тек бір рет — қысқа мерзімді кездесуде, қыз екі айлық болғанда ғана көре алды.
— Мен оның кішкентай жүзінің әрбір қырын, әрбір жанарын жадымда сақтап қалуға тырыстым. Сол кездесуден кейін оның бейнесі көз алдымнан кетпейді. Жұбайыма менен теріс айналмағаны үшін ризамын. Олар үшін өмірімді өзгертуге міндеттімін, — дейді ол.
Сезімін білдіру үшін ол қызына сыйлық жасауды — портретін есте қалған елесімен салуды ұйғарды. Жұмысқа бірнеше апта кетті. Әрбір кескін оңай түскен жоқ: ол маңызды бір бөлшекті ұмытып кетуден қорқып, қызын қолына алған сәттегі жылулықты жеткізуге тырысты.
— Дәл осындай өмірлік жағдайлар адам тағдырында бетбұрыс сәтке айналады. Адам отбасы мен бала алдындағы жауапкершілікті сезінгенде, оның түзелуге деген ішкі уәжі қалыптасады. Жақындарының қолдауы шешуші рөл атқарады. Біздің міндетіміз — осы байланысты сақтауға көмектесу және сотталғандарды өмірлік құндылықтарын түсіне отырып, қоғамға оралуға дайындау, — деп атап өтті тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ермек Рахимов.
Отбасылық құндылықтарды сақтау және тәрбиелік бағдарламаларға қатысу сотталғандарға өткенін қайта саралап, заңға бағынатын өмір салтына берік ұмтылыс қалыптастыруға көмектеседі.
Жас әкенің оқиғасы — бір қателіктің тағдырды өзгертуі мүмкін екенін, алайда шынайы өкініш пен отбасының қолдауы жаңа жолдың бастауына айналатынын еске салады.



