Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) күшіне енуі әскери басқару органдары мен әскери қызметшілер арасындағы жария-құқықтық дауларды шешудің мүлдем жаңа форматын қалыптастырды. Бүгінгі таңда әскери соттарда қаралатын істердің басым бөлігі тұрғын үй төлемдері, пәтер кезегінен заңсыз шығару және әскери лауазымды тұлғалардың шешімдеріне шағымданумен байланысты түсетін талап қоюлармен қарастырылады.
ӘРПК-нің 103-бабына сәйкес, әскери соттар ҚР Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, әскери жиындардан өтіп жатқан азаматтардың талап-арыздарын қарайды.
Бұл ретте жауапкер ретінде әскери басқару органдары немесе әскери бөлімдер танылады.
Маңызды ерекшелік, тұрғын үй төлемдерінің түріне қарай соттылықты дұрыс анықтау болып табылады. Ағымдағы тұрғын үй төлемдері (АТТ) бойынша даулар қызметтегі әскери қызметшілерге қатысты болғандықтан, олар әскери соттардың құзыретіне жатады. Алайда, біржолғы тұрғын үй төлемдері (БТТ) әскери қызметтен босатылған кезде тағайындалатындықтан, тұлға әскери мәртебесінен айырылған жағдайда бұл істер жалпы әкімшілік соттарда (МАӘС) қаралуы да мүмкін.
2025 жылғы 1 шілдеден бастап, Заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, тұрғын үй төлемдерін пайдалану тәртібі айтарлықтай қатаңдатылған. Енді төлемдердің қатаң мақсатты тағайындалуы үш мақсатта белгіленген:
-Тұрғын үйді сатып алу (оның ішінде ипотеканы өтеу).
-Тұрғын үй жалдау ақысын төлеу (бірақ 8 жылдан аспауы тиіс).
-«Отбасы банкіндегі» тұрғын үй құрылыс жинақтары депозитіне қаражат жинақтау.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты жұмыстан шыққан әскери қызметшілерге БТТ төленбейді. Төлемдер тек жасына толуы, денсаулық жағдайы, штаттың қысқаруы немесе отбасылық жағдайлар бойынша босатылғандар үшін сақталады.
ӘРПК шеңберіндегі әскери сот процесінің басты ерекшелігі — соттың белсенді рөлінде. Сот тараптар берген дәлелдермен ғана шектелмей, істің барлық мән-жайларын жан-жақты зерттеуге, тіпті өз бастамасымен қосымша дәлелдемелер жинауға міндетті.
Дәлелдеу ауыртпалығы әрқашан әкімшілік актіні қабылдаған әскери органға жүктеледі. Яғни, тұрғын үй комиссиясының шешімін немесе командирдің бұйрығын заңды деп дәлелдеу сол мекеменің міндеті. Жауапкер тек әкімшілік актіде көрсетілген негіздерге ғана сүйене алады.
Талап қою мерзімін (әдетте 1 ай) өткізіп алған жағдайда, соттар мерзім өткізудің себептерін ескеруге тиіс.
ӘРПК нормалары әскери қызметшілерге өз құқықтарын билік органдары алдында тең дәрежеде қорғауға мүмкіндік береді. Алайда, 2025 жылдан бастап күшіне енген жаңа заңнамалық шектеулерді ескере отырып, әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерін пайдалануда және сотқа жүгінуде заң талаптарын қатаң сақтау ұсынылады. Сот процесіндегі әділдік пен теңдік қағидаттары заңсыз шешімдердің күшін жоюдың негізгі құралы болып қала береді.
Алматы гарнизонының
Әскери сот әкімшісінің басшысы
Сатқұлова Дамира Бақтыбайқызы



