Жедел-профилактикалық іс-шара (ЖПІ) аясында Абай облысы бойынша ҚАЖД Жаңасемей аудандық пробация қызметінің қызметкерлері аудандық прокуратура өкілдерімен бірлесіп, ауқымды рейдтік тексерулер жүргізді.
Бірлескен іс-шараның негізгі міндеті — құқық бұзушылықтың алдын алу және есепте тұрған тұлғалардың қайталама қылмыс жасауына жол бермеу. Тексеру барысында сот жүктеген шектеулердің сақталуына ерекше назар аударылды:
Түнгі уақытта тұрғылықты жерінен шықпау, белгілі бір орындарға баруға тыйым салу, қоғамдық тәртіпті сақтау.
Рейд кезінде мобильді топтар сотталғандардың тұрғылықты мекенжайларын аралады. Әрбір адаммен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Прокуратура және пробация қызметінің мамандары сотталғандарға режимді бұзудың соңы ауыр зардаптарға, соның ішінде бостандығын шектеу жазасының нақты түрме мерзіміне ауыстырылуына әкеп соқтыратынын ескертті.
Мұндай бірлескен іс-шаралар сотталғандардың мінез-құлқын бақылап қана қоймай, олардың әлеуметтік бейімделуіндегі өзекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз — адамды түзелу жолына бағыттап, заң бұзушылықтардың алдын алу — деп атап өтті пробация қызметінің өкілдері.
Жұмыстың мұндай форматы бақылаудағы тұлғалар арасында тәртіпті нығайтуға көмектеседі және Жаңасемей ауданы аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді. Жедел-профилактикалық іс-шара жалғасуда және мұндай тексерулер тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.



