2025 жылғы 1 шілдеде елімізде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарайтын үш дербес кассациялық соттар өз жұмысын бастағаны белгілі. Соның ішінде Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрылуы әкімшілік әділет институтын дамытып, азаматтар шағымын әділ, заңды, сапалы қарауға негіз қалады. Дербес кассациялық соттың мақсатты жоспарларының жүзеге асуына сот әкімшілігінің де көмегі көп.
Сот әкімшілігі – кез келген соттың тірегі. Азаматтар сот жұмысын тек судьяның қызметіне қарап бағалап, пікір білдіріп жатады. Бірақ бір ғана сот актісінің артында сот әкімшілігі қызметкерлерінің қаншама еңбегі, ізденісі жатыр. Судья сот жұмысындағы басты тұлға, кесім айтатын негізгі маман болғанымен, сот процесін ұйымдастырудағы көзге көріне бермейтін қыруар жұмыс сот мамандарының қолымен жамсалатынын ұмытпауымыз керек. Себебі, сот құжаттарын қабылдап, сотқа қатысушыларға хабарлама жіберуден бастап, сот отырыстарын дер кезінде, қауіпсіз жағдайда өткізуге дейінгі жауапты істердің артында сот әкімшілігі қызметкерлерінің жанкешті еңбегі тұр.
Соның ішінде Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттағы Сот әкімшілігінің құжат айналымы бөліміне де артылған міндет жоғары. Құжат айналымы бөлімінің қызметкерлері ең алдымен сот істері мен кіріс, шығыс хат-хабарларды тиянақты қабылдап, тіркейді. Бұдан кейін құжаттарды жүйелеп, бөлуді қамтамасыз етеді. Қызметтік құжаттар мен өтініштерді қарап, бақылау және зерделеу де осы бөлім қызметкерлерінің құзырындағы міндет.
Соттағы мұрағат ісін жүргізу де айрықша маңызға ие. Өйткені, мұрағат ол тарих. Тарих сот жұмысы жайлы жылнаманы қалыптастыру үшін ғана емес, тараптардың әр уақыттағы сұраныстарына жауап беріп, құжаттарын кедергісіз ұсыну үшін де керек. Сондықтан, сот істерінің мұрағатта ұқыпты сақталуына жіті мән беріледі.
Құжаттама бөліміне сараптау комиссиясының қызметін қамтамасыз ету; істерді, нарядтарды есепке алу, іздеу, қабылдау және тағайындау жауаптылығы да жүктелген. Сондай-ақ іс қағаздарын жүргізу, ілеспе хаттарды әзірлеп, құжаттардың жобаларын дайындау да үлкен ізденіспен жүзеге асырылады. Бұдан бөлек бөлім қызметкерлері іс жүргізу құжаттарын зерделеп қана қоймай, олардың ҚПК, АПК, ӘҚБтК және ӘРПК заңнамаларының нормаларына сәйкестігін тексеріп, санаттарын дұрыс айқындауы керек. Мұның өзі сот қызметкерлерінен заң, құқық саласы бойынша терең білімінің болуын қажет етеді. Себебі іс санаттарын айқындау үшін мамандар заңның нормаларын жақсы біліп қана қоймай, оның құжатта дұрыс рәсімделуін жан-жақты саралай алуы керек. Сәйкесінше мұндай талап құжаттама бөлімі қызметкерлерін үнемі білімін жетілдіріп, ізденуге ынталандырады.
Құжаттама бөлімі Департамент басшысының азаматтарды қабылдау шараларын белгіленген уақытта, сапалы ұйымдастыруға және осы кездесулерді техникалық жақтан сындарлы қамтамасыз етуге әбден дағдыланған. Өйткені осындай қабылдаулардың дұрыс жолға қойылып, басшымен жасалған байланыстың сапасына қарап азаматтардың сот төрелігіне деген сенімі мен оң пікірі қалыптасады. Соған орай басшының қарапайым халықпен жиі жүздесіп, сенімді диалог орнатуына байыпты қараған абзал.
Құжаттама бөліміндегі қызметкерлердің еңбек және жұмысты орындау тәртібін сақтауына да көңіл аудару өзекті. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтпақшы «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды». Сол сияқты жұмысымыз алға басуы үшін ортақ тәртіпке баршамыз бағынып, өзімізге жүктелген міндеттерде қателікке жол бермеуге тиіспіз.
Сот әкімшілігі кассациялық соттың жұмыс тәртібін түсіндіріп, халықты ақпараттандыру бойынша да кешенді іс-шараларды қолға алуда. Азаматтардың сауалдарына дер кезінде жауап беріп, құқықтық жол сілтеу тұрақты назарда. Сонымен бірге, Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот Астанада орналасқанымен, азаматтарға сотқа арнайы келудің қажеті жоқ. Өйткені, сот жұмысы толық цифрлық форматқа көшірілген. Жеке және заңды тұлғалар кассациялық шағымды «Сот кабинеті» арқылы немесе e-Otinish платформасының көмегімен жолдай алады. Электрондық қызметті қолдануға қатысты нұсқаулық кассациялық соттың сайтында орналастырылған. Сот әкімшілігі осы сайттың да көмегімен азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, сот қызметін пайдалану, сот отырысына қатысу тәртібін толық таныстырып отырады.
Соттың тірегі болғандықтан сот әкімшілігінің қызметі, соның ішінде құжаттама бөлімінің жұмысы алдағы уақытта да сапа мен сауатты қадамдарға негізделмек.
МАВЛЮДАМ РУЗИЕВА,
Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Кассациялық соттар департаментінің құжат айналымы бөлімінің басшысы



