2025 жылғы 16 шілдеде «Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі — Заң) қол қойылды.
Заң 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді, ал қатарлас қаржылық тергеп-тексеруге қатысты ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Қабылданған түзетулер кешенді сипатқа ие және қылмыстық әрі қылмыстық-процестік заңнаманы қамтиды, бұл олардың соттардың, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының және адвокатураның құқық қолдану тәжірибесі үшін маңыздылығын айқындайды.
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жаңа құрамдары және оларды қолдану тәжірибесі
ҚК-нің Ерекше бөлігіне әлеуметтік қауіпті мінез-құлықтың алдын алуға және қылмыстың жаңа түрлерінің жолын кесуге бағытталған бес жаңа қылмыстық құқық бұзушылық құрамы енгізілді.
Сталкинг үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу (ҚК-нің 115-1-бабы) жанжалдың күш қолдану сипатындағы қылмыстарға ұласуына дейін адамның жеке өмірін қорғауға бағытталған. Практикалық тұрғыдан алғанда, елеулі зиянды дәлелдеу қажеттілігі негізгі элемент болып табылады, бұл сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарынан жәбірленуші үшін салдардың нақты әрі маңызды екенін растайтын объективті деректерді жинауды талап етеді.
Дропперлік үшін жауаптылықты белгілейтін ҚК-нің 232-1-бабы қылмыстық кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру және заңдастыру арналарының жолын кесуге бағытталған. Аталған норманы қолдану тәжірибесі дропперліктің дербес құрамын алаяқтыққа немесе өзге де экономикалық қылмыстарға сыбайлас қатысудан нақты ажыратуды талап етеді. Мүлікті тәркілеу міндетті қосымша жаза ретінде көзделгендіктен, ақша қаражатына уақтылы тыйым салу шараларын қабылдау айрықша маңызға ие.
ҚК-нің 125-1-бабын енгізу әйелдерді некеге тұру мақсатында алып қашу фактілері бойынша қылмыстық істерді тоқтатуға құқықтық алғышарттарды жойды. Құқық қолдану тәжірибесінде мұндай әрекеттер заңсыз бас бостандығынан айыру және мәжбүрлеу белгілері болған жағдайда ҚК-нің 125 және 125-1-баптарының жиынтығы бойынша саралануға жатады.
Әуе кемесін басқаруға кедергі келтіргені үшін (ҚК-нің 352-1-бабы) және сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан түрлердің бөліктері мен дериваттарын заңсыз айналымға түсіргені үшін (ҚК-нің 339-1-бабы) жауаптылықты енгізу де практика үшін маңызды болып табылады. Бұл қылмыстық жауаптылықты саралауды қамтамасыз етеді және заңның кері күші қағидатын қолдануға мүмкіндік береді.
2. Жауаптылықты күшейту және жазаларды саралау
ҚК-нің Жалпы бөлігіне енгізілген түзетулер адам өмірі мен денсаулығына қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жаза тағайындау кезінде соттың қалауын шектеуге бағытталған. Қасақана адам өлтіргені үшін ең төменгі шектен төмен жаза тағайындау мүмкіндігі алынып тасталды, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды және жазаны ауыстыруды қолдану шарттары қатаңдатылды, сотталғандықты өтеу мерзімдері ұлғайтылды.
Санкциясында тек өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген жағдайларда жаза тағайындауды реттеудегі олқылықтың жойылуы ерекше назар аударуға лайық. Жекелеген санаттағы адамдар үшін нақты бас бостандығынан айыру мерзімдерін енгізу бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға ықпал етеді.
3. Процестік жаңалықтар және олардың құқық қолдану үшін маңызы
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне елеулі түзетулер енгізілді.
Кәсіпкерлікті қылмыстық процеске негізсіз тартудан қорғау мақсатында расталған залал белгілері болмаған немесе азаматтық-құқықтық дау бар болған жағдайда қылмыстық істерді тіркеу алынып тасталды. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты ревизиялар мен тексерулерді прокурормен міндетті түрде келісу шаруашылық қызметке араласу үстінен прокурорлық бақылауды күшейтеді.
Қорғауға құқығы бар куәнің процестік кепілдіктері кеңейтілді, оның ішінде адвокатпен қамтамасыз ету және алғашқы процестік әрекеттен бастап құқықтарын түсіндіру көзделген. Қылмыстық қудалау үшін негіздер болмаған кезде жеке қаулы енгізу адамның құқықтық мәртебесінің айқын еместігі тәуекелін төмендетеді.
Сот талқылауы басталғанға дейін қорғаушыға өз құқықтық ұстанымын және дәлелдемелерін ұсынуға мүмкіндік беретін қорғау актісі институтын енгізу жарыспалылықты арттыру бағытындағы маңызды қадам болып табылады.
Сотқа дейінгі іс жүргізуді оңтайландыруға прокурордың істерді қосымша тергеуге қайтаруына тыйым салу, сондай-ақ тінту мен алу жүргізудің ақылға қонымды мерзімдерін белгілеу ықпал етеді. Бұл нормалар тергеу органдарын сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасын арттыруға бағдарлайды және дәлелдемелердің жол берілетіндігіне сот бақылауын күшейтеді.
Қабылданған Заң құқық қолдану практикасының жаңа бағдарларын қалыптастырып, дәлелдеудің сапасына қойылатын талаптарды арттырады, қылмыстық процесс қатысушыларының процестік кепілдіктерін күшейтеді және сот шешімдерінің болжамдылығын қамтамасыз етеді.
Өзгерістердің кешенді сипаты Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамасын жария және жеке мүдделердің теңгеріміне бағытталған жүйелі оңтайландыруға көшуін айғақтайды.
Ғ. Мұқанов, ҚР Бас прокурордың көмекшісі


