Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін ең қауіпті кеселдің бірі. Ол қоғамның саяси жүйесін әлсіретіп қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікке, экономикалық өсімге, азаматтардың мемлекетке деген сеніміне ауыр соққы береді. «Адалдық жүрген жерде – адамдық бірге жүреді», — дейді дана халқымыз. Расында, мемлекетке деген адалдықды ұмытсақ қоғамда заң үстемдігі, әділдік пен теңдік секілді құндылықтар да өз мәнін жоғалтары анық.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңы — сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған. Сыбайлас жемқорлық – бұл нақты анықтамасы жоқ әлеуметтік құбылыс және кез келген құбылыс іспетті ол өзіне тән белгілермен сипатталады. Оның негізгі ерекше белгісі – ол қылмыс субьектілерінің өз қызмет бабын, құқықтық мәртебесін және қызмет мүддесіне қайшы әрі құқық пен ар-ожданның қалыптасқан нормаларына қайшы орналасқан лауазымның беделін пайдалану жолымен істелінеді. Осы әрекеттер мүліктік не өзге пайда табуға және қандай да бір мүдделер мен қажеттіліктерді қанағаттандыруға тікелей бағытталған.
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүйелеу және осы бағытта жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында мемлекет басшысы 2022 жыл 2 ақпандағы №802 Жарлығымен 2022-2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес, барлық салада ашықтық пен жауапкершілікті күшейту бағытына нақты міндеттер қойылды. Дегенмен елімізде қабылданып жатқан шараларға қарамастан сыбайлас жемқорлық деңгейі әлі де жоғары. Мәселен, 2024 жылдың нәтижелері бойынша Қазақстан Transparency International халықаралық ұйымның «сыбайлас жемқорлық» индексінде 40 баллмен 180 мемлекеттің ішінде 88-орынды иеленеді. Бұл зерттеу бойынша 50 баллдан төмен нәтиже көрсеткен мемлекеттерде жемқорлық деңгейі «жоғары» деп есептеледі. Мұндай халықаралық рейтингтер мен зерттеулер қорытындылары еліміздегі сыбайлас жемқорлық мәселесінің ауқымын обьективті бағалауға мүмкіндік беріп, онымен күресудің өзектілігін айқын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында сыбайлас жемқорлық ұғымы дәл айқындалған. Онда жауапты мемлекеттік қызметті атқаратын тұлғалардың, мемлекеттік функциялар берілген адамдардың немесе соларға теңестірілген лауазым иелерінің өз қызметтік өкілеттіктерін жеке басының немесе үшінші тұлғалардың пайдасы үшін заңсыз пайдалануы сыбайлас жемқорлық болып саналатыны көрсетілген. Сондай-ақ материалдық не материалдық емес игіліктер ұсыну арқылы лауазымды адамды параға сатып алу да осы түсінікке кіреді.
Халық арасында «Адалдық – асыл қасиет, ар – адамдықтың негізі» деген дана сөз бар. Егер әрқайсымыз өз ісімізде адалдықты бірінші орынға қойсақ, заңды сыйласақ, ал мемлекеттік органдар ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етсе – жемқорлықтың тамыры өзі-ақ шабылады. Ел ертеңінің баянды болуы – әділ қоғам қалыптастыруға деген бүгінгі қадамымызға тікелей байланысты.
Жемқорлыққа қарсы күрес – бүгіннің ғана емес, болашақтың мүддесі. Бұл күресте әр азамат – маңызды тұлға, әр таңдалған әділ жол – үлкен жеңіс, әр болдырылмаған құқықбұзушылық – қоғамның ілгері қадам жасауы. Тек бірлік пен әділдік қағидатын ту еткенде ғана Қазақстан әлемдік деңгейде дамыған, заң үстемдігі орнаған, халқы сенімді мемлекетке айналады.
Темирбаев Турар Кайргелдиевич,
Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы


