Биыл, жетпіс жыл бойы үстемдік еткен Орталық комитеттің озбыр саясатының көбесін сөккен, Желтоқсан бұлғағына 39 жыл толып отыр. Сол бір ақ қар, көк мұзға қанмен сіңген тарихты ойға алғанда, жүрек түкпірінде тұнып қалған көптеген оқиғалар көлкіп шыға келеді.
Ұлт тағдыры таразыға тартылған сол бір ызғарлы күндерді ұмыту мүмкін бе?!.
Ақиқатын айтар болсақ, Желтоқсан – тек Қонаевтың орынынан алынып, Колбиннің тағайындалуына қарсы туған тосын реакция емес. Желтоқсан көтерілісі – аяқ астынан туған толқу деу қате түсінік. Бұл – қазақ халқының ғасырлар бойғы ашу-ызасының, отарлық саясатқа қарсы наразылығының соңғы жарылысы болатын. Рас, алаш баласы отарлау саясатына сан мәрте қарсы тұрды, ел мен жердің теңдігі үшін талай мәрте атқа қонды. Тіпті, соноу, Мұрат Мөңкеұлының:
«Еділді келіп алғаны,
Етекке қолды салғаны…» – деген жолдарынан да осыны көреміз.
Талай тар жол, тайғақ кешуде ұлттың жартысы қырылды, қаншасы босып кетті. Бірақ қазақ ешқашан өзін жоғалтпады. Ата-бабамыздың асыл арманы – тәуелсіздікке жету жолында «мың өліп, мың тірілді!». Өткен ғасырдың, 30-жылдарының өзінде қылышынан қан тамған қызыл империяға қарсы қазақ даласын шарпыған 300 ден астам көтеріліс осының нақты дәлелі болса, Желтоқсан – осы азаттық күрестерінің заңды жалғасы болатын.
Бұл – бодандықтан бостандыққа бастар қақпа болды. Қазақ халқының қай көтерілісін алсаң да, барлығының өзегінде тәуелсіз ел болсақ, өз билігіміз өз қолымызда болатын жеке дара мемлекет болсақ деген ұлы арман жатты. Желтоқсан сол рухтың ең соңғы, ең өткір нүктесі. Ол тек Алматыны ғана емес, Жезқазған, Қарағанды, Арқалық, Көкшетау, Павлодар, Жамбыл, Талдықорған секілді қалаларды, Сарқант, Шелек, Сарыөзек сияқты елді мекендерді де шарпығанын көпшілік біле бермейді. Қызыл империя бұл дүмпуді «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалап, жастарды аяусыз қудалады. Жалпы саны, 33 мыңнан астам адам жапа шекті. Міне, солардың бірі, һәм бірегейі, осы Желтоқсан көтерілісіне тұтастай дерлік қатысқан Каз ГУ-дің журналистика факультетінің 1 курс студенттері болатын.
Желтоқсан десе, менің көз алдыма журналистика факультетіне жаңадан түскен – 1 курс студенттері келеді. Біз бұғып қалмадық. Алаңға бардық. «Қазақстан тәуелсіз мемлекет болсын! Қазақстанды қазақ басқарсын!» – деп ұрандаттық. Алаңдағы аласапыран қақтығыстың қақ ортасында жүрдік. Кейін, біздің ішімізден төрт студент – мен, Сейсен Әмірбекұлы, Нұрымжан Мауытов, Ғазиз Тастаев және Гүлмира Сұлтанәлиева – қамауға алындық. Әрқайсымыз 7-10 тәуліктен абақтыда отырып шықтық. Бірақ темір торлы есік пен терезе біздің рухымызды мұқалта алмады.
Қаншама ескертулер алып жатсақ та, тар қапастың өзінде түн сайын «Менің Қазақстаным» мен «Атамекен» әндерін хормен айтып, өз-өзімізді жігерлендіретінбіз. Сырттағы тылымыз да берік. Алаңда бірге жүрген, қысқы каникулға бізге бола ауылына кетпей қалған, курстас құрбымыз, Нұрымжанның дос қызы, бүгінде өмірлік жары, бізге күнделікті тамақ пен керек-жарағымызды тасумен болды. Бірде, тіпті, батыр Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп апамыздың арнайы беріп жіберген дәмін жеткізіп, тар қапаста отырып бөліп жеу бақыты да бұйырған. Бұйрық деген сол! Әрбір істің бір қайыры болады деген де сол екен… Себебі, батырдың немересі Ержан Момышұлы да біздің курстасымыз болатын.
Алғашқыдай емес, ептеп етіміз де үйрене бастады ма, әлде, енді не болса да дайынбыз дегеннен бе, білмеймін, бәрі реттеліп келе жатқандай көрінген. Бірақ абақтыдан шыққан соң да қудалау тоқтамады. Қысқы сессияға жіберілмедік. Факультетте үлкен жиналыс өтіп, бізді оқудан шығару туралы мәселе көтерілді.
Болмашы ғана бір үміттің бозаңдау көлеңкесі болмаса, бұл жерден аман шығамын деп ешкім де күтпеген. Ойлағанымыздай жиналыс тағдырымызды шешетіндей тым ауыр басталды. Алдымен, менің мәселем қаралып, мені оқудан шығарылсын деген ұсыныс түсті. Сол сәтте қатарымыздағы Нұрымжан Мауытов орнынан тік тұрып:
– Әу баста курсты алаңға мен бастап бардым деп мойындағанымды бәріңіз де білесіздер. Мен сол сөзімді тағы да қайталаймын. Егер біреуді оқудан шығару керек болса, онда мені шығарыңыздар! Сейсеннің еш кінәсі жоқ! Басқа балаларға да тиіспеңіздер, – деген күйі аудиториядан шығып жүре берді. Соңынан: «Мауытов, кері қайт!» деген ескертулерге бұрылып та қарамады.
Бұл – көзсіз ерлік еді.
Бұл – азаматтық еді.
Бұл – досқа деген адалдықтың биік үлгісі болатын!
«Дос жылатар, дұшпан күлдірер» деген де осы болар?! Ер сыналар сәтте айтылған осы бір ауыз сөз Нұрымжанның кім екенін, қандай жүректен жаратылғанын анық көрсетті және бұл дауыс менің құлағымнан ешқашан кетпек емес!
Тағдырымыз талқыға түскен университеттің «үлкен комсомолы» ұйымының алдыңғы жиналысында курсты қорғап қалу үшін, бар кінәні мойнына алған Нұрымжанмен бірге тағы бір курстасымыз бас көтерген. Қызыл империяның қырына ілігемін деп жасқанбастан, өз ойын ашық айтты. Ол, әлі он сегізге де толмаған бауырымыз, Ормаш Мырзағалиев болатын. Ол да:
– Курсты бастап апарған менмін! – деп, орнынан тұрды. Кейін, сотта Ормаш та түрмеге кесілген. Бірақ жасы толмай қалғандықтан ғана, темір тордан аман қалды. Әйтпесе, қатарымыздағы бесіншіміз болып, бізбен бірге отыратыны анық еді.
«Жігіттің жақсысы – жолдасынан белгілі». Біз үшін сол жолдастықтың шыңы – дәл осы екі азаматтың ерлігі! Қара басын арашалап алу үшін қасындағы достарын сатып кетіп жатқан алмағайып заманда, «Мен бастадым! Мені жазалаңыз! Басқаларға тиіспеңіз!» дей алу. Осындай ерлікті ұмытуға бола ма? Әрине, жоқ! Ол еш мүмкін де емес қой!
Бұл жерде кеше ғана мектеп партасынан шыққан жас өскін Ғазиз Тастаев пен қыз да болса әміршіл биліктің қаһарына төтеп берген қаршадай қарындасымыз Гүлмира Сұлтанәлиева да бар. Әлбетте, Нұрымжан Мауытов пен осы жолдардың авторы мен – Сейсен Әмірбекұлы отан алдындағы парызымызды өтеп келіп оқуға түскен, біраз өмір көріп, сақайып қалған жандар болсақ, Ғазиз, Ормаш, Гүлмиралар мектеп қабырғасынан сол жылы ғана шыққан жас өскіндер еді. Солай бола тұрса да, елі мен жерінің, ұлтының тағдыры безбенге тартылып жатқан тұста, рухы биік азамат екендерін көрсете білді! Мойымады!
Бір түн «айықтырғышқа» түнеп шыққан студент тұрмақ, болмашы ғана қателіктер үшін автоматты түрде оқудан шығарылатын заманда, мынадай айыппен, неше күн түрмеге жатып келіп оқудан шықпай аман қаламыз деген ой бізде болған да жоқ еді. Бірақ, біздің бағымызға орай сол кездегі Журналистика факультеті деканының орынбасары, марқұм, Әбілфайыз Ыдырысов пен факультет комсомол ұйымының жетекшісі Әміржан Қосанов ара түсіп, бізді соңына дейін қорғай білді. Мұны да ешқашан ұмытуға болмайды! Ұмыта да алмайсың!
Сондай-ақ, қаймықпастан алаңға барып, қазақтың намысын қорғаған барша курстастарымды Желтоқсан батырлары десем, артық айтқаным емес. Шындығында, журналистика факультетіне сол жылы түскен қыз-жігіттердің бәрі мықты еді. Мықтылығы жұдырықтай жұмылғанында да емес, «Отаным, жерім, елім» деген сөзді жүрекпен сезінуінде. Желтоқсан бізді ғана емес, бүкіл ұрпақты оятты, тәрбиеледі. Иә, небір қорқынышты да, қуғын-сүргінді де көрдік. Стипендиядан қағылдық. Жатақханадан аластатылдық. Тіпті, 1989 жылға дейін «карандаштың ұшында» тұрдық. Аңдуда жүрдік. Бірақ бұл көтеріліс бізге еңсемізді көтеруді, қашанда ұлт намысын жоғары ұстауды үйретті.
Сонысымен де Желтоқсан – біз үшін үлкен мектеп болды. Ерлік мектебі. Азаматтық мектебі. Адам тану мектебі. Бүгінде желтоқсанның ызғарлы күндері ұлт намысын қорғаған Нұрымжан Мауытов белгілі журналист, жазушы. Ғазиз Тастаев журналистикамен кәсіпкерлікті қатар алып жүрген абадан азамат. Гүлмира Сұлтанәлиева қарындасымыз журналистикасын дипломатиямен ұштастырды. Ал, Ормаш Мырзағалиев өзінің журналистік өмірін радиомен телевидениеге арнаған. Өкініштісі, бұл күні ортамызда батыр бауырымыз жоқ. Жатқан жері жайлы болсын! Қай жылы, Ғазиз досы бір топ желтоқсаншыны ертіп апарып, өз қаржысына Ормаш оқыған мектеп қабырғасына ескерткіш тақта орнатып қайтты. Батыр достың рухына тағзым ретінде достыққа ескерткіш қойды! Бұл да ерлік!
Міне, содан бері арада 39 жыл өтіпті. Нұрымжанмен достасқаныма тура қырық жыл! Сол күндердің мұзға жаққан алауы – менің ғана емес, тұтас бір буынның жүрегінде өшпестей із қалдырды.
Ол алау бізді әлі жылытып келеді…
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, ақын, журналист


