№79 түзету мекемесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен “Екі халық – бір тамыр, татар және башқұрт мәдениеті” атты танымдық шара өтті. Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстандағы этностардың бірлігі мен мәдени әралуандылығын насихаттау, сондай-ақ татар және башқұрт халықтарының тарихи тамырластық, рухани жақындық және мәдени ортақтығын таныстыру.
Шара барысында Аналар кеңесінің мүшелері қатысушыларға татар және башқұрт халықтарының салт-дәстүрлері, ұлттық мұралары, қолөнері, музыкалық мәдениеті мен тағамдары туралы кең көлемде ақпарат ұсынды. Бұл халықтардың ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтары, ұқсастықтары мен ерекшеліктері бейнематериалдар, көрнекіліктер және ауызша түсіндіру арқылы таныстырылды.
Сотталған азаматшалар екі халықтың тарихы, ұлттық киімдері, әдет-ғұрыптары мен әдебиеті туралы мағлұмат алып, өзара пікір алмасуға мүмкіндік алды. Танымдық шарада ұлттық музыка әуені шырқалып, өнер үлгілері көрсетілді.
№79 мекемесінде өткізілген бұл танымдық жиын сотталған азаматшалардың мәдени білімін кеңейтіп қана қоймай, ел ішіндегі этносаралық қарым-қатынастың өнегелі үлгісін көрсетті.


