Көлік-транзит саласын дамыту және оны цифрландыру – елдің экономикалық саясатының маңызды бағыты. Геосаяси өзгерістер, жаһандық жеткізілім тізбектерінің қайта құрылуы және жаңа транзиттік мүмкіндіктер Қазақстанның логистикалық хаб ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты көлік инфрақұрылымын жаңғырту, цифрлық дәліздерді айқындау және халықаралық интеграцияны жаңа деңгейге көтеру – мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналды.
Барлық бағытта ілгерілеп келеміз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі жауапкершілікті Үкіметке тапсыра отырып, Қазақстан Еуразиядағы көлік хабына айналуы тиіс екенін атап өтті.
«Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет. Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керек. Бірақ негізгі жауапкершілік – Үкіметте», деді Президент.
Бұл орайда көлік саласы елдің экономикалық дамуы мен халықаралық транзиттік әлеуетінде негізгі рөл атқарады. Географиялық орналасуы мен өндірістік орталықтардың таралуы көліктің әр түрінің тиімді дамуына мүмкіндік береді. 2024–2025 жылдары бұл секторда жүк айналымы мен инвестициялар көлемі өсті. Жұмыспен қамту деңгейі артып, кейбір бағыттарда жолаушылар тасымалына қатысты өзгерістер енгізілді.
Еліміз Еуразия құрлығының орталығындағы тоғыз жолдың торабында орналасқаны белгілі. Елдің теміржол, автомобиль, құбыр, әуе және ішкі су көлігі тасымалы экспорттық, импорттық және транзиттік ағындарды қамтамасыз етіп, Қазақстанды Еуропа мен Азияның негізгі нарықтарымен байланыстырады.
Көлік министрлігінің дерегінше, 2024 жылы «Көлік және қоймалау» саласының жалпы өндірісі 7,7 трлн теңгені құрап, физикалық көлем индексі 109,4% болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 5,7% өскенін байқатады. Барлық көлік түрлері арқылы тасымалданған жүктердің жалпы көлемі 1,09 млрд тоннаға жетті. Соның ішінде теміржол үлесі – 0,43 млрд тонна, автокөлік үлесі – 0,34 млрд тонна, құбыр үлесі – 0,3 млрд тонна. Соңғы бес жылдағы саланың орташа жылдық өсім қарқыны (CAGR) шамамен 6% болды.
Теміржол саласының дамуы
Теміржол көлігі Қазақстан жүк тасымалының негізгі тетігі болып қала береді. Пойыз тасымалы елдің жалпы жүк айналымының 64%-ын қамтамасыз етеді. 2024 жылы 438,7 млн тонна жүк жеткізіліп, жүк айналымы 332,1 млрд т-км болды. Бұл 2020 жылдан бері көрсеткіштер 25 млрд т-км-ден астамға өскенін көрсетеді.
2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында теміржол көлігімен 339,4 млн тонна жүк тасымалданды (+10,5%). Ал жүк айналымы 255 млрд т-км (+7,6%) болды.
Алайда жолаушылар тасымалы 6,7% төмендеп, жұртшылық сұранысы біртіндеп автокөлік пен әуе көлігіне ойысқаны аңғарылады.
Көлік тасымалының көрсеткіштері
Автокөлік тасымалы қысқа және орта қашықтықтағы логистикалық байланыстардың негізін құрайды. 2024 жылы автомобиль көлігімен 347,1 млн тонна жүк тасымалданып, жүк айналымы 36,7 млрд т-км болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 22% жоғары.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында тасымалдау көлемі 1,4% өсіп, автомобиль көлігінің жүк айналымы 32,3% артты. Бұл ішкі тасымал нарығының кеңеюін, өңдеу өнеркәсібінің белсенділігін және автомобиль көлігінің өңіраралық логистикадағы рөлінің артуын көрсетеді.
Әуе тасымалының әлеуеті
Қазақстандағы әуе көлігі негізінен жолаушылар тасымалына бағытталған. 2024 жылы еліміздің әуе компаниялары 14,4 млн жолаушыны тасымалдады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,6% артық. Әуежайлар 29,7 млн жолаушыға қызмет көрсетті (+14%).
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 11,9 млн жолаушы тасымалданып, жолаушылар айналымы 23,3 млрд ж-км болды (+7,8%). Соңғы бес жылда авиация саласындағы тасымалдау көлемі екі есе өсті.
Құбыр тасымалының өсімі
Құбыр тасымалы тұрақты өсіп келеді. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 255 млн тонна жүк тасымалданып, жүк айналымы 130,9 млрд т-км болды. Бұл көрсеткіштер 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тиісінше +15,9% және +16,9% өсімді көрсетті.
Инвестициялар мен жұмыспен қамту
2024 жылы көлік саласына салынған инвестициялар көлемі 3,6 трлн теңге болды. Бұл экономикалық инвестициялардың жалпы көлемінің 18,8%-ын құрайды. 2020 жылмен салыстырғанда инвестициялар 2,8 есе артқан.
Салада 670 мың адам жұмыс істейді, бұл экономикадағы жұмыспен қамтылғандардың 7,3%-ын құрайды. 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында жұмыспен қамтылғандардың саны 679 мың адамға жетіп, инвестициялар 2,4 трлн теңгені құрады (+14%).
Еліміздің көлік саласы – экономикалық даму мен халықаралық қатынастарының маңызды факторы. Теміржол және автомобиль көлігі – ішкі және өңіраралық логистикадағы негіз, ал әуе және құбыр тасымалы – жолаушы және транзиттік тасымалдауда стратегиялық рөл атқарады. Саладағы инвестициялар мен өсім көрсеткіштері оның тұрақты даму жолында екенін көрсетеді.


