Мемлекеттік биліктің беделі мен қоғамның сенімі ең алдымен мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мәдениетіне байланысты. Мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы сенім көпірі, мемлекет бейнесінің көрінісі. Сондықтан оның кәсібилігімен қатар, мінез-құлқы мен этикалық ұстанымы – мемлекеттік аппараттың айнасы.
Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттарын реттейтін басты құжат – Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі. Бұл құжат мемлекеттік қызмет мәдениетін қалыптастыруға, адалдық пен ашықтық қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Кодекс нормалары мемлекеттік қызметшінің қоғаммен, әріптестерімен және азаматтармен қарым-қатынасындағы әдептілік қағидаларын айқындайды.
Кодексте көрсетілген адалдық, әділдік, ашықтық, парасаттылық және бейтараптық қағидаттарын сақтау – тек қызметтік міндет емес, сонымен қатар азаматтық борыш. Мемлекеттік қызметші әрдайым үлгі болуға, сыпайылық пен сабырлылық танытуға, азаматтардың сенімін ақтауға тиіс. Әдеп нормаларын сақтамау жеке қызметкердің ғана емес, тұтас мемлекеттік қызметтің имиджіне кері әсер етуі мүмкін.
Мемлекеттік қызметші үшін ең үлкен марапат – халықтың алғысы мен сенімі. Бұл сенімді сақтау үшін әрбір қызметкер өз жұмысына бар ықыласымен, адал ниетімен қарауы қажет.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында «Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы» деп айтқан болатын.
Міне, сол Президентіміз айтқан «Адал азамат» қағидатын ұстану және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау – қазіргі заманғы мемлекеттік қызмет саласының басты талабы. Бұл қағидаттарды күнделікті қызметіне енгізген мемлекеттік қызметші ғана қоғамның сеніміне ие бола алады.
Мемлекеттік қызметшінің әдебі мен парасаттылығы – ел дамуының іргетасы. Әдепті, адал және әділ қызметші – мемлекеттің тірегі. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз бойында «Адал азамат» бейнесін қалыптастырып, ел игілігі үшін адал қызмет етуі тиіс. Өйткені, адалдық – абырой бастауы, ал, абырой – халық сенімінің кепілі.
Мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – халыққа сапалы қызмет көрсету. Әрбір қызметші өз жұмысына «халыққа қызмет ету» қағидаты тұрғысынан қарап, мемлекет мүддесін жеке мүддеден жоғары қоюы тиіс. Азаматтардың өтініштерін уақтылы және заң аясында сапалы қарау – кәсіби әдептіліктің көрсеткіші. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі мінез-құлық мәдениеті де мемлекеттік қызметшінің әдебінен тыс қалмауы керек.
Осы орайда, мемлекеттік қызмет саласында да жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы ерекше рөл атқарады. Бұл бағдарлама адалдық пен әділдікті өмірлік ұстанымға айналдырған, қоғам сенімін нығайтуға атсалысатын азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған. Бағдарлама аясында түрлі семинарлар, тренингтер мен кездесулер өткізіліп, мемлекеттік қызметшілердің парасаттылық мәдениеті жүйелі түрде дамып келеді.
«Адал азамат» бағдарламасы тек мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, жалпы қоғамға үлгі болуды көздейді. Өйткені ел болашағы – әділдік пен адалдық қағидаттарына негізделген. Парасаттылық пен ашықтық бар жерде әділ шешім, сенім мен тұрақтылық орнайды.
ҚР Сот әкімшілігінің
Жамбыл облысы бойынша
департаменті басшысының
орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Әбілсейіт Түлкиев


