Елімізде азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыс жүйелі жүргізіліп отыр. Мұның нәтижесі қараша айындағы көрсеткіштерден байқалды. Өткен айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өскен жоқ.
Әлеуметтің жағдайы айрықша назарда
Жақында Үкіметтің Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы бекітілгені белгілі. Құжат Президенттің тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, инфляцияны төмендету, импортқа тәуелділікті азайту және азаматтардың табысын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған.
Өткен аптада ауыл әкімдерінің басын қосқан алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтің жағдайын жақсарту айрықша міндет екенін тағы да атап айтты.
«Алдымызда тұрған басты мақсаттар: экономиканың тұрақты, сапалы өсімін қамтамасыз ету қажет; инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту қажет», — деді Президент.
Осының аясында Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бірқатар жедел және жоспарлы шараларды қолға алып жатыр. Тиісті органдар бағаның негізсіз өспеуін ұдайы бақылап отыр. Бақылап қана қоймай, супермаркеттер мен дүкендерде, базарларда халық күнделікті тұтынатын тауарлардың жеткілікті болуын да қамтамасыз ету де — назарда.
Маңызды тауарлар тізбесі ұлғаяды
Бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан шаруаның тағы бірі –әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту. Бүгінде бұл мәселе пысықталу үстінде. Жобасы әзірленген.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, барлық өңірдің азық-түлік инфляциясына қатысты талдауы нәтижесінде баға өсіміне ең көп ықпал етіп отырған, алайда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне кірмейтін 30 тауар анықталған көрінеді. Олардың ішінде түрлі ет, балық, алмұрт, алма, лимон, шай, сыр, суықтай қақталған скумбрия, банан, қызанақ, қияр және басқа да азық-түлік тауарлары бар. Бұл өнімдердің арасында импорт үлесі жоғары тауарлар да, көбіне айлық инфляцияға әсер етіп, жылдық инфляцияға айтарлықтай ықпал етпейтін позициялар да кездеседі екен.
«Осы тізімнің ішінен әлеуетті түрде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына енгізуге болатын 23 позиция іріктелді. Ендігі міндет – бұл ұсыныстарды бизнес өкілдерімен талқылау», — дейді Айжан Бижанова.
Құжат қазіргі уақытта келісу кезеңінде. Алдағы күндері бизнес-қоғамдастық арасында және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында талқыланбақ.
Көпшіліктің қолдауын тауып, оң шешім қабылданса, ол нарықтағы бағаның негізсіз өсуін шектеуге мүмкіндік береді деседі сарапшылар.
Тізбенің кеңейтілуі кәсіпкерлер үшін бірқатар міндеттеме орындауды талап етеді. Мәселен, мәмілелер ашықтығын қамтамасыз ету, шарттарды рәсімдеу, шот-фактуралар мен фискалдық чектерді уақтылы шығару, сондай-ақ заңнамада белгіленген 15%-дан аспайтын сауда үстемесін сақтау.
Бұл шаралар барынша сұранысқа ие азық-түлік тауарларының айналымында ашықтықты арттыруға және делдалдық схемаларының бағаға ықпалын азайтуға бағытталған.
Жәрмеңкелер де жәрдемдеседі
Азық-түліктің күрт қымбаттауына жол бермеу үшін жыл сайын елордадан бастап, қала-аудандарға дейін ұйымдастырылатын жәрмеңкелерді жалғастыру маңызды.
Қазір ауыл халқы да, қала халқы да жәрмеңкенің септігін түсінді. Шалғайдағы ағайын мұны құрт-майын, ет пен сүт өнімдерін жылдам өткізудің бір тетігі деп білсе, қала жұрты көбіне таза, табиғи өнімді осы жерден табатынына сенімді. Бағасы да екі тарапқа қолайлы болуы тиісті органдар тарапынан қадағаланады.
Биыл жыл бойы өңірлерде 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Олар демалыс күндері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Үкімет желтоқсан айында бұл іс-шараны белсендірек ұйымдастырғанды жөн көріп отыр. Оның аясында республикалық «Береке fest» акциясы қайта өтеді. Өңір әкімдіктері жаңа жыл алдындағы жәрмеңкелерді ұйымдастырады.
Мұндай іс-шаралар тұтынушыларға өнімдерді нарық бағасынан 15–20% төмен бағамен алуға мүмкіндік бермек.
Мәселен, Астана қаласы әкімдігінің хабарлауынша, елордада 6-7 желтоқсан күндері Ақмола, Абай, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қатысуымен кезекті «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі өтпек. Мұндай шара еліміздің барлық ірі қалаларында жалғасын табады.
Импорттық азық-түлік те бақылауда
Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, маусымдық сұраныстың жоғарылауын ескере отырып, Сауда комитеті ірі импорттаушылар мен азық-түлік жеткізушілерінің пулын қалыптастырған. Алдағы уақытта олармен баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған кездесулер өткізілмекші.
Қазір еліміз ішкі нарықты негізгі 24 азық-түлік тауары бойынша 80–100% көлемінде қамтамасыз етіп отыр екен. Алайда бес өнім түрі бойынша импортқа тәуелдіміз. Олар — құс еті, балық, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, қант. «Бұл бағыттарда өндірісті арттыру жұмыстары жалғасып жатыр. 2027 жылға дейін жалпы құны 927 млрд теңгеге 175 жоба іске асырылмақ» дейді баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек сауда желілерімен алыпсатарлыққа жол бермеу және баға ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша кездесулер тұрақты түрде өткізіліп отыр. Сонымен бірге көкөніс өнімдерінің қорлары тұрақты бақылауда.


