Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуде. Бұл заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қатерлерден тиісті қамтамасыз етуді көздейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу – біздің саясатымыздағы негізгі басымдықтың бірі. Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Біз соңғы жылдары осы салада бірқатар маңызды қадам жасадық. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде. Мысалы, академиялық адалдық қағидатын берік ұстанатын жоғары оқу орындарының қатары, өкінішке қарай, өте аз. Соның кесірінен студенттер емтихан тапсыру үшін тапжылмай оқудың қажеті шамалы деп ойлайтыны жасырын емес» деп жемқорлыққа қарсы мемлекет саясатын атап өтті.
Сыбайлас жемқорлық қоғам өмірінің барлық салаларына экономикаға да, әлеуметтік салаға да, саясатқа да зиянды әсер етеді. Сыбайлас жемқорлық тудыратын келеңсіз салдарлар қоғамның дамуын тежеп қана қоймайды, сонымен қатар елдің ұлттық қауіпсіздігінің мүдделеріне үлкен қауіп төндіреді.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы баяулайды, экономикалық дамудың нашарлауы, бәсекеге қабілетті кәсіпкерлік тетіктерінің бұзылуына, шетелдік инвесторлар үшін экономиканың тартымдылығының төмендеуіне, сондай-ақ инфляцияның, шығындардың өсуіне және соның салдарынан еңбек өнімділігінің төмендеуіне, мемлекеттік қаражаттар мен ресурстарды тиімсіз бөлу және жұмсауға алып келеді. Әлеуметтік салада білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы көрсетілетін қызметтердің сапасы төмендейді. Мүліктік теңсіздік нығая түседі, байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтық көбейіп, әлеуметтік шиеленіс ұлғаяды, адамдарға тең мүмкіндіктер жойылады, ұйымдасқан қылмыс көбейеді.
Сыбайлас жемқорлықтың әлеуметтік-экономикалық сипатын оның адами капитал сапасын төмендетуге алып келуімен, саяси институттар қызметінің тиімсіздігінің артуымен, макроэкономикалық тұрақтылықтың бұзылуымен қарастыруға болады. Мысал ретінде мұны алыс және жақын шетелдердегі сыбайлас жемқорлықтың әлеуметтік-экономикалық құлдырауға алып келуінен көруімізге болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу парыз!
Мадихожаева Турганкул Жолдасбековна, Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық сотының судьясы


