Конституциямен айқындалғандай, заңды жолмен алынған үй-жайды азаматтар мен заңды тұлғалар жеке меншігіне айналдыра алады. Тұрғын үйге қол сұғуға және сот шешімінсіз одан айыруға жол берілмейді. Меншік иелерінің тұрғын үйді иеленіп, пайдалану, сонымен қатар, оған билік ету құқықтары сот тәртібімен, заң актілерінде көзделген нормалар аясында қорғалады.
Заң талаптарына сәйкес, тұрғын үйге меншік құқығы уәкілетті орган оны мемлекеттік тіркеуден өткізген кезден бастап туындайды. Бірақ, тіркелмеу мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болмайды. Адамды тұратын үй-жайынан Тұрғын үй қатынастары туралы заңның тәртібімен сот шешімінің негізінде ғана шығаруға болады.
Тұрғын үйге меншік құқығы туралы талап қоюлар қатарына баспананы бөтеннің заңсыз иеленуінен талап етіп алу, иеленуден айыруға байланысты емес құқықтың бұзылуын жою, тұрғын үй-жайға құқықты тану, тұрғын үйді иеліктен шығару жөніндегі сауда-саттықты жарамсыз деп тану туралы, сондай-ақ, тұрғын үйді иеліктен шығару жөніндегі мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы, т.б. кіреді. Мысалы, үйді жалға алушы мен оның отбасы, бірге тұратын басқа адамдар үйді күтіп ұстамай, оны қиратып бүлдіретін болса, яғни, Тұрғын үй қатынастары туралы заңның талаптарын бұза отырып пайдаланса, баспананың жалдау ақысын еш себепсіз қатарынан алты ай бойы төлемесе, сондай-ақ, үйге өз бетімен басып кіріп алса, санитарлық нормаларды сақтамаса, тағы басқа заңға қайшы әрекеттер жасаса оларға басқа үй берілмей шығарылады.
Сот арқылы шығару үшін жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша сотқа талап қойылу керек. Талап қоюда шығару себептері көрсетіліп, өтелмеген қарыздар туралы түбіртектер мен меншік құқығын растайтын құжаттар, дыбыс-бейне материалдар, т.б. дәлелдемелердің тіркелуі маңызды. Істерді қарау барысында сотта азаматтық және тұрғын үй заңнамаларының нормалары қолданылады.
Үй-жайдан шығару санатындағы істерді қарауда республика соттарында бірізді тәжірибе қалыптасқан деуге толық негіз бар. Өзгенің заңсыз иеленуінен талап етіп алу туралы талап қоюды қарау барысында тұрғын үйдің үшінші тұлғада екені анықталса, талап қоюшының келісімімен оны сот тең жауапкер ретінде тартуға және Азаматтық кодекстің 261-бабында көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда талап қоюды қанағаттандыруға құқылы.
Сот талап арызды қарап, тараптарды тыңдап, шешім шығарады. Талап қою қанағаттандырылған кезде оны сот орындаушылар атқарушылық іс жүргізу шеңберінде жүзеге асырады. Заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде сот орындаушылар атқарушылық іс жүргізудің қозғалғаны туралы хабарлап, үйден өз еркімен шығуға уақыт береді. Бұған мойынсұнбағандарды мәжбүрлі түрде шығарады. Айтып өтерлігі, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың Қазақстан Республикасындағы жалғыз баспанаға меншік құқығы мәжбүрлі түрде тоқтатылған жағдайда, оларды жылыту маусымында шығару тыйым салынған. Меншік құқығын мәжбүрлеп тоқтату тек заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Соттардың міндеті азаматтардың құқығы әділ қорғалу үшін тұрғын үй және өзге де заңдар нормаларын дұрыс қолдану, жан-жақты зерттеп-зерделеу арқылы әділ шешім қабылдау болып табылады.
Айгуль Капарова,
Наурызбай аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы


