Жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайларға баса назар аударылады. Өйткені, бұл нормалар қылмыстық құқық бұзушылық жасағандардың түзелуiне, тағы басқа қылмыстық құқық бұзушылықтарды болдырмауға, ең бастысы жазаның әділ тағайындалуына ықпал етеді. Бұдан біздің заңдарымыздың адамды жазалауға емес, керісінше, оны қатарға қосуға, сол арқылы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға негізделгенін көруге болады.
Қылмыстық заңнамадағы соңғы өзгерістерге сәйкес, жеңiлдететiн мән-жай осы кодекстiң Ерекше бөлiгiнде қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделгенімен, жаза тағайындау кезiнде қайтадан ескерiлмей қалуы мүмкін.
Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар 54-баппен айқындалған. Атап айтсақ, қылмыстық құқық бұзушылықты сан мәрте жасап, ауыр зардаптар келтiргендер, қылмыстық құқық бұзушылықты алдын ала сөз байласып, арнайы топ құрамында жасағандар, соның барысында айрықша белсендiлік танытқандар, мінез-құлқында ауытқушылығы бар және кәмелеттік жасқа толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылыққа тартқандар, т.б. заңмен белгіленген қылмыстық құқық бұзушыларға жаза тағайындауда ауырлататын мән-жайлар есепке алынады. Осы ретте тоқталып өтерлігі, қылмыстық құқық бұзушылық ішімдік, есiрткi, т.б. пайдалану салдарынан масаң күйде жасалған жағдайда оны сипатына қарай сотқа ауырлататын мән-жай ретінде танымау құқығы берілген.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мән-жай Қылмыстық кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделсе де, ол жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретiнде қайта ескерілмейді. Бұған қоса сот 54-баптың бiрiншi бөлiгiмен айқындалмаған мән-жайларды ауырлататын мән-жайлар ретінде тани алмайды.
Бейнегуль Кайсина,
Наурызбай аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы