Қазақстан Республикасының Ата Заңы – Конституцияның қабылданғанына биыл 30 жыл толып отыр. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған Конституция – еліміздің құқықтық, демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретінде даму бағытын айқындап берген тарихи құжат.
Бұл күн – жай мереке емес. Бұл – еліміздегі заң үстемдігін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын, мемлекеттік билік тармақтарының әділ бөлінуін қамтамасыз ететін негізгі заңымыздың қадір-қасиетін бағалайтын күн.
Конституция–әр азаматтың қорғаны. Ата заң – мемлекеттің бүкіл құқықтық жүйесінің іргетасы. Конституция әрбір азаматтың құқықтық мәртебесін, міндеттері мен бостандықтарын белгілейді. 1-бапта: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылған. Осы бір сөйлемнің өзінде бүкіл мемлекет идеологиясының мазмұны жатыр. Яғни, адам – мемлекеттің емес, мемлекет – адамның қызметшісі болуы тиіс. Бұл – құқықтық мемлекет қағидаты. Конституциялық реформа – уақыт талабы.
Соңғы жылдары елімізде бірқатар конституциялық реформалар жүргізілді. Әсіресе, 2022 жылғы жалпыхалықтық референдум арқылы енгізілген өзгерістер халықтың ел басқаруға қатысуына, президенттің, парламенттің, сот жүйесінің құзыреттерін әділ үлестіруге бағытталды.
Бұл өзгерістер Қазақстанның суперпрезиденттік жүйеден парламенттік-президенттік үлгіге көшуін көздейді. Сондай-ақ, адам құқықтарын қорғау тетіктері күшейіп, Конституциялық Сот қайта құрылды. Бұл – азаматтардың тікелей шағым түсіріп, өз құқығын қорғай алуы үшін жасалған маңызды қадам.
Конституция және сот билігі
Сот билігінің тәуелсіздігі – Конституцияда нақты бекітілген басты қағидаттардың бірі. 77-бапта: «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады» деп көрсетілген.
Бұл норма – сот жүйесінің бейтараптығын, заң алдында бәрінің тең екенін, сот шешімінің тек құқықтық негізде шығуы керектігін білдіреді. Конституциясыз әділ сот төрелігі туралы айту мүмкін емес.
Құқықтық сана – Конституциямен бірге дамиды.
Конституция – тек заңгерлерге арналған құжат емес. Ол әрбір азаматтың күнделікті өміріне, құқығы мен бостандығына, міндеті мен жауапкершілігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан да құқықтық мемлекетте өмір сүру үшін, ең алдымен, құқықтық сауаттылық, құқықтық мәдениет және құқықтық сана қалыптасуы керек.
Әр азамат өзінің негізгі құқықтарын, сотқа жүгіну тәртібін, мемлекеттік органдардың шеңберін білген кезде ғана қоғамда заң үстемдігі орнайды.
Қорытындылай келгенде, Конституция – бұл жай ғана заңдар жинағы емес. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның өмір сүру формуласы, мемлекеттілік пен азаматтық қоғам арасындағы әлеуметтік келісім шарты. Оның әр тармағы, әр бабы – ұлт болашағына бағытталған бағдаршам. Сондықтан Конституция күні – ел тағдырына бейжай қарамайтын әр азамат үшін мақтаныш пен жауапкершілікке толы күн. Бұл күн – заңға құрметтің, әділетке сенімнің, тәуелсіздікке адалдықтың нышаны.
Жидебаева Гүлзат Жидебайқызы, Персоналды басқару бөлімінің (кадр қызметі) басшысы