12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЕСІРТКІГЕ ҚҰМАР ЖАСТЫҢ ЕРТЕҢІ КҮМӘНДІ

Әлем елдерін алаңдатқан нашақорлық дерті тұтас қоғам үшін аса қатерлі болып тұр. Замана індетіне айналған бұл кеселдің, әсіресе жастардың өмірінің күл-талқанын шығарып, өз қолымен тағдырының астан-кестеңін шығарып құзға құлатып жатқаны аса өкінішті. Дегенмен, ел ішінде есірткі бизнесі және нашақорлықпен күрес шаралары еш толастаған емес. Өмірге жаңа қадам басқан жастардың санасы уланбас үшін есірткі заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қою және нашақорлықтың алдын алу бағытында іргелі шаралар жиі ұйымдастырылады. Ақмола облысында да құқық қорғау органдарымен қатар басқа да ведомстволар мен ұйымдар да халықаралық нашақорлыққа және есірткі айналымының заңсыздығына қарсы күрес күніне орай есірткіге қарсы бағыттағы және салауатты өмір салтын насихаттауға арналған айлық ресми түрде бастау алған еді. Облыс аумағындағы іргелі шаралардың іс жүзінде жүзеге асырылуына мұрындық болып басы-қасында жүрген Ақмола облысы психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Александр Высоцкиймен аймақтағы нашақорлықтың жалпы қандай жағдайда екеніне толығырақ тоқталып, алдын алу жұмыстарының бағыттары жайлы сұхбаттасқан едік 

 Бүгінде елімізде аса үлкен қатерге айналған қауіптің бірі – нашақорлық пен есірткі бизнесі аса үлкен қарқын алғаны рас. Осыдан бірнеше күн бұрын яғни 26 маусым күні халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні ретінде аталып өтіледі. Бұл күннің маңыздылығы туралы аз-кем тоқталып кетсеңіз. 

 Бұл күн – бүкіл тұтас әлем бойынша нашақорлық пен есірткі айналымының заңсыздығына қарсы күрес күні ретінде аталып өтіледі. Яғни бүгінде күллі адамзат баласының ащы қасіретіне айналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қоғамның барлық өкілін бейжай қарамауға үндейтін, қауіпті құбылысқа қарсы тұру қажеттігін еске салатын аса маңызды дата. Өкінішке қарай, бұл дерт шекара мен ұлт таңдамастан, бүкіл адамзатқа ортақ қауіпке айналып отыр. Сондықтан онымен күрес те үнемі тоқтаусыз жүргізілуі қажет. Бұл орайда тиісті шаралар арнайы жоспарға сәйкес ведомствода және жалпы өңірдің құқық қорғау және басқада мемлекеттік органдарының, оқу орындарының және басқа да қоғам белсенділерінің қатысуымен жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

– Ақмола облысында бұл күн аясында қандай жұмыстар қолға алынды? 

– Біз жыл сайын осы күнге орай бір ай бойы есірткіге және нашақорлыққа қарсы бағыттағы және салауатты өмір салтын насихаттауға арналған іс-шаралар легін өткіземіз. Биыл да бұл игі дәстүр жалғасын тапты. Айлық аясында сан түрлі интерактивті лекциялар, спорттық сайыстар, флешмобтар, ашық есік күндері, скринингтік тексерулер мен ақпараттық науқандар ұйымдастырылуда. Мұндағы мақсатымыз — қоғамды, әсіресе жастарды, салауатты өмір салтына шақыру болып отыр. Тек салауатты өмір салтын ұстанған, есірткіден ада, ой-санасы есірткінің ықпалына түспеген жастар ғана қоғамның дұрыс бағытта дамуына өз үлесін қоса алады. Жастардың ойнақтап жүріп от басып нашақорлықтың арандай апанына ілініп кетпесі үшін қолдан келген барлық мүмкіндіктерді жасап жатырмыз.

– Облыстағы нашақорлық ахуал қалай? Статистика не дейді?

– Өткен жылдың соңындағы жағдай бойынша, облыста диспансерлік есепте тұрған нашақорлардың жалпы саны 413 адамға жетіп жығылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға дейін төмендегенін көрсетіп отыр. Дегенмен, алғаш рет есепке алынғандар саны 56 адамға жетіп, бұрнағы жылдармен салыстырғанда 34 пайызға дейін өсіп кеткені байқалды. Бұл өсімнің бір себебі — тағдыр жолының бұралаң қалтарысында жаза басып қылмысты деп танылып, арнайы түзеу мекемелеріндегі азаматтарды медициналық қамтамасыз ету функциясының денсаулық сақтау министрлігіне берілуі деп айтар едім. Сонымен қатар синтетикалық есірткіге тәуелді болып жатқан жасөспірімдердің шамадан тыс көбейіп кеткені де аса қатты алаңдатады. Өйткені, есірткі заттары қазіргі уақытта тым қолжетімді болып бара жатқанын атап өткен жөн. Жасөспірім балаларға дейін есірткі заттарын тұтынып жатқаны осының нақты айғағы. 

– Қазіргі кезде қандай есірткі түрлері көбірек таралып жатыр? Оның себебі неде деп ойлайсыз?

– Соңғы жылдары «тұз», «спайс» секілді синтетикалық психобелсенді заттар кеңінен тарала бастады. 2018 жылға дейін облыста мұндай заттарды тұтыну фактілері мүлде тіркелмеген де еді. Алайда, бүгінде бұл — басты қауіптің біріне айналып отыр. Құқық қорғау органдары мен полиция қызметкерлері де мұны растап, синтетикалық есірткімен күреске баса назар аударып келеді. Мұндай заттар бағасының қолжетімділігі мен оңай таралуы салдарынан жастар арасында кең етек алғанын жасыра алмаймын.

– Өңірде жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың таралу ахуалы қалай? Сипаттап берсеңіз. 

– 2023 жылы жасөспірімдер арасында өңірде нашақорлық дерегі мүлде тіркелмеген еді. Алайда, биыл, өкінішке қарай, екі бірдей жағдай орын алды. Екеуі де Көкшетау қаласында тіркеліп, оған жасөспірім қыз балалардың қатысқаны белгілі болды. Бұл — өте алаңдатарлық жағдай. Сол себепті біз білім беру ұйымдарымен тығыз жұмыс істеп, алдын алу шараларын күшейтіп жатырмыз. Бесіктен белі шықпаған жастардың нашақорлық дертіне шалдығуы аса қауіпті әрі дабыл қағатын жағдай. Мәселен 2024 жылы облыс көлемінде 23 мыңнан астам адам профилактикалық тексеруден өтіп, 363 адамда токсикомания немесе есірткілік улану белгілері анықталған. Тексерілгендердің 8%-ы есірткі немесе психотропты заттарды қолданғаны дәлелденді. Сондықтан қоғамның барлық саналы өкілін осынау жауапты кезеңде бейжай қарамай өз жақындары ғана емес көзімен көрген жандарды құтқарудың маңыздылығын естен шығармаса екен деймін. 

– Нашақорлықтың алдын алу жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Біз жыл бойы мектептер мен колледж оқушыларының, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттерінің ата-аналарымен кездесулер, түсіндіру жұмыстары, ерте анықтау шараларын ұйымдастырамыз. Сонымен қатар мектептер мен колледждерде лекциялар, тренингтер мен семинарлар өткізіледі. Жастар арасында спорттық және мәдени шаралар арқылы да салауатты өмір салтын кеңінен насихаттап келеміз. Орталық есірткіге тәуелділікке тап болған адамдардды емдеу, оңалту және бейәлеуметтендіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатыр. Профилактикалық емдеу шараларымен 4 мыңнан астам қамтылған. Әсіресе білім беру жүйесі мен ата-аналарды алдын алу шараларына тарту, тәуелділікті ерте бастан анықтаудың принциптеріне оқыту жұмыстарына ерекше назар аударылады.  

– Есірткіге қарсы бағыттағы айлық аясында нақты қандай шаралар өткізіледі?

– Биылғы жылы айлық шеңберінде облыс аумағындағы мектептер мен колледждерде интерактивті дәрістер, тренингтер, жастар арасында спорттық жарыстар, флешмобтар ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ медициналық ұйымдарда ашық есік күндерін өткізу жылдағы дәстүрге енді. Жастарға жалпы барлық өңір тұрғындары үшін скринингтік тексерулер, кеңес беру жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылады. Ал, қоғам үшін аса үлкен ықпалы бар БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық науқан да ұйымдастырылып келеді.

– Сіздің есірткіге қарсы күрес бағытындағы басты үндеуіңіз қандай болар еді?

– Есірткіге қарсы күрес — бір күндік шара емес. Бұл – үздіксіз, жүйелі түрде жүргізілуі тиіс мемлекеттік маңызы бар жұмыс. Бүгінгі атқарылған әр іс пен әр сөз — ертеңгі қауіпсіз қоғамның негізі болмақ. Жастарға үлгі болып олардың дұрыс таңдау жасауына бағыттау біздің баршамыз үшін аса жауапты міндет әрі парыз дер едім. Есірткісіз болашақ — әрқайсымыздың ортақ мақсатымыз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

– Сіздерге де алғыс білдіремін. Нашақорлықпен күресте қоғамның қолдауы – біз үшін аса маңызды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы 

Алименттен жалтарғандар жауапкершіліктен құтылмайды

Ата-аналарға «бауыр еті баласын» бағып-күтуге қажетті қаржыны, яғни, алиментті төлету ең...

Тәуелсіз елдің тұғыры – Конституция

Аспан астында өз алдына ту тіккен әрбір елдің ең...

Қазақтың бас ақыны — Абай Құнанбаев

        2025 жылы қазақтың ұлы ақыны, философы, ағартушысы және...

Проблема выпадения детей из окон

В ПОСЛЕДНЕЕ ВРЕМЯ ДЕТСКИЙ ТРАВМАТИЗМ В БЫТУ ОСТАЕТСЯ ОДНОЙ ИЗ АКТУАЛЬНЫХ ПРОБЛЕМ СОЦИУМА. СРЕДИ ГЛАВНЫХ ПРИЧИН, СОПРОВОЖДАЕМЫХ ТЯЖЕЛЫМИ И ЛЕТАЛЬНЫМИ ИСХОДАМИ – ВЫПАДЕНИЕ МАЛОЛЕТНИХ ДЕТЕЙ ИЗ ОКОН МНОГОЭТАЖНЫХ КВАРТИР.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы

Сыбайлас жемқорлықпен күрес еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі...