Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бұл – еліміздің тәуелсіздігін айқындайтын басты белгілердің бірі. Тіл – ұлттың жаны, рухы, болмысы. Сондықтан мемлекеттік тілдің қоғам өмірінде кеңінен қолданылуы – ұлттық бірегейлікті сақтаудың, рухани тәуелсіздікті нығайтудың кепілі.
Қазіргі таңда елімізде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған нақты қадамдар жасалып келеді. Мемлекеттік мекемелерде іс жүргізу тілі ретінде қазақ тілі басты орында болуы тиіс. Сондай-ақ, білім беру саласында, БАҚ-та, цифрлық платформаларда қазақ тілінің қолданылу деңгейі жылдан-жылға артып келе жатқаны байқалады. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы тіл саясатының оң нәтижесі.
Алайда, бұл бағытта шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Кейбір аймақтарда ресми құжат айналымында орыс тіліне басымдық беріліп жатады, ірі қалалардағы кейбір мекемелерде тұтынушылармен тек орыс немесе ағылшын тілінде сөйлесу жиі кездеседі. Бұл – мемлекеттік тіл мәртебесіне деген немқұрайлылықтың белгісі.
Тілді дамыту үшін тек мемлекеттік бағдарламалар ғана емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі маңызды. Әрбір қазақстандық қазақ тілін құрметтеп, күнделікті өмірде қолдануға тырысуы – ұлттық тілдің болашағын қамтамасыз ететін басты факторлардың бірі.
Мемлекеттік тілді дамыту – тек тілшілер мен мұғалімдердің міндеті емес, бұл – бүкіл халықтың ортақ борышы. Әрбір азамат отбасында, жұмыста, қоғамдық ортада қазақ тілін қолданса, тілдің болашағы жарқын болмақ. Себебі мемлекеттік тілдің тағдыры – мемлекеттің тағдыры.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік сотының бас маманы Қ. Амангелді