Қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани дүниетанымы мен өмір салты бейбітшілікті, ауызбіршілікті, сыйластықты жоғары қойған.
Дала мәдениетінде дау-дамайдан, жанжалдан гөрі, татуласуға, келісімге келуге басымдық берілген. Бұл үрдіс – көшпелі өмір салтының, руаралық қатынастардың, туыстық байланыстардың нәтижесінде қалыптасқан терең әлеуметтік-мәдени тәжірибе.
Татуласу дәстүрі арқылы қазақ халқы қоғамдағы тұрақтылықты, ынтымақты сақтап, ұрпақтар сабақтастығына негіз болған құндылықтарды ұлықтап отырған. Ел ішіндегі кез келген келіспеушілік, дау-жанжал би-шешендердің арағайындығымен шешіліп, тараптарды бітімге шақыру арқылы бейбіт жолмен реттелген.
Бұл үрдіс халық арасында «бітімге келу», «кешірім жасау», «дауды далада қалдыру» сияқты ұғымдармен бейнеленіп, ұлттық танымның ажырамас бөлігіне айналған. Қазақта «Дос ренжіссе де, келіспей қоймайды», «Ағайынның арасында араздық ұзаққа бармайды» деген мақал-мәтелдер көптеп кездеседі.
Бұл сөздер қазақ халқының ұстанған ұлы ұстанымын, яғни татулық пен кешірімділікті алдыңғы орынға қойғанын дәлелдейді. Реніш пен араздықты ұлғайту, кек сақтау – қазақ менталитетіне жат әрекет деп саналған. Сол себепті де қазақ қоғамында дау-дамайдың алдын алу, татуласу рәсімдерін ертерек ұйымдастыру маңызды болған.
Ежелгі билер институты осы жолда маңызды рөл атқарған. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды тұлғалар тек құқық қорғаушы немесе төреші ретінде ғана емес, сонымен қатар ел бірлігін сақтаушы, бейбітшіліктің жаршысы, адамгершілік ұстанымның үлгісі ретінде халық жадына сіңген.
Татуласу рәсімдерінің түп-төркіні сонау рулық-тайпалық кезеңнен бастау алады. Ол кезде әрбір рудың, тайпаның өз ішіндегі және өзге рулармен қарым-қатынасы бейбіт жолмен, өзара мәміле арқылы реттеліп отырған. Татуласудың мәні тек екі жақтың арасындағы дау-дамайды шешіп беру емес, сонымен қатар ұрпақтар арасындағы өзара құрмет пен сенімді сақтап қалу, ел ішіндегі тәртіп пен үйлесімділікке жол ашу болатын. Бұл дәстүр сонымен қатар әр адамды сабырлыққа, шыдамдылыққа, парасаттылыққа тәрбиеледі. Сондықтан татуласу рәсімдері – жай ғана формалды әрекет емес, бұл – терең әлеуметтік, рухани және тәрбиелік маңызы бар ұлттық үрдіс.
Қазақ халқының дәстүрлі құқықтық жүйесі мен моральдық-этикалық нормалары – татуласу рәсімдерімен тығыз байланысты. Бұл дәстүр тек нақты дауды шешудің емес, жалпы қоғамдағы әділеттілік пен адалдықтың сақталуының кепілі болған. Осындай терең мағынасы мен тарихи негізі бар татуласу мәдениеті – қазақ халқының ауызбіршілігі мен ұлттық тұтастығының айқын көрінісі.
Қазақ халқының татуласу дәстүрі – тек кешірім сұрау немесе жанжалды тоқтату ғана емес, бұл – қоғамдық қатынастарды реттеудің, адами құндылықтарды сақтау мен насихаттаудың бірегей үлгісі.
Татуласу рәсімдері көбінесе би-шешендердің басшылығымен, ауыл ақсақалдарының төрелігімен өткізілген.
Қазақ халқының татуласу дәстүрі бүгінгі таңда да өз маңызын жойған жоқ, керісінше, қазіргі жаһандану мен әлеуметтік қарбалас күшейген заманда адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты реттеуде, ұлттың ішкі бірлігін сақтауда ерекше рөл атқаруда.
Қазіргі қоғамда адамдардың арасындағы дау-дамайлар, түсініспеушіліктер, жанжалдар бұрынғыдай тек руаралық, жер дауы не мал дауына емес, енді көбіне күнделікті тұрмыстық кикілжің, мүлік бөлісу, отбасылық араздық, қызметтік дау, сот процесіндегі келісім мәселелері арқылы туындап отыр. Осындай жағдайда ата-бабаларымыз ұстанған татуласу мәдениеті бүгінгі таңда медиация, бітімгершілік және бейбіт келісім тәрізді құқықтық-қоғамдық жүйелермен үндесіп, жаңа мазмұнда жалғасын тауып келеді.
Қазіргі медиаторлар – қазақтың ежелгі би-шешендерінің ізбасарындай: олардың мақсаты да дауды ушықтырмай, екі жақты татуластырып, мәселені әділ жолмен шешу. Бүгінгі таңда елімізде «Медиация туралы» заң қабылданып, татуласу рәсімдерін құқықтық жүйемен ұштастыратын нақты механизмдер енгізілді. Бұл заң арқылы дауласушы тараптар сотқа жүгінбей-ақ, арнайы дайындықтан өткен кәсіби медиаторлар көмегімен ортақ мәмілеге келе алады. Мұның басты артықшылығы – тараптардың уақыты мен қаржысын үнемдеп қана қоймай, өзара қарым-қатынасты сақтап қалуында. Мұндай жолды таңдаған адамдар көбінесе үлкендерден көрген, бала күннен бойына сіңірген ұлттық тәрбиенің әсерінен келісім мен кешірімді жоғары қояды.
Бұл – қазақ халқының рухани-мәдени кодында сақталған татулыққа деген құрметтің дәлелі. Сонымен қатар қазіргі қоғамда татуласу рәсімдері тек құқықтық саламен шектелмей, отбасылық, ағайындық және қоғамдық деңгейде де жалғасуда.
Қала мен ауылда өмір сүретін адамдар арасында әлі де болса ақсақалға, үлкенге жүгініп, екі тарапты татуластыру дәстүрі бар.
Мысалы, ажырасудың алдында ата-енелердің немесе туыстардың араласып, жастарды татуластыруы; жұмыс ұжымдарында басшылар мен әріптестер арасындағы түсініспеушіліктерді келіссөз арқылы реттеуі – осы татуласу мәдениетінің бүгінгі жалғасы. Бұл әрекеттердің бәрі ұлттың өзара сыйластық пен кешірімділікке құрылған рухани негізін сақтауға бағытталған.
Сондықтан да бүгінгі күні татуласу мәдениетін насихаттау, оны тәрбие құралына айналдыру – өте өзекті мәселе. Бұл үрдіс тек ұлттық салттың жалғасы ғана емес, қоғамдық тұрақтылық пен әлеуметтік үйлесімділіктің негізі болып қала бермек.
Қорыта айтқанда, татуласу дәстүрі – ұлттың ұлы мұрасы ғана емес, ол – бүгінгі қоғамға қажет, болашақ ұрпақ үшін де маңызды рухани-адамгершілік құндылық. Бұл дәстүрдің өміршеңдігі оның халықтың жүрегінен орын тапқанында, уақыт пен заман талабына сай бейімделе алуында жатыр. Ендеше, татуласу рәсімдерін ұрпақ санасына сіңіру, оны әлеуметтік қатынастарда қолдану – ұлттың тұтастығын, қоғамның тыныштығын сақтаудың бірден-бір жолы.
Шалқар аудандық сотының бас маманы А.Бекмурзина