Сот жүйесі қоғамдағы əділеттілікті қамтамасыз ету міндеті жүктелген маңызды институт. Бұл жүйенің тиімді жұмыс істеуі қоғамның құқықтық мəдениетін, заңға деген сенімін жəне құқықтық тəртіптің нығаюын қамтамасыз етуге негіз болады. Дегенмен, сот жүйесі алдында бірқатар шешімін таппаған мəселелер тұр, олардың ішінде тіл мəселесі, аудармашылардың тапшылығы, сот қызметкерлерінің əлеуметтік жағдайына қатысты сұрақ көп.
Біріншіден, тіл мəселесі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп нақты көрсетілген. Алайда, бүгінгі таңда, Конституциядан туындайтын осы талаптарды өрескел бұза отырып, қазақ тілінің орнына орыс тілі кеңінен қолданылуда. Бұл жағдай мемлекеттік тіліміздің болашағына, оның дамуына теріс əсерін тигізуде. Конституцияның 7-бабынан бастау алған «Тіл туралы» заңның 4-бабына сəйкес, мемлекеттік тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу жəне iс қағаздарын жүргiзу тілі делінген. Бұл қазақ тілі басқа тілдерден оқ бойы озық тұрып, өзінің басымдығын сақтап, өзге тілдер қазақ тілінің жетегінде жүруі керек деген мағынаны білдіреді. Алайда, өкінішке қарай, қазіргі жағдай керісінше қалыптасып отыр. Орыс тілі алда келеді, ал мемлекеттік тіл оның жетегінде. Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабына жəне Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 738-бабына сəйкес iс жүргiзу мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған кезде iс жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа да тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады делінген. Бұл жерде қылмыстық жəне əкімшілік процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уəжді қаулы шығаруы керек. Ол өз кезегінде, қылмыстық не əкімшілік құқық бұзушылық істер қозғалған кезден бастап-ақ, тек қазақ тілінде жүргізілуі қажеттігін көрсетеді. Алайда істерде іс жүргізу тілін мемлекеттік тілден басқа шет тілдерге ауыстырғанда уəжді қаулы шығарылмайды, құқық бұзушыға не күдіктіге істі мемлекеттік тілде жүргізуге болатыны түсіндірілмейді. Тек алдын ала дайындалған, «мен орыс тілін білемін, істі орыс тілінде жүргізуге қарсы емеспін» деген бір жапырақ қағазға қол қойдырып алады да, істі орыс тілінде жүргізе береді. Осылайша, іс заңсыз орыс тілінде жүргізілсе, кейбір жағдайда іс жүргізу тілін ауыстыру қаулысы тергеу амалдары басталғаннан бірнеше айдан кейін де шығарылуы мүмкін. Бұл кемшіліктер өкінішке орай, прокуратура тарапынан көп жағдайда ескерусіз қалуда. Меніңше, елімізде тек бір ғана мемлекеттік тіл бар екенін, ол – қазақ тілі екенін ескере отырып, оған барынша басымдық беру қажет. Мемлекеттік тіл мəселесі – ел болып, қоғам болып бірлесіп шешетін маңызды мəселе. Ал біздер бүгінгі күні қазақ тіліне нақты қажеттілік туындата алмай отырмыз. Өйткені, құқық қорғау органдары, басқа да мемлекеттік органдар істі мемлекеттік тілде жүргізуге мүдделі емес. Соның салдарынан қазақ тілінің қажеттілігі төмендеп, аудармашыларға деген сұраныс азайып отыр. Себебі, бүгінгі күннің сот практикасында істердің басым көпшілігі орыс тілінде қаралғандықтан, аудармашының көмегіне өте сирек жүгінеді, өйткені біздің елде орыс тілін білмейтіндер жоқтың қасы. Осы мəселені шешудің бірден-бір жолы – құқық қорғау органдары мен соттар жоғарыда айтылған заңдарды басшылыққа ала отырып, ел Президенті айтқан заңның үстемдік құруын қамтамасыз ете отырып, əділеттілік үшін қылмыстық жəне əкімшілік құқық бұзушылық істерді тек мемлекеттік тілде жүргізуі қажет. Сол үшін, бүгінгі күннен бастап, барша ұлтжанды əріптестерім уəжді, уəжсіз қаулыларды оңды-солды шығарып, іс жүргізу тілін мемлекеттік тілден басқа тілдерге ауыстыруды тоқтатып, істерді мемлекеттік тілде жүргізіп, іс жүргізу тілін жетік меңгермеген процессуалдық тұлғалар үшін аудармашы тағайындап, олардың Конституциялық құқығын қамтамасыз етсе құба-құп. Ал, азаматтық істер бойынша қолданыстағы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14-бабын жəне «Тіл туралы» заңның талаптарын басшылыққа ала отырып, мемлекеттік мекеме басшыларынан сотқа беретін талап-арыздарын тек мемлекеттік тілде беруін талап етіп, бұл талап орындалмаған жағдайда жекеше қаулы шығарылуы тиіс. Қазақ тілі барлық салада толыққанды қолданылып, мəртебесі артуы үшін, заң аясында осындай нақты əрі батыл қадамдарға бару керек. Өз елімізде өз тіліміздің беделін өзіміз көтермесек, бұл істі ешкім келіп жасап бермейді. Егер істер мемлекеттік тілде жүргізілсе, əрбір іске кəсіби аудармашы қажет болып, маманға деген сұраныс артады. Қазіргі жағдайда біз өз елімізде істердің көбінің орыс тілінде жүруіне байланысты қазақтілді азаматтарға аудармашы тағайындау арқылы оларға ыңғайсыздық тудырудамыз. Егер іс тек қазақ тілінде жүріп, қазақ тілін білмейтіндер үшін аударма қажет болса, бұл мəселеге деген қоғамның көзқарасы өзгерер еді. Сондай-ақ, жоғары оқу орнына түсетін студенттерден бастап адвокатураға, тергеуге, прокуратура, сот саласына жалпы мемлекеттік қызметке келетін үміткерлердің бəрінен мемлекеттік тілді білуді талап ететін уақыт жетті. Мемлекеттік тіл мəселесі таразы басында тұрғанда жоғары талап қоюдан тайсалмауымыз керек. Бізден басқа əлемнің ешбір елінде сол елдің мемлекеттік тілін білмейтін азаматтар мемлекеттік қызметтерде оның ішінде заңгер болып жұмыс істей алмайтынын баршамыз жақсы білеміз. Мемлекеттік тілді меңгермеген адамның, басқа елдердегідей қарға адым жасауы қиындық тудыруы керек. Бұл мемлекеттік тілдің мəртебесін сақтау мен барлық азаматтар құқығын тең дəрежеде қорғау принципін ұстануға мүмкіндік береді. Тіл мəселесі еліміздің тəуелсіздігі мен тұтастығы үшін маңызды болғандықтан, қазақ тілі сот жүйесінде, жалпы қоғамда басты тіл ретінде толыққанды қолданылуы керек.
Екіншіден, сот жүйесіндегі аудармашының төлемақысы аз. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл мəселе елімізде көптен көтерілгенімен, əлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Сот процесіндегі аудармашының рөлі өте маңызды, өйткені олар құқықтық процестің əділдігін қамтамасыз ету үшін барлық қатысушыларға, əсіресе тілдік кедергісі бар азаматтарға өз құқығын түсіну мен қорғау мүмкіндігін береді. Алайда, осы маңызды қызметке төленетін ақы əлі де өте төмен деңгейде. Бұл өз кезегінде аудармашылардың кəсіби жұмысын лайықты бағалауға кедергі келтіреді. Мысалы, Азаматтық жəне əкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша аудармашыларға төленетін сыйақы мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 шiлдедегi № 601 қаулысымен, ал, қылмыстық істер бойынша төленуге тиіс сомалар ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 9 қазандағы №1070 қаулысымен реттеледі. Ол бойынша орыс тілінен қазақ тіліне жəне керісінше аударғандар ақысы – АЕК-тің екіден бірінен (1/2 немесе 0,5-інен) аспайды. Бұл қазіргі жағдайда 1 966 теңге ғана, тағы бұл соммадан ұсталынатын салығы бар. Көрші Ресейде сот аудармашылары бір сағаттық жұмысы үшін 7 500 теңгеден басталатын ақы алады. Бұл біздің соттағы аудармашылар өтемақысынан айтарлықтай жоғары. Егер аудармашы сауатсыз болса немесе өз жұмысына салғырт қараса, сот процесіндегі тараптардың теңдігі бұзылып, сот төрелігіне нұқсан келетіні даусыз. Ал, білікті маманды тарту тағы да оның өтемақысына, сыйақысына тəуелді. Тіпті жол шығынын өтеуге жетпейтін қаражатқа сауатты аудармашыны қалай таппақпыз?! Аудармашы төлемақысының аз болуы олардың жұмыс сапасына жəне мотивациясына теріс əсер етеді. Кəсіби аудармашылар еңбекақысының төмендігі олардың еңбек жағдайын қиындатады, мамандыққа деген қызығушылығы мен ынтасына теріс ықпал етуі мүмкін. Мұндай жағдай аудармашылардың өз кəсібін тастап, басқа жұмыс іздеуге мəжбүр болуына немесе жұмыс сапасының төмендеуіне əкеледі. Сот процесі – əділдік пен құқық қорғау жүйесінің негізі болып табылады, ал аудармашылар бұл жүйедегі тілдік байланысты қамтамасыз етуші көпір. Олардың қызметі тек сөзбе-сөз аударма жасаумен шектелмейді, олар сот барысында заңды, техникалық терминология мен мəдени ерекшеліктерді де ескере отырып, дəл əрі түсінікті аударма жасауға міндетті. Əрбір қателік немесе дұрыс аударылмаған сөз адам құқықтарына теріс əсер етуі мүмкін, себебі сот шешімдері, негізінен, азаматтардың өмірін, мүлкін жəне бостандығын анықтайтын маңызды құжат. Сондай-ақ, аудармашылардың біліктілігін арттыру мақсатында тұрақты оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру, мемлекеттік органдар мен сот аударма қызметін қаржыландыру мəселесін қайта қарау қажет. Төлемақының əділ жəне адал болуы аудармашылардың өз ісіне деген жауапкершілігін күшейтеді, құқықтық жүйеде əділеттіліктің сақталуын қамтамасыз етеді.
Үшіншіден, сот қызметкерлерінің əлеуметтік жағдайы төмен. Сот қызметкерлерінің əлеуметтік жағдайы төмен, əсіресе олардың жалақысы аз. Сот жүйесінің қызметкерлері – елдің құқықтық жүйесінің тірегі, қоғамдағы əділеттілікті, заңның үстемдігін қамтамасыз етуші мамандар. Алайда, сот қызметкерлерінің еңбекақысы атқарған жұмысының маңыздылығына сəйкес келмейді. Бұл жағдай олардың кəсіби мотивациясына, жұмыс тиімділігіне жəне жалпы сот жүйесінің сапасына теріс əсер етеді. Жалақының төмен болуының нəтижесінде бірқатар келеңсіз құбылыстар байқалады. Егер салыстырмалы түрде қарастырар болсақ, атқарушы билік өкілдерінің еңбекақысы сот саласында еңбек ететін мамандарға қарағанда əлдеқайда жоғары. Сонымен қатар, олар əртүрлі мерекелер мен тоқсан сайын сыйақы алып отырады. Ал облыстық жəне аудандық деңгейдегі сот қызметкерлері мұндай сыйақылардан көбіне тыс қалып жатады. Мұның соңы білікті, білімді, сот саласында мол тəжірибе жинақтаған алдыңғы буын мамандарымыздан айырылуға əкелуде. Бүгінгі күні сот саласынан білімді, тəжірибелі мамандар жалақының мардымсыз болуына байланысты өзіне лайықты жалақы мен жағдай ұсынатын басқа салаларға ауысуда. Сол себепті төмен жалақы мен əлеуметтік қорғаныстың жеткіліксіздігі сот жүйесіне маман тарту мен олардың əрі қарай қызмет етуінде қиындық тудырады. Бұл – сот жүйесі үшін үлкен қауіп. Себебі əділет саласында жылдар бойы жинақталған тəжірибе мен терең білім – кез келген реформадан да маңызды құндылық. Мұны ескермеу сот жүйесінің кəсіби деңгейін төмендетіп, сот төрелігінің сапасына кері əсерін тигізеді. Білікті мамандардың тапшылығы сот жүйесіне ауыр жүк артады, өйткені жаңа қызметкерлерді оқыту жəне олардың кəсіби деңгейін көтеру үшін қосымша уақыт пен ресурс қажет. Сондықтан да сот қызметкерлерінің еңбекақысы мен əлеуметтік жағдайын жақсарту – уақыт күттірмейтін, жүйелі түрде шешімін табуы тиіс маңызды мəселе. Төмен жалақының тағы бір қауіпті салдары – сыбайлас жемқорлыққа əкеледі. Қаржылық қиындықтарға тап болған кейбір сот қызметкерлері, заңсыз табыс көзін іздеуге мəжбүр болуы мүмкін. Бұл жағдай қоғамдағы заңдылық пен əділеттілікке деген сенімді бұзып, сот жүйесінің беделіне үлкен зиян келтіреді. Жемқорлықты тоқтату үшін сот қызметкерлерінің əлеуметтік жағдайын тұрақтандыру жəне оларға лайықты жалақы төлеу – ең маңызды шараның бірі. Бұл ретте келесі ұсыныстарды қарастыру маңызды:
1. Сот қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру;
2. Тоқсандық жəне мерекелік сыйақылар жүйесін енгізу;
3. Əлеуметтік кепілдіктер мен қосымша жеңілдіктерді қарастыру;
4. Біліктілік пен жұмыс өтіліне байланысты үстемеақылар енгізу;
5. Кəсіби дамуға арналған қолдау бағдарламаларын іске асыру. Бұл ұсыныстар тек сот жүйесінің сапасын көтеріп қоймай, қоғамдағы əділдік пен заңның үстемдігін қамтамасыз етудің негізгі факторы болып табылады. Əділетті қоғам құрамыз десек, ең алдымен, əділет жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға қажетті жағдай жасауымыз керек.
Досжан ƏМІР, Қазақстан Судьялар одағының төрағасы