Бір күнгі ұрыстан қырық күндік ырыс кетеді
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі жуырда Алматы облысының Қонаев қаласында кезекті форумын өткізді. Ұйым нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм жəне ысырапшылдық сияқты əлеуметтік кеселдердің алдын алып, тосқауыл қою мақсатында «Салауатты сана» жобасын əзірлеген болатын. Жоба аясында аталмыш əрекеттердің қайсыбірі көп тіркелетін аймақтарда семинар өткізу жоспарланған еді. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұрмыстық зорлықтың алдын алудағы аналардың рөлі» тақырыбындағы республикалық кеңейтілген отырысы Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Өйткені, жыл басынан бергі 5 ай ішінде Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық əрекеттері 23,4 пайызға өсіпті. Нақтылай айтар болсақ, олардың саны 70-тен 87-ге артқан. Тиісті ұйым өкілдерінің айтуынша, бұл көрсеткіш негізінен əкімшілік баптардың қылмыстандырылып, яғни, 63 фактінің «Жеңіл зиян» жəне «Соққы» деп танылуына орай көбейген. Алқалы жиында дəстүр бойынша еліміздің барлық облысындағы Аналар кеңесінің өкілдері, мүдделі ұйымдар мен қауымдастық өкілдері, сарапшылар, мамандар бас қосып, 2 күн қатарынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарын ортаға салып, себептеріне үңілді.

Кеселдің алдын алу жолдары жайлы кеңесіп, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Ең бастысы форум қорытындысы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі атынан қазақстандықтарға үндеу жариялады. Кеңес тақырыбына айналған отбасылық зорлық-зомбылық бір əйелдің, бір баланың немесе бір отбасының трагедиясы емес, бүкіл қоғамның беріктігіне сына қағатын келеңсіз құбылыс. Оның дауысы кейде ащы шығып, жұртшылықты дүр сілкіндірсе, кейде ешкімге білінбей, көрінбей елді іштей жегідей жейді. Халқымыз «бір күнгі ұрыстан қырық күндік ырыс кетеді» дейді. Соңғы уақытта отбасындағы зорлық-зомбылықтан 869 адам қайтыс болып, 2086 адамның денсаулығына ауыр зардап келген. Мамандар зорлық-зомбылық адамның психикалық, физикалық жағдайына əсер ететінін айтып дабыл қағуда. Оның салдарынан адамның еңбек өнімділігі төмендеп, жұмыс орнын жоғалтады. Сонымен қатар зорлық-зомбылықтың куəгері немесе құрбаны болған балалар көбінесе психикалық тұрғыдан, оқуда жəне əлеуметтенуде қиындықтарға тап болады. Ең ауыр салдары – олар еріксіз зорлық-зомбылық үлгілерін өз болмысына қабылдайды. Зерттеу нəтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, қиын жағдайда өскен балалардың ересек өмірде құрбан не зорлаушыға айналатынын айғақтап отыр. Отбасындағы зорлық-зомбылық азаматтарды қорғауға тиіс институттарға деген сенімге де нұқсан келтіреді. Осының бəрі қоғамның беріктігіне кері əсер ететін факторлар.
Заң және нәтиже
Сондықтан мемлекеттің əйелдер мен балалар құқығын қорғауға бағытталған саясатты жүйелі түрде жүргізуі зор маңызға ие. Қуаныштысы сол, бұл мəселе бүгінде мемлекеттің əлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдығына айналды. Соның нақты көрсеткіші – былтыр 16 маусым күні Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы «Салтанат» заңы деп аталған құқықтық құжат қолданысқа енді. Биыл заңның қабылданғанына бір жыл толып отыр. Кеңейтілген отырысты ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай осы мерзім ішінде тұрмыстық зорлықпен күрес бойынша жүргізілген жұмыстар нəтижесіне тоқталды. Назипа Ыдырысқызының айтуынша, ресми мəлімдемесіз, өңірлік жұмылдыру топтарының деректері, полиция қызметкерлері, куəгерлер, əлеуметтік желілерді талдау жəне тағы басқа шаралар негізінде отбасылық-тұрмыстық сипаттағы құқық бұзушылықтарды анықтау едəуір артыпты. Мұны заңның басты нəтижесі деп бағалауға болады. Тек биылғы қаңтар-мамыр айларында 19 мыңнан астам осындай жағдай анықталыпты. Осы аралықта тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлама 20,5 пайызға аз түскен. Оның ең көбі Алматы мен Астана қалалары жəне Қостанай, Павлодар, Жамбыл облыстарына тиесілі. 5 айдың қорытындысы бо йынша, аса ауыр қылмыстың тіркелуі 44 пайызға азайып, отбасылық-тұрмыстық қатынас саласындағы ауыр қылмыс 29 пайызға кеміді. Кəмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілік бойынша қылмыстар да сиреген. Олар 21,3 пайызға, педофилияға байланысты қылмыстар 40,7 пайызға төмендепті. Елдегі мектептерге «111» мемлекеттік Байланыс орталығы қызметінің QR-кодын орналастыру арқылы балалар арасында зорлық-зомбылық, буллинг, күрделі психоэмоционалдық жағдай фактілерінің алдын алу, анықтау фактісі көбейді. Биылғы бес айда балалардан 86 мыңнан астам смс-хабарлама түсіп, оның ішінде 2 мыңнан астамы зорлық-зомбылық, бұзақылық жəне психоэмоционалдық жай-күйіне байланысты көмек сұрап жүгінген. 28 жағдайда суицидтің алдын алуға мүмкіндік туды. Бүгінгі таңда еліміздің көптеген азаматтары көмек сұрап «111» қызметіне жүгінетін болды. Бес айда ересектерден əлеуметтік мəселелер, балалардың қауіпсіздігі, психологиялық көмек жəне отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 62 мың қоңырау соғылған. Отбасыларға, əйелдер мен балаларға көмек көрсету ауқымы кеңейді. 20 психологиялық қолдау орталығы ашылып, еліміздің 112 ауданы мен қаласында «Отбасын қолдау орталықтары» жұмыс істей бастады. Сол орталықтар арқылы алғашқы тоқсанда 34 мың отбасыға əлеуметтік, психологиялық, заңгерлік көмек көрсетіліп, 2 мың отбасына қолдау жасалды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында агрессормен психологиялық жұмыс жүргізу бағыты қолға алынды. Биыл 52 жанжалшыға қатысты соттар денсаулық сақтау органдарында міндетті түрде психологиялық көмек алу бағдарламасынан өту міндетін тағайындаған.
Қоғамдық бақылау күшейтілуі керек
Əйтсе де, тоқмейілсуге əлі ерте. Өйткені, тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр. Осыны қынжыла жеткізген Назипа Ыдырысқызы кеңеске қатысушылар назарын көрсеткіш бойынша алда тұрған үш облысқа аудартты. Мұндай əрекеттер аз тіркеліп отырған өңірлер де арқаны кеңге сала алмайды. Себебі, ондағы көрсеткіштің төмендігі аталмыш заңның толыққанды насихатталмауынан, азаматтардың ондағы талапты дұрыс білмеуінен болуы əбден мүмкін. Заңдағы тұрмыстық зорлық фактілері жайлы куəгерлердің жеткізу мүмкіндігі туралы талаптардан қоғам тиісті деңгейде хабардар емес. Мағлұматы болса да отбасындағы жағдайды сыртқа шығарып, көмек сұрауды ұятқа санайтындар да баршылық. Яғни, кейбір өңірлерде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің аз тіркелуінің астарында осындай жағдай жатуы сөзсіз. Егер расында солай болып, «бас жарылса бөрік ішінде, жең сынса қол ішінде» қала берсе, нағыз «ауруын жасырған өледінің» кері болады. Жалпы, қоғамды толық құқықтық деп айту қиын, өйткені, адамдардың құқықтық мəдениетінің деңгейі жайлы білмейміз. Заңның негізгі міндеті – шектеу. Ал, қылмыс тек шектеумен азаймасы анық. Мысалы, педофилдерді өмір бойы өтелетін жазаға кесу қолданысқа енді. Алайда олардың іс-əрекеті ұят деп немесе заң талаптарын білмеу салдарынан назардан тыс қалса, шектеудің еш пайдасы болмайды. 2025 жылдың 5 айының ішінде 26 педофилге осындай жаза берілді. Дегенмен, жаңа фактілер қайта-қайта анықталып жатыр. Сондықтан ана мен баланы қорғауға отбасынан бастап, барлық органдар, тұтас қоғам тікелей қатысуы керек. Осы деректерді ортаға сала келе республикалық Аналар кеңесінің төрағасы тəрбие мəселесін жəне ондағы аналар рөліне назар аудартты. «Ұлтты ана тəрбиелейді. Бала бақытты болуды отбасынан үйренеді. Аналардың білімі мəдениеттілікті қалыптастырады. Сондықтан, біз өз отбасымызға арналған қағидаттарды санамызға бекітіп алайық.

Біз рухани азғындап барамыз – ұялуды қайта үйренейік, бұл мəдениеттіліктің шыңы. Екіншіден, жамандық адамзаттың өз қолымен істеледі, біз қазір жамандық дауылының астында қалдық – қарсы тұру үшін біздер шынайы дос болайық. Адамзат бауырластығының кодексі барлық діни кітапта жазылған», – деді. Назипа Ыдырысқызы, бұл орайда ақпараттық технология өмірімізге дендей енген қазіргі кезеңде ата-аналардың балалардың дамуына ілесе алмай жатқанына назар аудартты. Ата-ана болу – үлкен жауапкершілік. Өйткені, бала үлгіні өз ата-анасынан алады. Сондықтан ата-ананың заманауи білімді, соның ішінде психологияны игеруі өте маңызды. Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық əрекеттері өз сипаты жағынан моральдық-психологиялық мəселе. Өкінішке қарай, замандастарға білікті психологиялық көмек көрсету күрделі əрі өзекті. Себебі, елімізде психология ғылым ретінде толыққанды дамымаған. Шетелден оқып келіп жатқан мықты мамандардың бұл саланың ұлттық философия, құндылық, менталитет секілді негізгі бастауына қанық екендігі күмəн тудырады. Олардың түзейміз деп, бүлдіріп жатпасына кім кепіл?! Яғни, сырттан оқыған мамандар ұлттық кодты бұзып жатуы əбден мүмкін ғой. Сондықтан ұлттық психология ғылымын аяққа тұрғызып, уақыт талабына сай келетін сала мамандарын даярлау өте өзекті. Облыс əкімдері өз өңіріне қажет мамандар есебін шығарып, мемлекетке тапсырыс беру ісін жолға қою керек. Осы жайлы айта келіп, Назипа Ыдырысқызы жалпы қазіргі психологтардың жұмысы, мамандар біліктілігі қоғамдық бақылау назарында болып, осы шараға Аналар кеңесі мен Ақсақалдар ұйымының белсене атсалысуы қажеттігін мəлімдеді. Бұл ұйымдар жалпы қоғамдағы тиісті заңнама талаптарының түсіндірілуі, ақпараттың ашықтығы мəселесін де назардан тыс қалдырмауы тиіс.
Әкелер отбасының тірегі болсын десек…
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың азаймай отырғанын, көрсеткіштер нақты жағдайдың шынайы бейнесі емес екендігін жиында сөз алған «Ақжелкен» групп қоғамдық қорының директоры Гүлнар Əмірова да айтты. Оның сөзінен түйгеніміз, Қазақстан қауіпсіздік деңгейі бойынша орта санаттағы елдердің қатарында болғанымен, əйелдер мен балаларға жасалатын зорлық бұл деңгейден жоғары. Біздің елімізде балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар 40 пайызға өскен. Бұл жай ғана сан емес, көмек сұраған жанайқай. Өйткені, мұндай жағдайлар «қауіпсіз» деп саналатын отбасында орын алады. Яғни, қылмыскерлердің 80 пайызы ешқашан полиция назарына ілінбегендер. Бұл отбасылық қауіпсіздік жүйесінің əлсіздігін көрсетеді. Алматы облысында 11 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп жатыр. Орталықтар отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасына, балалар тəрбиесіне, əлеуметтік қолдауға бағытталған. Əр өңірде құрылған мобильді топтармен үйлерге барып, көмек көрсету жолға қойылған. Əмірова ханымның айтуынша, бұл жеткіліксіз. Өйткені, əлі де біз əйел өзіне жасалған зорлықты дəлелдеу керек деп отырмыз. Бұл – қате түсінік. Бізге дəлелдеуге емес, алдын алуға бағытталған ұстанымға негізделген жаңа парадигма керек. Ол үшін біріншіден заңнаманы нақтылау жəне құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру маңызды. Нақтылап айтқанда, зорлық-зомбылыққа қарсы заңдарды орындау міндетті жəне ымырасыз болу керек. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін гендерлік сезімталдық бойынша оқыту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған стандартталған алгоритм енгізілсе құба-құп. Екіншіден, білім беру жүйесін реформалау жəне зорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруға көңіл бөлінуі тиіс. Бұл орайда мектеп бағдарламаларына эмоциялық интеллект, келіспеушілікті шешу мəдениеті, жыныстық тəрбие элементтерін енгізу кезек күттірмейді. «Əке – тірек», «Нағыз ер азамат қорғайды» деген сынды жобалар аясында ерлер клубтарын, кеңестерін көбейту жəне əкелерге арналған тəлімгерлік, ата-аналық дағдылар бойынша тегін курстар ұйымдастыру қажет. Əлеуметтік желі арқылы жастарға əсер ететін блогерлер мен медиатұлғаларды тартып, зорлыққа қарсы бейнероликтерді жасап, тарату өзекті. Сонымен қатар əйелдердің экономикалық жəне құқықтық дербестігін нығайтуға көңіл бөлудің қажеттігі алға шығады. Бұл орайда оларға арналған кəсіпкерлік хабтар, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктері, цифрлық сауаттылық курстары үлкен көмек болады. Зорлы жаындардан боланда орану иын Жиында сөз берілген Human Rights Lawyers ҚҚ жетекшісі Лəззат Рақышева да бұл тұрғыда нақты ұсыныстарын ортаға алды. Ол өзі бейкүнə сəби кезінде көрші ұлдан жыныстық зорлық көріп, жүрекке түскен жараның осы салдарымен өмір бойы күресіп келеді екен. Айтуынша, бұл оңай емес. Оны зорлықты басынан кешкен адам ғана ұғына алады. Өкінішке қарай, біздің мəдениет пен қоғамда тұрмыстық зорлық қалыпты жағдай ретінде қаралады жəне көп ретте оны ақтап алады, соның салдарынан мұндай жағдайларды анықтау жəне алдын алу қиындап кетті. Бұл зорлықтың жалғасуына жəне оның ұрпақтан-ұрпаққа таралуына жол ашуы мүмкін. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру іс-шараларының пəрменділігін арттыру қажет. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты анықтау жəне көмекке жүгінуде қиындықтар бар. Зардап шегушілер, əсіресе, агрессор ең жақын адамы болған жағдайда сан кедергіге тап болады. Бұл тергеу мен іздестіру шараларын кідіртіп, зорлық əрекеті ұзақтығының артуына соқтырады. Сондықтан кез келген қалыптағы зорлыққа жол жоқ екенін жəне оның жазаланатынын, зорлық – бұл қылмыстық жаза тағайындалатын іс екенін жеткізу маңызды. Барлық сипаттағы зорлықты түп-тамырымен құртып, зорлықты қалыпты жағдайға айналдыруды жою қажет. Зорлыа шырауа мінез-лыты әсері бар Форум аясында зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ұйымдастырылған тренингте нақты практикалық кеңестер берілді. Солардың ішінде психолог, суицидолог Резеда Баймұхаметованың əңгімесі ғылыми тұрғыдан негізділігі жəне өмірге жақындығымен назар аудартты. Баймұхаметова ханым бұл ретте зорлық-зомбылыққа ұшырауда адам мінез-құлқының ықпалы жайлы айтып, осы тұрғыда нақты мағлұматтар беріп еді. Ғылымда виктимизация деп аталып, белгілі бір ойлау тəсілін, эмоционалды реакцияларды жəне дəрменсіздік, қорғансыздық сезімімен сипатталатын мінез-құлық зорлық-зомбылыққа ұшыраудың бір факторы екен. Зерттеулер жəбірленуші мінез-құлық танытатын адамдардың өздерін жағдайлар құрбаны ретінде сезініп, айналасындағы əлемді дұшпан жəне əділетсіз деп санайтынын көрсетіп отыр. Мұндай адамдар үнемі өздерін аяуға, жала жабуға, өмірдегі проблемалардың санын көбейтуге бейім. Жəбірленуші мінез-құлқына тəн белгілер: басқа адамдарға шамадан тыс тəуелділік, тəуелсіз шешім қабылдауды жəне жауапкершілікті қажет ететін жағдайлардан қорқу жəне алаңдаушылық. Көбінесе бұл авторитарлық ата-аналар ортасында өскен адамдар. Жарақат жəне жағымсыз оқиғаларды бастан өткерген немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар құрбандық мінез-құлқын дамыта түседі. Өзін-өзі бағалауы төмен жəне өзіне деген сенімділігі төмен адамдар жəбірленуші мінез-құлыққа бейім болуы мүмкін. Олар жеткілікті күшті сезінбеуі жəне қиындықтарды жеңе алмауы мүмкін. Егер адам өз өміріндегі оқиғаларға құрбандықпен жауап беруге дағдыланған болса, бұл барлық жағдайларда автоматты түрде жасалатын əрекетке айналады. Мұндай себептерді түсіну кейбір адамдардың неліктен құрбандық мінез-құлқын көрсететінін түсіну үшін маңызды. Алайда, əр адамның ерекше екенін жəне құрбандықтың өзіндік ерекшеліктері мен себептері болуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Десе де осы мəселелерді зерделеу арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түп негіздерін анықтап, қоғамда оған қарсы иммунитет қалыптастыра аламыз. Яғни, виктимизация ғылымы қылмыстардың алдын алу саясатын, бағдарламаларын жəне ресурстарын əзірлеу үшін пайдалануға болатын ақпаратты ұсынады. Оның зерттеулері қылмыс тарды жəне олардың құрбандарға əсерін жақсы түсінуге, қауіпсіз қоғам құруға бағытталған стратегияларды жасауға көмектеседі. Осылайша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің бұл кеңейтілген отырысы қоғамдағы өзекті мəселелерді талқылап, нақты ұсыныстар жасалған сындарлы диолог алаңы болды.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»