Сот жүйесі – құқықтық мемлекеттің негізін құрайтын маңызды институт. Қазақстан соңғы жылдары құқықтық мемлекетті одан әрі нығайту мақсатында сот жүйесін терең жаңғыртуды қолға алған. Бұл үдеріс әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыруға бағытталған.
Сот жүйесін жаңғырту қажеттілігі сот төрелігінің сапасын арттыру, сот процестерінің ұзақтығын қысқарту, соттардың тәуелсіздігін күшейту, халықтың соттарға деген сенімін нығайту сияқты факторлармен байланысты.
Сот жүйесін жаңғыртудың басты мақсаттары — сот төрелігінің ашықтығын қамтамасыз ету, сотқа қол жеткізудің қолжетімділігін арттыру, соттардың тәуелсіздігін және бейтараптығын нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғау.
Сонымен қатар, Қазақстанның әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсаты құқықтық жүйені халықаралық стандарттарға сай келтіруді талап етеді.
Жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі — Сот жүйесін цифрландырудан басталған. Бұл бағытта «Төрелік», «Сот кабинеті» секілді электрондық сервистердің енгізілуі мен онлайн сот процестерінің дамуы азаматтарға қолжетімділікті арттырып, сот істерінің уақытылы қаралуына мүмкіндік берді.
Бұл жаңғырту – сот жүйесін заман талабына сай жетілдіру, тиімділігін арттыру және азаматтарға әділ әрі қолжетімді сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған үдеріс.
Сотқа жүгіну тұрғысында – «Сот кабинеті», «TrueConf», «Төрелік 2», «Еotinish.kz» , Электронды құжат айналымы, Онлайн арыз беру және қадағалау жүйелері арқылы сот процестерінің халық үшін ыңғайлылығы артуда.
Сот процесін оңайлату тұрғысында — медиация мен татуласу рәсімдерін енгізу, жеңілдетілген іс жүргізу формалары, әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс арқылы азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау.
Жаңғыртудың тағы бір бағыты — Соттарда мамандандыруды енгізу. Әскери, әкімшілік, экономикалық, қылмыстық және отбасылық істер бойынша мамандандырылған соттардың құрылуы судьялардың нақты салада терең тәжірибе жинауына және әділ шешімдер қабылдауына ықпал етеді.
Осы тұрғыда әкімшілік әділеттің енгізілуі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азамат пен мемлекеттің арасындағы дауларда азаматтың құқығын қорғауға бағытталған жаңа сервитуттық модельді іске қосты. Бұл модельде сот мемлекеттің жағында емес, азаматтың жанында тұруы тиіс деген үдеріс артуда.
Кез келген жүйенің сапалы жаңғыруына — судьялардың кәсібилігін арттыру басты фактор болып есептеледі. Судьяларды іріктеу мен оқыту жүйесі қайта қаралып, біліктілікке, этикаға және жемқорлыққа қарсы талаптар күшейтілді.
Сот жүйесінің ашықтығы мен есептілігі бойынша — сот шешімдерінің жариялылығы, сот залдарындағы бейнежазба жүйелерінің жаңғыруы, ашықтық пен жариялылық қағидаларының өрбуін жатқызсам артық болмас.
Сот шешімдері ашық дереккөздерде жарияланады, сот процестерін онлайн көруге мүмкіндік берілді. Бұл халықтың бақылау құқығын кеңейтіп, сот жүйесіне деген сенімді арттырады, құқықтың мәдениетті арттырады
Бүл жаңғырту нәтижелері азаматтардың сотқа деген сенімін арттырып келуде, сот процестері бұрынғыға қарағанда жылдамырақ және әділеттірек өтуде, мемлекеттік басқарудың сапасы мен заң үстемдігі күшеюде.
Жетістіктерге қарамастан, бірқатар мәселелер өзектілігін сақтауда мысалы: кейбір өңірлерде судьялардың жүктемесі әлі де жоғары, қоғамның бір бөлігі соттарға әлі де сенімсіздікпен қарайды.
Сот жүйесін жаңғырту үдерісі үзіліссіз жалғасын табады деген ойдамын. Мысалы: жасанды интеллект пен интеллектуалды аналитикалық жүйелерді сот тәжірибесіне енгізуде жаңғырту, медиация мен қоғамдық бақылау тетіктерін дамыту, ұлттық заңнаманы халықаралық құқықтық стандарттармен үйлестіру.
Қазақстандағы сот жүйесін жаңғырту – әділетті және құқықтық мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл реформалар азаматтардың құқықтарын қорғауға, сот төрелігін әділ атқаруға және мемлекеттің тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталғанын қолдайтын азаматтар көп болсын деген ниетпен мақаламды аяқтаймын.
Алматы гарнизонының
Әскери сот әкімшісінің бас маманы
Бекболатова Балжан Серикбаевна