Қазақ тіліндегі сапалы медиаконтентке деген сұраныс күн санап артып келеді. Осы бағыттағы маңызды жаңалықтардың бірі – «Қазақтелеком» АҚ-ның TV+ платформасында биыл жыл соңына дейін қазақ тілінде 400 жаңа фильм мен телехикаяның жарық көруі болып отыр.
Қазір TV+ еліміздегі қазақ тілді бейнеконтенттің ең ірі жинағын ұсынатын алаң. Платформада қазірдің өзінде 1000-нан астам қазақ тіліндегі фильм мен бағдарлама бар. Енді бұл қор әлемдік студиялардың жаңа туындыларымен толығатын болады. Айта кетерлігі, әлемдік киноиндустрия алыбы The Walt Disney компаниясының фильмдері алғаш рет қазақ тілінде және қосымша ақысыз ұсынылып жатыр.
Бұл бастама – компанияның тек жеке жобалармен шектелмейтінін, қазақ тілді цифрлық экожүйені қалыптастыру жолында жүйелі жұмыс істейтінін көрсетеді.
– Біз үшін қазақ тілін дамыту – стратегиялық бағыт. Ана тіліміз мәдениетте, экранда, цифрлық кеңістікте естілуге тиіс. Бұл жай фильмдерді көру емес, арман мен құндылықтарға жетелейтін жол. Қазақстандағы әрбір бала туған тілінің болашағы зор екенін білгені жөн, – деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Бағдат Мусин.
Бүгін компания халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шымкент қаласында ерекше іс-шара ұйымдастырды. «Лило мен Стич» атты анимациялық фильмнің қазақ тіліндегі қайырымдылық көрсетіліміне 200 бала келді. Бұл игі іс мәдени инклюзия мен ұлттық тәрбие құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
– Қазақ тіліндегі сапалы контент балаларға өте қажет. Жасөспірімдердің шет тіліндегі бейнежазбаларды көруі – тілдік, танымдық және психологиялық тұрғыдан қауіп тудырады. Ал ана тіліндегі мультфильмдер мен фильмдер олардың мәдени кодын, құндылықтарын және сенімін қалыптастыратын құрал. Осындай бастамалар үшін үлкен алғыс!, – деді іс-шараға қатысқан Төлеби балалар ауылының тәрбиешісі Гүлнар Сәрсебаева.
TV+ платформасының сараптамасы да қазақ тіліндегі контентке қызығушылықтың артқанын көрсетіп отыр. Биыл қаңтарда 35 мың көрермен болса, сәуірде бұл көрсеткіш 64 мыңнан асты. Ең танымал фильмдер қатарында: «Бажа 2», «Көңілді шіркейлер», «Мулан. Аңыздың тууы» және «Тыным» туындылары бар.
Бүгінде платформада 914 848 аккаунт тіркелген, бұл 504 799 үй шаруашылығын қамтиды. Жыл басынан бері платформа 428 мың рет жүктеліп, мобильдік қосымшаны 1,5 миллионнан астам адам қолданған. Ал маусымнан бастап кез келген адам MAUSYM_25 промокоды арқылы TV+ платформасының толық пакетіне екі апта тегін жазыла алады. Бұл – қазақ тіліндегі жаңа фильмдер мен телехикаяларды тамашалап көруге керемет мүмкіндік болмақ.