Қазақ отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелері педагог-ғалымдар С.Қалиев, М. Смайылова, М.Оразаев, С.Ұзақбаева, К. Қожахметова, Ж. Қоянбаевтардың еңбектерінде жан-жақты сөз болған.
Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Демек, көне дәуірлерден бастау алатын, өзінің тарихи тәжірибесінен, игі салт, игі дәстүрлерінен мүлдем қол үзген қоғамда жаңғыру немесе жаңару мүмкін емес. Халқымыздың осындай тамыры терең кеткен тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі отбасы құндылықтары. Тіпті, біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десекқателеспеген болар едік. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да, білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясатының нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Басқасын айтпағанда көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің әр жыл сайыфн артып, көптараптанып келе жатқанын аңғару қиын емес. Бұл мақсаттарға тек 2017 жылғы республикалық бюджеттен 149,7 млрд теңге қаржы қарастырылған және ол жыл сайын кемінде 15 пайызға артып келе жатыр (1).
Әр жылы өтетін «Мерейлі отбасы» байқауында еліміздегі ең үлгілі отбасылардың өмірі насихатталып, түрлі айтулы марапаттарға ие болуы да елімізде дәстүрге айналған. Әрине, отбасылық саясаттан бөлек отбасылық құндылықтар деген бар. Ол халқымыздың тарихымен бірге қайнап, пісіп шыққан отбасылық дәстүрлер, отбасы мәдениеті мен этикасы.
Отбасының қалыптасуына қоғамның қалыптасуы тікелей байланысты. «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», деген даналық сөз ұлттық тәрбиенің отбасылық өмірде атқарар рөлін айқындап тұрғандай. Қазақтың тарихында киелі отбасының қасиетті ұрпақтары туралы, олардың ел өміріндегі алатын орны, сіңірген еңбегі, қалдырған рухани байлығы, үлгі боларлық тірліктері, өнегелі өмірлері туралы мысалдар көп. Уақытында бізге бай, феодал ретінде оқытылған Құнанбайдың өзі тегін адам болмағандығын еліміз егемендікке жеткенде ғана білдік.
Кішкене артық сөйлеп кетіп «Мен сізден оздым әке, мені бүкіл қазақ таниды» деген Абайға, « Е, Абай, сен менен оздым деуің үшін әуелі мен құсап өзің сияқты ұл тудырып ал» деген сөзі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өнегелі сөз емес пе?
Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамында отбасы құндылықтары құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса ақиқат. Қазіргі уақытта өмірге келген біздің балаларымыздың кіндігін кім кеспей жүр, бұрын жерге ғана көмілетін сол кіндік қайда қалмай жатыр? Басқасын айтпағанда қлдарымыздың сүндет тойын, мұсылмандыққа қадам басу сәтін қай жер болса, сол жерде, арақ-шарап арластырып, ысырапшылдықпен өткізуіміз қай атадан қалған дәстүрімізде бар еді? Өкініштісі, той өткізу бәсекеге айналып, құдалық даңғазалыққа ұласып бара жатыр. Сол қыруар шығынның үйленген жастардың бақытына емес, бақталастығына айналып, ақыры жақсылыққа апармай жатқандығын да көріп жүрміз. Бұған дәлел ретінде неке құрған жас отбасылардың арасындағы ажырасудың кейінгі жылдары аса қауіпті деңгейге жеткенін айтсақ та жеткілікті.
Статистикалық көрсеткіш бойынша, Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Мысалы,2016 жылғы ресми мәліметтерге қарағанда, қалалық жерлердегі ажырасу деңгейі 40 пайыз болса, ауылдық жерлердегі ажырасу деңгейі 27 пайызға жеткен. Ажырасулардың 40 пайызы алғашқы бес жылда орын алатындығы да ойландырады. Соңғы бес жылда еліміздегі тіркелген некенің саны азайып, ажырасулардың саны көбейген. Ажырасулардың кесірінен республика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40 000-нан асып отыр. Бұл жай ғана жалаң цифрлар емес, қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші. Әрісінде қаншама адамның тағдыры бар. Қаншама жас сәбидің көз жасы, көңіл наласы бар.
Әкесіз тәрбиеленген ұл мен қыздың жарымжан тағдырына жалпы қоғам болып жауапты екенімізді ұмыта бастаған сыңайлымыз. Батыстық оңашалаудың әсерінен бе, кейінгі кезде біреудің отбасындаңы мәселеге мүлдем бейжаймыз. Әркімнің жеке басының шаруасы дейтінді шығардық. Әке мен шеше тым балажан болып алды. «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деген сөз бүгінгі ата-ананың басты уәжіне айналған. Осы бір сұрқия сөздің қай дәуірден жеткенін кім білсін?… Астарынан жауапкершілік заманнның салқыны сезіледі. Ендеше бүгінгідей бейбіт заманда мұншалықты салмағы ауыр сөзге арқа сүйеуіміз бекершілік екенін білсек.
Жоғарыда атап өткеніміздей, отбасылық өмір салтының құлдырап, құнсыздануы жалпы әлемдік тенденция. 2016 жылғы ажырасулардың деңгейі бойынша алғашқы ондыққа енетін елдердің басым бөлігі экономикасы дамыған Еуропа елдері екен. Зерттеушілер, тіпті, дәстүрлі құндылықтарын берік ұстанатын мұсылман елдеріне де бұл індеттің кең тарай бастағанын айтады. Бірақ, бұл өркениетті елдердің өресін көрсетпейді.
Дамыған сайын сол елдерге бар жағынан ұқсас болуымыз керек деген де дұрыс емес. Қайта әлемдегі ең дамыған сегіз елдің қатарына ене отырып өз салты мен дәстүрін, рухани құндылықтарын, отбасындағы мәдениетін сақтап отырған Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдерге еліктегеніміз жөн болар. Қандай бай, қаншалықты биік дәрежеде тұрса да иіліп сәлем салып тұрған, жымиып байсалдылық танытқан жапондық, не корей азаматын көріп тұрып таң қаласың.
Алысқа ұзамай-ақ өзіміздің тамырлас туысымыз, көршілес өзбек халқының кішіпейілдігі мен еңбекөқоалығы, үнемшілдігі, үлкенге құрметі баршаға үлгі болатын ақ нәрсе. Сол көршілес жатқан Өзбекстанда некенің бұзылу деңгейі 10 пайыздан аспайды екен. Бұл елде де қиыншылықтар бастан асады, тұрмысы төмен отбасылар да аз емес. Бірақ, тұрмыс қиыншылығынан гөрі өзбек ағайындарда ар-ұят, намыс, ұрпақтың тағдыры биік тұрады. Бұл да отбасындағы тәрбиенің біздің қоғамымыз үшін қаншалықты маңыздылығын көрсетсе керек. Тиісінше, әр елдің аталмыш мәселенің алдын алу үшін қоғамдық деңгейде көтерген бастамалары мен мемлекеттік бағдарламалары бар. Бұл шаралардың басым бөлігі отбасыларға кәсіби деңгейде психологиялық кеңес беріп, көмек көрсете алатын орталықтардың санын көбейтіп, сапасын көтеруге бағытталады екен. Ал, біздің елде осындай отбасылық орталықтар бар ма? Бар болса олардың саны қанша? Сол отбасылық кеңес беру орталықтарындағы мамандардың кәсіби деңгейі, біліктілік, құзыреттілік дәрежесі қандай? Қазіргі тілмен айтқанда, әуелі осы мәселелердің ауқымды аудитін өткізіп, қоғамдық және мемлекеттік деңгейде қолға алуымыз керек.
Әдетте отбасылық қайшылықтарға ұрынған жұптар психолог мамандардың көмегіне жүгіне бермейді. Мұның да себеп- салдарын анықтаған абзал. Отбасылық психологиялық кеңес қызметтерінің беделін көтеріп, абыройын арттыруға бағытталған кешенді үгіт, насихат іс-шаралары да керек-ақ. Тіпті сол отбасылық кеңес орталықтарын АХАЖ бөлімдерінің қасынан ашу мүмкіндігін де қарастыруға болады. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Баланың тағдыры анаға тікелей байланысты. Соңғы кезде жаңа ғана туған баласын сәбилер үйінің алдында қалдырыпты, күл-қоқыстың арасына тастап кетіпті деген ақпараттарды көп естиміз. Көңіліміз құлазиды. Өзі туған сәбиін керексіз бір зат сияқты лақтырып кету үшін қандай адам болу екерек? Баласын тастап кеткен әйелді де, сондай жағдайға душар еткен еркекті де ақтап алу мүмкін емес.
Статистикаға сүйенсек, бүгінде балалалар үйіндегі 7200-ден астам сәбидің 696-сы әке-шешесі ата-аналық құқығынан бас тартқандар, 436-сы тастанды балалар екен. Ал, 3400-інің ата-аналары құқықтарынан айырылғандар. Яғни, балалар үйіндегі балалардың 63 пайызының әке-шешешсі тірі деген сөз. Бұл адам тауқыметі деп айтуға болады. Отбасылық саясатты қалыптастыруда атқарылатын атқарылатын шаруалар әлі көп. Отбасылық құндылықтарды насихаттау және көп балалы отбасыларды ынталандыру бағытындағы жәрдемақы түрлерін әр кезеңнің талабына сай жетілдіріп отыру маңызды мәселе. Мысалы, бес бала немесе бес баладан көп баланы дүниеге әкелген аналарға айлық еңбекақы тағайындау арқылы олардың еңбек өтілін сақтап қалу мүмкіндігін қарастыру маңыздышаралардың бірі болар еді. Бұл өз кезегінде қоғамда көпбалалы отбасы болудың беделін бекемдеп, абыройын арттырары хақ. Аталмыш жәрдемақы түрінің әлеуметтік маңызын да ешкім жоққа шығара қоймас. Себебі бала тәрбиесімен айналысудан қиын, маңызды, пайдалы әрі құнды еңбек бар ма? (2.36 б).
Бір отырыста төрде отырған абыз ақсақалдың «дінімізден айырылып, тілімізді ұмытып, ұлт ретінде жойылып бара жатқанда бізді аман алып қалған қазақы кең пейіліміз бен ақ дастарқанымыз» деген ұлағатты әңгімесін естіп едім. Түсінген адамға астары терең, мазмұны мәнді сөз. Рас, кейінгі бір-екі ғасырдың төңірегінде қазақ қоғамы жантүршігерлік зұлматты замандарды басынан өткерді. Мың өлдік, мың тірілдік… Замана дауылы сын тезіне салғанда сол бәйтеректің белі бүгілді, бұтасы үгілді, жапырағы төгілді. Бірақ діңгегі құламай дін аман қалды. Себебі, оның тамыры тереңге бойлаған. Тамыр дегеніміз – біздің өткеніміз, тарих бойғы тәжірибе құнарын ұлт бойына дарытып, сол алып бәйтеректің діңгегін нықтап, бұтасын көгертіп, жапырағын жайқалтатын жалғыз күш.
Біріншіден, біз балалалрымызға дұрыс тәрбие беруіміз керек. Әр үйдің баласы тәрбиелі болса, қоғам тәрбиелі болады.
Екіншіден, өз үйімізді таза ұстауымыз керек. Әр үйдің іші, есігінің алды таза болса, ауылымыз, еліміз таза болады.
Үшіншіден, өз көршімізбен тату тұруымыз керек. Әр көрші тату болса, еліміз ынтымақта болады. Әрбір отбасы осы үш қағиданы дұрыс ұстанса, біздің тәуелсіздігіміз баянды, мемлекетіміз мықты болары сөзсіз.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туа бітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата- ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық. Ендеше ұлттық тәрбие – ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге нық қадам басудың негізі болмақ.
Отбасы – адам өмірінде, оны жеке тұлға ретінде қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Ата-ана мен отбасының өзге мүшелері баланың жас және жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып, рухани-адамгершілік тәрбие берудің формалары мен әдістерін нақты жүзеге асыра білуі тиіс. Адамгершілік – адамның рухани арқауы. Өйткені, адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ғана ардақталады. Ал, қоғамдағы адамгершілік тәрбиесі – адамгершілік сезімді, ұлттық сананы, парасатты мінез-құлық дағдыларын қалыптастырып, жетілдіруде жалпыадамзаттық құндылықтарды тиімді пайдалануға бағытталған жалпыадамзаттық құндылықтарды тиімді пайдалануға бағытталған жалпыадамзаттық тәрбиенің бір бөлігі. Сондықтан, бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісінің басты мақсаты ақылды да әдепті, жан-жақты жетілген, адамгершілігі мол жас ұрпақ өкілдерін тәрбиелеу болып табылады.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің
аға оқытушысы Сембаев Руслан
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің
аға оқытушысы Мөлдір Мәлікқызы
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру. Астана, 2017
Бектаев Ә. Отбасы құндылықтары және ұлттық тәрбие// Егемен Қазақстан, 2017 ж