2025 жылғы 5 мамыр күні Астана қаласындағы «Жастар» мәдениет сарайында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты концерттік іс-шара өтті. Мерекелік шара аясында шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерт ұйымдастырылып, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өткізілді.
Іс-шараны Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің басшылығы ашып, қызметкерлерге адал еңбегі, кәсіби шеберлігі және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі үлесі үшін алғысын білдірді.
Салтанатты бөлімде үздік қызметкерлерге құрмет грамоталары, алғыс хаттар, ведомстволық марапаттар мен естелік медальдар табысталды. Сондай-ақ, ардагерлерге, қызметкерлердің ата-аналарына ерекше көңіл бөлініп, оларға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар ұсынылды.
Концерттік бағдарламада вокалдық өнерпаздар, би ансамбльдері мен шығармашылық ұжымдардың патриоттық қойылымдары, сондай-ақ Департамент пен оған қарасты мекемелердің қызметкерлерінен құралған хор ұжымының орындауындағы композициялар ұсынылды. Көрермендер әрбір өнер нөмірін ыстық ықыласпен қарсы алып, мерекелік көңіл-күй мен жоғары деңгейдегі ұйымдастыруға өз бағасын берді.
Сонымен қатар, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі «Сұрапыл соғыс» атты бейнеролик көрсетілді. Онда Бауыржан Момышұлы басқарған батальонның дивизиядан оқшау қалса да, Матренин ауылындағы Волоколамск тас жолында жаумен ерлікпен шайқасқаны баяндалды.
Мерекелік іс-шара қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің мәртебесінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, ұжымдық рухты нығайту мен патриоттық тәрбиені арттыруға елеулі үлес қосты.