Жалғас Есмаханов – сотталғандардың құқықтық сауатын арттырып жүрген заңгер
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде бүгінде 150-ден астам азамат жаза мерзімін өтеп жатыр.Бұл мекемеде жазасын өтеушілердің тек жаза арқалап қана қоймай, құқықтық сауатын арттыру, отбасымен байланысын нығайту, азаматтық-құқықтық қатынастарын реттеу сынды маңызды мәселелер де басты назарда. Осы бағыттағы күрделі де жауапты мамандардың бірі – мекеме заңгері Жалғас Есмаханов.
Заңгердің айтуынша, сотталған азаматтар күнделікті әртүрлі сұрақтармен жүгінеді. Ең жиі кездесетін мәселелер – азаматтық-құқықтық сұрақтар, неке және отбасы қатынастары, сенімхат рәсімдеу төңірегінде болады. Көп жағдайда сотталғандар өздеріне тиесілі мүлікті туыстарына беру үшін сенімхат жасатуға мәжбүр болады. Бұл ретте мекеме заңгері қажетті құқықтық көмек көрсетіп, құжаттарды дұрыс рәсімдеуге жәрдемдеседі. Көлік құралын жақындарына сенімхат арқылы басқаруға немесе сатуға рұқсат беру де жиі орын алып жатады.
Жалғас Есмаханов ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 118-бабы бойынша да түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырады. Бұл бапта жазасын өтеу барысында мемлекетке, мекемеге немесе жеке тұлғаларға келтірілген материалдық шығын үшін сотталған адамның жауапкершілігі нақты көрсетілген. Заң баптардын терең түсіндіру – заңгердің күнделікті міндеті.
Құқықтық жұмыстармен қатар, мекеме заңгері сотталғандардың отбасылық жағдайларын реттеуге де атсалысады. Жазасын өтеу барысында заңды некеге тұруға ниет білдірген азаматтарға құжаттарын дайындап, тиісті органға жолдайды. Осылайша, қиын жағдайға тап болған жандардың жаңа өмірге үмітпен қарауына да себепкер болуда.
Жалғас Есмахановтың еңбегі – тек заңдық құжаттармен шектелмейді. Ол – адам тағдырына, олардың болашағына әсер етіп отырған үлкен жауапкершілік. Темір тордың ар жағында болса да, әр сотталғанның құқықтарын қорғап, оларға бағыт-бағдар беру – нағыз маманның ісі.
Үнемі біліктілік пен білімді талап ететін бұл салада Ж.Есмаханов өзінің адалдығы мен кәсібилігі арқылы үлкен сенімге ие болып отыр.