Елдің басты экономикалық драйверінің бірі – ауыл шаруашылығының оның ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелердің бірі екені даусыз. Өйткені, өнеркәсіптік индустрияны қаншалықты дамытқанмен, аграрлық сала экономиканың негізгі қозғаушы күші болып қала бермек. Былтыр астық өндіруде рекордтық өнім жинаған Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің дамуында да соңғы он жылда болмаған көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өткен жөн.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жария еткен ресми деректерге жүгінсек өткен жылы ауыл шаруашылығы ішкі жалпы өнімнің көлемі 13,7 пайызға дейін ұлғайып 8,3 триллион теңгеге жетіп жығылған. Кеңейтілген алқа мәжілісі барысында елдің аграрлық секторының өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, биылғы басым міндеттері анықталды.
Парламент Мәжілісінің депутаттарынан бастап Президент әкімшілігі өкілдері, Үкімет аппараты, мемлекеттік органдар, облыс әкімі орынбасарлары, бизнес қауымдастықтар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысқан жиында елдің аграрлық өнеркәсіп кешенін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, ішкі-сыртқы нарықтағы ахуалын нығайту мәселелері қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәліметінше былтырғы жыл соңғы он жыл ішіндегі айтарлықтай мол өнім алған сәтті жыл болды. Өйткені ішкі жалпы өнім бұрнағымен салыстырғанда 13,7 пайызға дейін өсіп, 8,3 триллион теңгеден асып жығылған. Министр мұндай өсімнің негізгі факторлар ретінде аграрлық шаруашылықтардың жеңілдікті несиелер мен оларды алу қолжетімділігінің артқанымен байланыстырды. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің заманауи технологияларды белсендірек енгізуіне, өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі мен өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік берген.
– Аграрлық саланы дамыту мақсатында министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тікелей субсидия беру жүйесінен фермерлерді жеңілдікпен несиелеуге біртіндеп ауысып келеді. Биыл бұл процесс одан әрі күшейтіліп көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдікті қаржыландыру көлемі 700 миллиард теңгеге дейін ұлғайып, ал жеңілдікті техника лизингіне қосымша 200 миллиард теңге қарастырылып отыр, – деді министр Айдарбек Сапаров.
Ведомство ауыл шаруашылығының негізінен өсімдік шаруашылығы есебінен өндіріс көлемінің көтеріліп келе жатқанын алға тартты. Вице-министр Азат Сұлтановтың айтуынша ауыл шаруашылығы ішкі жалпы өнімінің ұлғаю көрсеткіштері бойынша Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстары үздік көрсеткіштерге қол жеткізген. Дегенмен бірқатар аймақтардың нәтижесі жоспарланған межеден біршама төмендеу болып шықты.
Министрлік өткен жылы агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдерін енгізген. Яғни, 2028 жылға дейінгі ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым шаруашылығы мен селекцияны дамыту бойынша кешенді жоспары бекітілген.
Елдің аграрлық саласын дамытудың басымдықтарын нақтылау мақсатында 2025 жылғы Жол картасы мен міндеттерін жүзеге асыру ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі жалпы өнім көлемін екі есеге дейін өсіруді қарастырып отыр. Алайда, қазіргі сәтте жоспарлы көрсеткіштердің орындалуы бірқатар аймақтарда тек 80 пайызды ғана құрап, қосымша жұмыстар жүргізу қажеттігін көрсеткен.
Жиын барысында министрлік саланы дамытуда бірінші кезекте облыс әкімі орынбасарлары тарапынан жоспарланған шаралардың жүзеге асырылуын, бақылаудың күшейтілуін оның ішінде егістік алқаптардың диверсификациясы мен көктемгі дала жұмыстарының уақытында өткізілуіне баса мән беруге назар аударудың қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ үстіміздегі жылдағы аграрлық өнеркәсіптік кешендерді дамытудың басты міндеттері айқындалды. Атап айтқанда ауыл шаруашылығы жұмыстарын оңтайлы мерзімде өткізу, егістік алқаптары құрылымының одан арғы диверсификациясы, минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемін 1,9 миллион тоннаға дейін ұлғайту, ауыл шаруашылығы техникасы паркін 6,5 пайызға дейін жаңарту сияқты нақты мақсаттар қойылды.
Осылайша биыл Қазақстанның аграрлық өнеркәсіптік кешенін жаңғыртуға, алдыңғы қатарлы технологиялар мен өндіріс тиімділігін арттыру бағытын жалғастыра бермек. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл орайда саланы дамыту стратегиясы шеңберінде қабылданған шаралар отандық ауыл шаруашылығы позицияларын нығайтып, тұрақты өсімді қамтамасыз ететініне сенімді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ