Ұстазды ұлықтау – ұлағатты іс. Баланы да, дананы да тәрбиелейтін – ұстаз. Ұрпағымыздың болашағы мұғалімдердің берген біліміне, көрсеткен өнегесіне, нұсқаған бағыт-бағдарына байланысты. Өкінішке орай, кейінгі жылдары ұстаздарға деген құрмет кеміп, қоғамның көзқарасы түбегейлі өзгеріп кеткендей көрінеді.
Мұғалімді қолбалаға айналдырып қызметінен тыс жұмыстарға жегу əлі тыйылмай тұр. Семейде шырша безендіремін деп биіктен құлаған мұғалімнің оқиғасын естімеген жан жоқ шығар. Шын мəнінде бұл мұғалімнің міндеті емес еді. Ең болмаса, осындай қосымша жұмыстарда техникалық қауіпсіздік талаптары сақталса жақсы. Ал бір əулет бетіне қарап отырған семейлік əріптесіміз оқыс жағдайдан кейін миына қан құйылып, бас сүйегі зақымданды. Осы оқиғадан соң қала əкімінің орынбасары сөгіс алып, білім бөлімінің басшысы қызметінен кетті. Бірақ, одан мұғалімнің жағдайы оңалып, жалпы педагогтерге деген көзқарастың түзелмесі анық. Баласының айтқанын тыңдап, сөзіне еріп, мұғалімді көпшілік алдында төмендету үшін мектепке арнайы келетін ата-аналар қаншама? «Сіз неге балама қатты сөйлейсіз! Неге дауыс көтересіз! Неге соңғы партаға отырғызасыз!» деген сияқ ты толып жатқан қарсылығын айтып, мұғалімнің жанына жара салатындарда тіпті есеп жоқ. Ал ата-анасының мұғалім мен мектепке деген теріс көзқарасын көріп, біліп өскен баланың білімге ұмтылуы мүмкін бе? Ата-анасы тең көрмейтін мұғалімді баланың да бар зейінімен тыңдай қоюы екіталай. Бүгінгі ата-ана осы жағын ескермейді. Қазір мұғалімді өзінен төмен санайтын, білімін жоққа шығаратын, айтқанын құлағына ілмейтін ата-аналар жеткілікті. Білім саласында балаларымыздың жетістігі көп болсын десек, ата-ана мұғалімнің жұмысына құрметпен қарауы тиіс. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ əкелген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тəрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз.
Салтанат СЕЙДАХМЕТОВА, М. Ғабдуллин атындағы орта мектеп
ҚАРАСАЙ АУДАНЫ АБАЙ АУЫЛЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ