Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер арасында мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Осындай шаралардың бірі – Көңілді тапқырлар клубы (КВН) сайысы болып өтті. Бұл жарысқа үш команда қатысып, әзіл-қалжыңға құрылған көріністер қойып, өз өнерлерін ортаға салды.
Жазасын өтеушілер бұл шараға ерекше дайындықпен келіп, тапқырлықтарын танытып, қызықты қойылымдар көрсетті. Әзіл арқылы қоғамға, өмірге деген көзқарастарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осындай сайыстар сотталған азаматтардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, рухани жетілуіне ықпал етіп, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді.
- Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте біздің команда 1-орын иелендік. Бұл біз үшін үлкен жетістік! Әр қатысушы өз өнерін жоғары деңгейде көрсетті.Көңіліміз көтеріліп, бір серпіліп қалдық. Осындай шаралардың көп болғанын қалаймыз. Алдағы уақытта да мекемеішілік іс-шараларға белсенді қатысуға дайынбыз”, – дейді сотталған азамат.
Мекеме әкімшілігі алдағы уақытта да осындай рухани-мәдени шараларды ұйымдастыруды жалғастыратынын жеткізді. Бұл – сотталған азаматтардың өмірге деген құлшынысын арттырып, олардың болашаққа сеніммен қарауына септігін тигізетін маңызды қадам.