Арман атты шалғай ауылда үш дос болыпты: Мақсат, Үміт, Сенім. Үшеуі айырылмас дос, ажырамас бауыр екен. Мектепке бірге барып, ойнаса да қатар жүреді. Әрбірінің өзіндік ерекшелігі тағы бар. Мақсаттың үлгерімі жақсы болса, Сенім спортқа жақын, ал Үміт қысылғанда жолтапқыш. Сондықтан болар, қайда жүрсе бірге.
Бәрі мектептен кейін ауылдан алыс жерде орналасқан алаңқайда дос теуіп, футбол ойнағанды ұнататын. Бір-бірін қалыс қалдырмай, үнемі бірге барып, бірге келетін. Жол бойы әңгіме айтып, арманын бөлісіп, келешекті жоспарлаудан танбаушы еді.
Қызығы, үш дос футбол ойнайтын алаңқайға апаратын екі жол барын біледі. Алайда күндегі әдет бойынша үйреншікті, өздеріне таныс сүрлеумен ғана жүретін. Үлкендер де тек осы жолмен баруды мықтап тапсырған. Достар жол бойы жақсы сөздер айтатын жолға «келешек» деп атқойып, тек осы жолмен жүруге серттескен болатын.
Бірде «келешек» жолымен келе жатқан үш достың арасында әңгіме өрбіді. Мақсат:
– Достар, осы неге біз алаңқайға осы жолмен ғана барамыз? Екінші жолмен жүруге не кедергі? – деді.
– Білмеймін, үлкендер осы жолды қауіпсіз деген, – сөзге Үміт қосылды.
– Ол жолға жоламағанымыз дұрыс. Халық ол жолды «Қатер» деп атайды. Ағамның айтуынша, онда адамның терісін қарайтып, қара адамға айналдыратын қара гүл өседі екен. Егер кімде-кім оған қол тигізсе, сол мезетте қарайып шыға келеді дейді. Ауылда екі адамның қарайып жүргенін көрдім, – деп сақтандырды Сенім.
– Сонда қарайған адам солай қала ма? – деп сұрады Үміт.
– Ол дерттен жазылу қиын. Тек дау басындағы ақ гүл ғана ем екен. Ал тау басына шығу әрі ақ гүлді табу оңай емес. Сондықтан абай болған жөн, – деді Сенім.
Алайда Мақсат достарының сөзіне сенбеді. Ол жай қауесет, жалған сөз деп қабылдады. Тіпті дұрыстығын дәлелдеу үшін сол жолмен жүріп көргісі келетінін жасырмады.
– Мен сенбеймін. Үлкендер бізді алдап жүр. Сендер айтқан қарайған адамды мен де көрдім. Олардың айтуынша, «Қатер» жолымен тек ең мықты, ержүрек батырлар ғана жүреді. Көресіңдер әлі, мен де осы жолмен жүріп өтіп, мықтылығымды дәлелдеймін, – деді Мақсат.
Екі дос Мақсатты райынан қайтаруға тырысқанымен ол тыңдамады. Футбол алаңқайынан қайтар жолда достарының үгітіне қарамастан «Қатер» жолына қарай жүгіріп кетті.
Мақсаттың «Қатер» жолына түскені сол еді, бойын үрей біледі. Өзінің қатесін мойындағысы келмегендіктен кері қайтуға батылы бармады. Бар амалы алға жүру болған. Күн ашық, қара гүлді көрсе айналып өтпек болды.
Достардан ұзап, «Қатер» жолымен біршама уақыт жүрді. Жол ортасына жеткен сәтте кенет аспанды бұлт торлап, жолдың бәрі күңгірт тартып, көмескілене түскен. Сәлден соң тұман араласып, қадым жол көрінбейтін жағдайға тап болды. Жол жиегіне шыққанын аңдамай, тек үлкен дараққа тірелгенде ғана тоқтаған. Күн ашылғанша демалуды жоспарлап, тал түбіне отырды. Көп ұзамай, әлсіреп қалың ұйқыға кеткен еді.
Мақсат аспан күркірінен оянды. Жан-жағына қараса, күн ашық екен. Дарақ жанындағы бұлаққа бетін жууға оқталып еңкейгені сол еді, қалай айқайлап жібергенін өзі де білмей қалды. Үсті басы қарайған, бет-әлпеті толық қап-қара. Сол кезде ғана дарақ түбіндегі қара гүлді көрді…
Үйіне жүгіре жеткен Мақсаттың түрін көрген ауылдастыры не жағдай болғанын айтпай-ақ ұғынған болатын. Барлығы оны жазғырып, өмір бойы қарайып жүретінін айтумен болды. Тек достары Үміт пен Сенім ғана емнің барына сеніп, жолын іздеуге кірісті.
– Сенім, сен бұл дерттің дауасын ақ гүлден табуға болады дедің емес пе? Тау шыңына шығып, сол гүлді іздесек қайтеді? – деді Үміт.
– Дұрыс айтасың, уақыт жоғалтпай, тауға барайық, – деді Сенім.
Осылайша, қос дос тауға шығуға дайындалып, келесі күні таңсәріде жолға аттанды. Алып тас, биік белестерді бағындырып, шаршады. Таудың ұшар шыңы көрінер емес. Бір-біріне қолдау білдіріп ғана жүрісін жалғастырып келеді. Бір мезетте тау шыңына да шықты. Дегенмен қанша іздесе де ақ гүлді таба алмады. Екеуінің салы суға кетіп отырған шақта, алдыдан дорба асынған қарт көрінді. Бір білсе, үлкен кісі білер деген оймен екеуі жүгіре жеткен.
– Ассалаумағалейкүм! Амансыз ба, ата? – деді екеуі жамырай амандасып.
– Уағалейкүмассалам, балаларым. Жақсымын. Тау басында не істеп жүрсіңдер? – деп сұрады қарт кісі.
– Досымыз қара гүлді басып, қарайып кетті. Соның емін табу үшін ақ гүлді іздеп жүрміз. Қанша қарасақ та табылар емес, – деді Сенім.
– Ақ гүлді іздеушілер көп. Іздеген жерлерің осы, алайда ол гүлді табу үшін ән айту керек. Достыққа, махаббатқа толы шынайы ән ғана ақ гүлді өсіріп, бүршік жайғызады, – деді қарт. Соны айтқаны мұң екен, қария көзден ғайып болды.
Екі дос абдырап біршама уақыт тұрып қалды. Бір сәтте Үмітке ой келді.
– Сенім, бала кезден бірге айтатын «Бақыт» әнін шырқайық әрі сол кезде досымыз Мақсаттың жақсылығын, жағымды мінезін есімізге алайық, – деп ой айытты.
Екеуі «Бақыт» әнін шырқады.
«Жолдаспыз, дос-жаранбыз, жалын-армыз.
Әнменен жаман ойдан арыламыз,
Басына іс түскенде жақын жанның
Кідірмей сол сәтінде табыламыз», – деп әндетті. Сол-ақ екен айнала ақ гүлге көмкеріліп сала берді. Екі дос қуанып, бір тал гүлді жұлып алып, ауылға қарай жүгірді…
Асылхан РОЛЛАНҰЛЫ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің І курс студенті,
Қызылорда қаласы