2024 жылғы 29 қарашада Астана қаласының адам құқықтары жөніндегі өкілі Баян Өмірзаққызы Жалмағанбетова №64 тергеу изоляторының басшылығымен бірге тергеу абақтысына қамалған азаматтарды қабылдап, режимдік корпусында, соның ішінде әйелдер бөлімінде мониторинг жүргізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – адам құқықтарының сақталуын бақылау, қамаудағылардың тұрмыс жағдайын жақсарту, сондай-ақ олардың құқықтық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету болды. Сонымен қатар Баян Өмірзаққызы және №64 тергеу изоляторының өкілдері режимдік корпустарды, оның ішінде әйелдер бөлімін тексерді. Қамаудағы әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтары, яғни медициналық қызмет көрсету және әлеуметтік реабилитация мәселелері ерекше назарға алынды. Шара аясында зорлық-зомбылыққа қарсы акцияға орай құқықтық сағат өткізілді. Бұл құқықтық сағат азаматтардың құқықтары туралы ақпаратты арттыру және зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелері бойынша консультациялар алу мүмкіндігі болды. Іс-шара барысында әйелдерге, балаларға және қамаудағыларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, тергеу изоляторында отырған азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажеттілігі көтерілді, бұл олардың құқықтық нормаларды түсінуі мен бейімделуіне ықпал етеді.