Астана әуежайынан 4 жыл бұрын 8 шаршы метрді жалға алып, ақша айырбастау пунктін ашып, 15 шақты адамға жұмыс тауып берген кәсіпкер Айнұр Рахимова тығырыққа тірелгенін айтады.
Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына шетелдік басшы келгелі өзіміздікін өзектен теуіп, сырттан келген инвесторды құшақ жая қарсы алған. Тіпті, әуежайдың басқарма төрағасы Юсуф Рашед Мохаммед Альджавдер жергілікті кәсіпкерлерге бұл жайында бір күн ішінде ғана айтып, орнын босатуды талап еткен. Дөңгелетіп отырған кәсібінің шырқы бұзылған кәсіпкер Алматыда баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, әуежай әкімшілігінің әділетсіз әрекетін жайып салып, жоғары жаққа жетуін сұрады.
«Кез келген заңға бағынатын өркениетті елде алдын ала ескертілуі тиіс екенін бәрі біледі» деген кәсіпкер Айнұр Рахимова заңға жүгіну арқылы еш себепсіз қуылғанын дәлелдеуге тырысып, халықаралық әуежайды сотқа берген.
«Жаңа инвестор Біріккен Араб Әмірлігінен келіпті. Бірақ маған бір ай бұрын емес, бір күнде «Келісімшарт құжатын әрі қарай соза алмаймыз. Сіздің нүктені тікелей бәсекелесіңізге береміз. Мына жерді босат!» дегені дұрыс емес. Менің де қарамағымда 15 қызметкер бар. Оларға алдын ала ескертуім керек. Бұл туралы заңда жазылған. 2020 жылы осы нүктені ашқанда елде, әлемде пандемия болды. Бизнес онша жүрген жоқ. Оның үстіне төрт жылда қанша ақша құйып, барлық талапқа сай жұмыс істеп келдік. Енді ғана аяқтан тік тұрып келе жатқанда, мүмкіндіктен қағып, орнымызды тартып алды. Заң бәріне ортақ. Біз құқымызды талап етіп, сотқа берсек те әуежай әкімшілігі құжаттарды бұрмалап, бізден құтылудың бар амалын жасап жатыр», – дейді кәсіпкер Айнұр Рахимова.
Кәсіпкердің қорғаушысы Алма Мусинаның айтуынша, әуежай әкімшілігі ілік таппай, ақыр соңында жал құнын төлеуге қатысты кілтипан таппақшы болыпты. «Алайда, ақша айырбастау нүктесі бәрін төлеп отырды. Банк түбіртегі мен шағын үзінділері қолымызда. Осы төрт жылда қызмет көрсетуге қатысты ешқандай мәселе туындаған жоқ. Сондықтан әуежай тарапынан тағылған айып заңсыз. ҚР Азаматтық кодексінде 557 деген бап бар. Сол бапта «жалға алушының шартты жаңа мерзiмге жасасуға құқығы бар және заңмен қорғалады» делінген. Яғни, өз міндетін лайықты атқарған жалға алушы шарт мерзімі біткеннен кейін басқа тұлғалардың алдында мүліктік жалдау шартын жаңа мерзімге жасау кезінде артықшылық құқығы бар. Соан қарамастан әуежай нысанды өзге біреулерге жалға беріп отыр. Бұл қай жағынан алсаңыз да дұрыс емес. Өйткені заң біз жағында», – дейді қорғаушы Алма Мусина.
Сонда әуежайдың жаңа басшылығы шетелдік инвестор үшін отандық кәсіпкерлерді ығыстыра бастаған ба? Жаңа инвестордың келуі неге жергілікті тұрғындарға кедергі келтіруі керек?
«7,5 мың шаршы метр әуежайдан жалға алып отырған жерім 8-ақ шаршы метр. Бәсеке керек болса, араб инвесторына үлкен аумақтан басқа орын табылмады ма? Әлде, көздегені біздің yes_exchange-ді қуып шығу ма? Мұның артында кімнің және қандай мүдделер тоғысы тұрғаны әзірге беймәлім» деген кәсіпкер Айнұр Рахимованың бар үміті алдағы сот отырысынан әділ шешім күту.
Істің ақ-қарасын Астана қаласының экономикалық соты қарап жатыр. Бұған дейін екі сот отырысында мән-жай тәптіштеліп айтылды. Ал сот 5-ші тамыз күні даулы мәселеге нүкте қоюы тиіс.