Астанада мүгедектігі бар жандарға заман талабына сай кәсіптерді оқытуға арналған арнайы лагерь жұмысын бастады.
Бүгінде сұранысқа ие веб дизайн және жасанды интелектпен астасатын AI мамандығы «Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдастырып отырған «OrleTECH 3.0» жобасының арқасында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді болып отыр. Еліміздің барлық аймағынан 1,5 мың адам өтініш берген жобаға, соңында 180 адам іріктеліп алынған.
Лагердің бір ерекшелігі ерекше қажетілігі бар адамдарға икемделуі. Мысалы, курсты өту кезінде қазақ, орыс тілдерінен бөлек, ымдау тілі де қолданылады. Ұйымдастырушылар бұнымен тоқтамай, шілде айының соңында Алматыда аталмыш шараны ары қарай жалғастырмақ екен. Оқу процесі ағымдағы жылдың қарашасына дейін жалғасады.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, оқу кезінде қатысушылар тек жаңа мамандық игеріп қана қоймай, жұмысқа тұру тәртібімен де танысады. Нақтырақ түйіндеме түзу, онлайн алаңдардарда жұмыс жасау және жұмыс алды интервьюге дайындалу секілді қызметтер күтіп тұр.
«БҰҰ-ның мүгедектігі бар адамдар жайлы конвенциясы бойынша, елімізде 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға қатысты ұлттық жоспар бар. Жоспар аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл соның бір сыпырасы. Аталмыш қайырымдылық жоба, азаматтарымыздың еңбек нарығында бәсекеге төтеп беруіне мүмкіндік ашады» , — дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Лагерь қатысушылары да, аталмыш шара жайлы оң пікірлерін жеткізді.
«Ұлттық деңгейдегі компанияларда жұмыс жасау үшін мықты әрі қымбат оқу орындарында білім алу керек. Бәрімізде ондай мүмкіндік жоқ. Дегенмен, осы шара арқасында мүмкіндігі шектеулі адамдардың да заман талабына сай мамандықты игеруге қолы жетіп отыр. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз» , — дейді лагерь қатысушы Еркебұлан
Аталмыш курс мүгедектігі бар адамдарды тек оқытып қана қоймай, өмірлік мақсат сыйлап отыр.
«Үйде жатып не істерімді білмей кеттім. Айналысар сүйікті ісімді іздедім. Компьютерлік жұмыстар жаныма жақын болғандықтан, осы жолғы мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді, үмітіміз көп. Жалпы мұндай жобалар бізді қатты қуантады. Мемлекеттің осы бағытта жұмыс істеп мүгедектігі бар жандарды қуантуға тырысып жатқаны көңілімізден шығып отыр» , — дейді лагерь қатысушысы Бағлан. Атап өтер жайт, елімізде мүгедектігі бар жандарды өмірге бейімдеу мақсатында қолға алынып отырған шаралар уақыт сұранысынан туындап, бүгінгі күннің талабына жауап беріп отыр.
Еске сала кетейік 26 маусымдағы брифингте Еңбек министрі мүгедектігі бар адамдардың жағдайын жақсартып, кемсіту және оқшаулау фактілерін азайту туралы айтқан еді. Жоғарыдағы орталық осы мақсатта атқарылып жатқан шаралардың бірі.