Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына кедергі келтіретін қауіпті құбылыс

Қоғамның өркендеуі мен мемлекеттің тұрақты дамуы заң үстемдігіне, әділдікке және азаматтардың адалдық қағидаттарын ұстануына тікелей байланысты. Ал осы құндылықтарға нұқсан келтіретін ең өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл – тек жекелеген адамның заң бұзушылығы емес, тұтас қоғамның дамуына кері әсерін тигізетін, мемлекеттік басқару жүйесіне және халықтың сеніміне зиян келтіретін күрделі әлеуметтік құбылыс.

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуын тежеп қана қоймай, азаматтардың заңға деген құрметін әлсіретеді. Әділ бәсекелестікке кедергі келтіріп, қоғамда теңсіздіктің қалыптасуына себеп болады. Ең бастысы, жемқорлық белең алған жерде әділдік қағидаттары бұзылып, адал еңбек пен кәсібиліктің құны төмендейді.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағытта заңнамалық негіздер қалыптастырылып, алдын алу шаралары, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру және қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тек жазалау шараларына сүйену жеткіліксіз. Оның алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жетілдіру және әр азаматтың жеке жауапкершілігін қалыптастыру да маңызды рөл атқарады. Өйткені жемқорлықпен күрес – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік.

Осы ретте сот жүйесінің атқаратын рөлі ерекше. Сот – заңдылық пен әділдіктің кепілі. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық және өзге де істерді қарау барысында заң талаптарының қатаң сақталуы, дәлелдемелердің жан-жақты зерттелуі және әрбір істің объективті шешілуі аса маңызды.

Сот саласында қызмет ететін маман ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ең алдымен әр адамның жеке ұстанымынан басталуы керек деп есептеймін. Әрбір қызметкер өзіне жүктелген міндетті адал атқарып, қызметтік әдеп нормаларын сақтап, азаматтармен қарым-қатынаста әділдік пен әдептілікті басшылыққа алуы тиіс.

Сот жүйесінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету, цифрлық технологияларды енгізу, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын белгіленген тәртіппен қарау – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал ететін маңызды тетіктер. Қызметтік міндеттерді орындау кезінде заң талаптарын басшылыққа алу және кез келген заңсыз әрекетке жол бермеу әрбір сот қызметкерінің кәсіби әрі азаматтық парызы болып саналады.

Сонымен қатар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруда отбасының, білім беру ұйымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының да маңызы зор. Жас ұрпаққа адалдықты, әділдікті, жауапкершілікті және заңды құрметтеуді бала кезден үйрету қажет. Өйткені адалдық құндылықтары берік қалыптасқан ұрпақ – болашақта жемқорлыққа қарсы тұра алатын саналы қоғамның негізі.

Әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қандай жағдайда да заңсыз әрекеттерге бармауды өмірлік ұстанымына айналдыруы қажет. Пара беру мен пара алу, қызметтік өкілеттікті жеке мақсатта пайдалану, таныстық арқылы заңсыз артықшылыққа қол жеткізу сияқты әрекеттердің барлығы қоғамның дамуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан жемқорлықтың кез келген көрінісіне бейжай қарамау – ортақ міндет.

Сыбайлас жемқорлықпен күрестің нәтижелі болуы әр адамның азаматтық ұстанымына байланысты. Заңды айналып өтуге емес, заңды құрметтеуге; жеке пайдаға емес, қоғамдық мүддеге басымдық беруге дағдыланған қоғам ғана әділетті әрі өркениетті мемлекет құра алады.

Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – ұзақ мерзімді әрі үздіксіз жүргізілуі тиіс маңызды жұмыс. Бұл бағытта заң талаптарын сақтау, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті арттыру және адалдық қағидаттарын берік ұстану ерекше маңызға ие.

Адалдық бар жерде – әділдік бар, әділдік бар жерде – сенім бар. Ал қоғамның сенімі мен заңға деген құрметі – қуатты мемлекеттің басты тірегі. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күрес әрқайсымыздың өзімізден, күнделікті іс-әрекетімізден басталуы тиіс.

Амиркулов Мақсат Талғатович, Алматы облысы Алатау қалалық сотының судьясы

Ұлттық жоба аясында жеті қалада кәріз-тазарту құрылысы салынуда: министрлік басты мәселелерді атады

Елімізде кәріз-тазарту құрылыстарының жай-күйі мәз емес. Кейбірінің тіпті әбден...

От образования до внешней политики: чем заинтересовала казахстанцев книга Токаева

Книга Президента Касым-Жомарта Токаева «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»...

Проведение оперативно-профилактического мероприятия «Безопасный дом» службой пробации Бостандыкского района

На учете службы пробации Бостандыкского района Департамента уголовно-исполнительной системы...