12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ТАМЫРЫНА БАЛТА ШАБУ – ОРТАҚ ІС

Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың барлық салаға кері ықпалын тигізіп жатқаны рас. Қоғамның ащы запыранына айналған замана кеселімен күрес жүйелі түрде жүргізілгенімен, жемқорлықты түпкілікті жою мүмкін болмай тұр. Дегенмен еліміздегі мемлекеттік органдар мен мекемелерде аталған бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп келеді. Бұған еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдардың да қатаңдатылуы әсер еткені анық. Түйткілді мәселе халыққа құқықтық қызмет көрсететін мемлекеттік органдарда қаншалықты шешімін тапқанын білу мақсатында Ақмола облысы әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы Самат САЙДАЛИНДІ әңгімеге тартқан едік.

– Қоғамның ауыр дертіне айналған сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқықбұзушылықтары, өкінішке қарай, азаяр емес. Бұл орайда еліміздің заңнамаларында қандай өзгерістер керек деп ойлайсыз?

– Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық – азаматтардың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатына тікелей әсер ететін заманауи қоғамның негізгі өзекті мәселелерінің бірі. Әлемдегі бірде-бір мемлекет сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоя қойған жоқ. Бір қуантарлығы, мемлекетіміздің осы әлеуметтік зұлымдыққа қарсы белсенді түрде күресіп жатқанын атап өткен жөн. Оның айқын дәлелі қоғам індетін азайтуға бағытталған мақсатты шаралардың қатары мен оның нәтижесі көтеріліп келеді. Мұнымен қатар, заңнамалық тұрғыда да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жоюға қатысты бірқатар оң өзгерістер бар. Мәселен, 2023 жылғы 3 қаңтарда Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Бұл заң еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлықты түбірімен жоя қоймаса да, тамырына балта шабуға ықпалды деуге болады. Атап айтқанда, жоғарыда аталған заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу негізінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңы мемлекеттік қызметтің «мансаптық» моделіне көшуді қамтамасыз етті. Мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа орналастыруда олардың лауазымдық қызметі мен құзыретіне негізделген ашық конкурстық іріктеу және жоғарылату тетіктері арқылы меритократия қағидаттарын енгізді. Командаларды ауыстыру шарттары қысқартылып, мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің жұмысындағы қызмет нәтижелері бойынша еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі сынақтан өткенін атап өткен жөн.

– Жаңа заңнамалық нормалар мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлықтан ада болып, өзінің қызметтік мүмкіндігін пайдаланып кетпеуіне қаншалықты ықпал етеді? Тамыр-танысы мен аға-көкелерінің арқасында білімі мен қажетті біліктіліктері болмаса да, лауазымды мемлекеттік қызметке орналасып алу сияқты «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол бермеу бағытында қандай өзгерістер бар?

– Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында қолданысқа енгізілген жоғарыдағы заңдар мен заңнамалық құжаттардың арқасында мемлекеттік қызметке орналастыруда бірқатар оң өзгерістер пайда болғанын айта кеткен жөн. Қазақстан Республикасында жаңадан енгізілген заңнамалық құжаттар мен нормативтік актілердегі оң өзгерістер мен толықтырулардың арқасында еліміздің барлық азаматтары олардың материалдық, әлеуметтік жағдайы мен мәртебелеріне қарамастан, өзі қалаған мемлекеттік қызметтегі лауазымға орналасуға мүмкіндік пайда болды. Бұл орайда көпшіліктің көкейіндегі «Көкем аман болса, бірдеңе қылар, қызметке оп-оңай орналасармын» деген қалыптасқан, тіпті жазылмаған қағидаға айналған көзқарасты түбегейлі өзгертуге нақты қадамдар жасалды. Ендігі кезекте мемлекеттік қызмет органдары мен мекемелеріне лауазымдық қызметке орналасу үшін биліктің жоғары санаттарында туыстық және тамыр-таныстық байланыстың қажеті болмай қалды. Яғни, жоғары қызметте отырған «көкелер» енді тамыр-танысы мен туған-туысқандарын мемлекеттік қызметтегі лауазымды орындарға орналастыра алмайды. Бұл жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілердің қызмет бабы бойынша жоғарылауында да дәл осындай тамыр-таныстық арқылы көтерілудің тоқтатылуына да негіз болған. Мұнымен қоса сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесінің енгізілуі де парақорлық құқықбұзушылықтары мен қылмыстарға мүлде төзбеушілікті қалыптастырып келе жатқанын атап өткен жөн.

– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимылды күшейтуде үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бақылаудың қаншалықты маңызы бар?

– Иә, айтуыңыз өте орынды. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық қылмысы мен құқықбұзушылықтарын байқаған яки сезіп қалған кез келген азамат оны аталған саладағы құқық қорғау органдары мен құзырлы мекемелерге хабарлай алады. Бұл орайда жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тұтас қоғамның әлеуеті белсенді түрде қолданылатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар елімізде тұтас үкіметтік емес ұйымдардың белсенді әрекеттерінің арқасында қоғамдық бақылауға да ерекше назар аударыла бастады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктері жанынан арнайы мониторингтік топтар құрылған. Бұл топтардың құрамында қоғам мен өркениеттің оң бағытта дамуына қызмет ететін қауымдастықтың белсенді өкілдері бар. Олардың басты мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның жүзеге асырылуын бағалау болып отыр.

– Сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқықбұзушылықтар жасаған лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік қызметшілерді жазалау яғни жауапкершілікке тарту тұрғысында заңнамада қандай да бір өзгерістер бар ма? Жаза қатаңдатылды ма?

– Иә, қылмыстың өтеуі – әрқашан жаза. Бұл – ежелден бері мемлекеттің де, қоғамның да қалыптасқан қағидасы. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқықбұзушылықтарының алдын алу яғни профилактикалық шараларды жүргізумен қатар, елімізде оған жол беріп, жемсауын толтырып алғандардың жауапкершілігі күшейіп, жазадан сытылып кетпеуі қамтамасыз етілді. Жемқорлық қылмыс жасаған мемлекеттік қызметшілер бұдан әрі өмір бойы мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына біржола тыйым енгізілген. Мәселен, осыған дейін сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам одан кейін мемлекеттік мекемелерге басқарушы лауазымдармен қатар әкімшілік қызмет лауазымына да жұмысқа орналаса алмайды. Мұнымен қоса ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталғандарға шартты мерзімінен бұрын босатуды қолдану мүмкіндігі алынып тасталды. Пара алған жемқордың жазасын бірден ең төмен қауіпсіздік мекемесінде өтеуіне тыйым салынған.

– Еліміздің мемлекеттік органдары мен мекемелерінде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық яки қылмыс жасап ұсталған мемлекеттік қызметшілердің тікелей жауапты басшылары көп жағдайда жазадан сытылып кетіп жатады. Жаңа заңнамаларда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларының жауапкершілігіне қаншалықты назар аударылған?

– Иә, қол астындағы бағынышты қызметкерлерге сол мемлекеттік органның басшысы кез келген жағдайда жауапты болып қала береді. Қазіргі таңда мемлекеттік органдардың, ұйымдардың квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қарамағындағы қызметкерлерінің пара алғаны үшін тікелей жауапкершілік институты енгізілген. Басшыға өзінің бағынышты қызметкерлерінің әрекетіне жауапкершілік артты. Қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын жасау фактілерінің тіркелуі сол мемлекеттік органның яки ұйымның басшылығы тарапынан бақылаудың жоқтығын және алдын алу жұмысының нашар ұйымдастырылғанын көрсетеді. Жемқорлық – елдің қорғаныс қабілеті деңгейінің төмендеуі және терроризммен қатар мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін аса маңызды қауіптің бірі. Сондықтан бұл мәселеге Қазақстан Республикасы Президентінен бастап, Үкімет, басқа да жоғары құзыретті органдар ерекше назар аударады. Мемлекетте сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу қоғамның денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты басқа да салалардың дамуына оң ықпал етеді. Заманымыздың індетіне қарсы тұру – еліміздің әрбір азаматының міндеті десек, қателеспейміз…

– Әңгімеңізге рақмет! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Сыбайлас жемқорлықпен күрес өзекті мәселелер қатарында

Сондықтан, қылмыстық атқару саласының Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі...

Руководители ДУИС и ДП столицы посетили 2 колонии Астаны 

Во исполнение указания министра внутренних дел РК генерал-лейтенанта полиции...

Астанада бейбіт атомның «қуаты» мен экологиялық тазалығы көрсетілді

Бүгін, 25 қыркүйекте Астананың орталық саябағында атом өнеркәсібін дамыту...

Мемлекеттік қызмет   белсенді жастарға   жана  мүмкіндіктер береды

Жастар – еліміздің басты стратегиялық ресурсы. Сондықтан мемлекеттік қызметте...

Съездердің соттар үшін маңызы зор

Қазақстанның сот жүйесі тарихында тоғызыншы рет өткізілетінн ҚР Судьялар...