Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жетісу облысы Сарқан ауданында орналасқан, ел табиғаты үшін асыл қазына болып табылатын – «Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумағында ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды.
Ұлттық парк аумағына санитарлық тазалық жұмыстарын жасап, шөп шауып, ағаш түптерін әктеп, қоқыстан тазартумен қатар, орман шаруашылығы питомнигінде күзгі ағаш егу маусымына дайындық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, ағаш егетін орындарды даярлауға басым бағыт берілді. Шараға 100 жуық табиғат сақшылары және парк қызметкерлері қатысты. Айта кету керек, ұлттық парк аумағындағы питомникке келер жылы 80 мың ағаш отырғызылмақ. Алдағы уақытта олар тек облыс аумағы емес, республиканың түкпір-түкпіріне жөнелтілетін болады. Аталмыш питомниктің еліміздегі ағаш базасын молайтуда атқарар рөлі мол. «Қыстың қамын, жаз ойла» деген халық нақылын ұстанған жетісулықтар күзгі ағаш егу маусымына дәл осылай дайындалуда.
Осы тұста, облыс аумағында акция кезінде 29 514 түп көшет отырғызылғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, облыста жалпы 887 техника жұмылдырылып, нәтижесінде 5388 тонна қоқыс шығарылып, 2200 км арық желісі тазаланды. Сонымен қатар, 25 826 м2 автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған экологиялық шаралар легі жыл соңына дейін жалғасатын болады.