Қазіргі таңда еліміздегі ассамблея орталықтарының атқарып отырған рөлі орасан зор. Олар ұлтаралық және конфессияаралық татулықты сақтап қана қоймай, ұлт тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып, этносаралық саладағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша да қызметін орындап келеді.
Солардың бірі Қазақстан халқы ассамблеясының Ақмола облыстық филиалы. Негізінде, кейбір тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелеу мәселелерін талқылау, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында жұмыс істеу үшін жиналған түрлі одақтар, кеңестер, бірлестіктер бұрын да болған. Кейін Қоғамдық келісім кеңестері құрылған соң Аналар кеңесі арқылы қоғамдағы ажырасу, жастардың есірткіге әуестігі, салауатты өмір салтын ұстану, ұлттық құндылықтар, отбасындағы әке мен ана рөлі, өңірдегі қылмыстың алдын алу, жастар тәрбиесі секілді небір өзекті мәселелер ассамблея кеңестері арқылы шешілетін болды. Қазіргі таңда Ақмола облыстық ҚХА арқылы айына сан түрлі шаралар өткізіледі. Мәселен, жақында Көкшетау қаласының Аналар кеңесінің төрайымы Сейдалина Найля Ибрагимовна №4 мектептің оқушыларына «Анаға құрмет» тақырыбында ашық алаң өткізді. Онда отбасындағы ана мен әке рөлінің ажырамастығын, бала тәрбиесіндегі ананың рөлі бөлек екені, ана барлық отбасы үшін сарқылмас энергетикалық қуаныштың, сұлулықтың, жарықтың көзі екенін ұғындыру мақсатында түрлі бағытта шаралар өткізілді. Балаларға «Ана» деген ұғымды қалай түсінесіңдер? «Ана» сіздерге кім? «Отбасында қандай мерекелерді бірге атап өтесіздер?» деген сияқты сауалдар қойылып, жауап алынды. Сейдалина Найля «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді халық. Жас шыбық қалай иілгіш болса, жас адам да сондай жақсыға да, жаманға да бейім болатыны баршамызға аян. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы мен жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор. Балаларымызды, жас ұрпақты жақсы әдетке ғана жетелейік. Мәселен, қазіргі таңда жастар арасында есірткі тасымалына қатысты қылмыстар өршіп кетті. Көп жағдайда жастар әрекетінің қаншалықты заң бұзушылыққа қатысы бар екенін сезінбейді. Ал тапсырыс берушілер тасада қалып, жеме-жемге келгенде жасөспірім сотталып кетіп жатыр. Қазіргі таңда құқық қорғау органдарының өзі ғаламтор арқылы есірткі қылмысын басқарып отырғандарға тосқауыл қоя алмай отыр. Сондықтан жастарымыздың көзін ашып, қылмыс құрамы бар істерден сақтандырып отыру парыз. 2022 жылы 2 кәмелетке толмаған бала 6 жылдан бас бостандығынан айырылды. Өткен жылдың аяғында кәмелетке толмаған қыз бала синтетикалық есірткіні таратудың 6 эпизодында әшекереленіп, ұсталып, қамаққа алынды. Осындай қылмыстар жастардың оңай ақша табамыз деген мақсатпен қиыс жолға түскенін көрсетті. Көбіне сондай балалар тұрмыстары нашар отбасылардан шығады» дейді. Өңірде 6 мыңнан астам адам наркологиялық есепте тұр, оның ішінде 500 адам есірткіге тәуелді тұлғалар. Қазіргі таңда бұл ахуалды жақсарту мақсатында құқық қорғау орындары тарапынан да жұмыстар атқарылып жатыр. Осы іс-шаралардың аясында Жастар ресурстық орталығының өкілдерін, волонтерлерді тарта отырып бірлесіп «Есірткіге жол жоқ» атты акциялар өткізіліп жатыр. Яғни, Ақмола облысында есірткімен күрес бағытындағы жұмыстар жан-жақты атқарылып отыр.
Қуаныш ЕРМЕКОВА, «Заң газеті»


