Ақмола облысының денсаулық сақтау саласы жыл сайын дамып, жабдықтары жаңарып, дәрігер мамандардың жұмыс сапасы артып келеді. Барлық бөлімшелерде заманауи техникалық база жұмыс істейді. Олардың ішіндегі маңызды бөлімшелердің бірі – нейрохирургия саласы.
Тәжірибелі дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері ми жарақатына, омыртқа, аяқ-қол нервтері, инсульт пен миішілік қан кетуге ота жасайды. Жылына нейрохирургия бөлімшесінің мамандары 400-ге жуық ота жасайды. Бөлімшеде 4 дәрігер, 3 ординатор және медперсоналдардан 17 адам жұмыс істейді. Бөлімшенің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер, нейрохирург Талғат Бекеновтың айтуынша, ауруханада емделушілерге барлық жағдай жасалған. – Бөлімшеміздің техникалық базасы жаңартылуда, өткен жылы жоғары жиілікті коагуляция аппараты алынды, ол жоғары технологиялық аппарат. Сондай-ақ, облыстық аурухана басшылығы сапалы ота жасауға қажет материалдармен толық қамтамасыз етілген. Жалпы, облыс бойынша кадрлар тапшылығы байқалады, инсульт орталықтары ашылатынын ескере отырып, оларды әр саладан кемінде бір-бір маманмен қамтамасыз ету қажет. Біздің бөлімше Ақмола облысының барлық 17 ауданына қызмет көрсетеді. Тәулік бойы жұмыс алаңында кезекшілік етеміз. Сонымен қатар, бізде балалар нейрохирургі жетіспейді, облыстағы бір ғана маман дәрігер Нұржан Ысқақов. Ол демалысқа шыққанда біз балаларды қосып өзіміз қарап келеміз, – деді Талғат Серікұлы. Өз жұмысының алғашқы күнінен бастап Талғат Бекенов Ақмола облысының барлық аудандарына қызмет көрсете отырып, санитарлық авиациямен жұмыс істейді. Кейіпкердің өзі айтқандай, хирург болу оның балалық шақтағы арманы. 18 жылдан бері науқастарды емдеп, денсаулығын қалыпқа келтіріп келеді. Талғат Серікұлы еліміздің көптеген өңірлерінде танымал, өйткені ол өзінің тәжірибесінде ауыр жағдайдағы жүздеген адамға ота жасап, науқастарға жаңа өмір сыйлаған. Ол мұғалім және механик-инженер отбасында өсті, өз әулетіндегі алғашқы дәрігер. – Бала кезімнен мен өз халқыма пайдалы болып, көмек көрсеткім келді. Көптеген жігіттер хирург болуды армандайды: олар өмір арашашысы, сондықтан мен медицинаға бардым. Қарағандыдағы медициналық колледжді қызыл дипломмен жалпы практика фельдшері мамандығы бойынша бітірдім, кураторым колледж директоры Светлана Кабденовна болды. Ол кісімен әлі де хабарласып тұрамыз. Сонымен қатар менің қалыптасуыма септігін тигізген алғашқы тәлімгерлерім – Гүлнар Абылаевна Валиева, Мокрова Инна және Соболевская Антонина. Колледжден кейін мен үздік оқушылардың қарқынды тобында болдым және дереу емдеу жұмысы бойынша медицина академиясының 1 курсына түстім, ол аяқталғаннан кейін мені неврология қызықтырып, нейрохирургия мамандығы бойынша интернатураға түстім. 2006 жылдан бастап Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасында еңбек жолын бастадым,– дейді Талғат Серікұлы. Әрі қарай, ол бірінші жасаған операциясы туралы естеліктерімен бөлісті. – Алғашқы отаны Зеренді ауданынан келген жігіттің сынып кеткен бас сүйегіне жасадым. Ол отын кесу үшін орманға келгенде, басына ағаш құлаған. Ота жасап, мен оның өмірін сақтап қалдым, біз әлі де араласамыз. Көптеген пациенттермен тығыз байланыстамын, олардың кейбірімен дос болып та кеттік, – дейді дәрігер. 2021 жылдан бастап Бекенов нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, пандемия кезінде Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасында жарты жыл жұмыс істеді, бірақ кейін практикалық қызметке оралды. – Кадр тапшылығы кезінде менің тәжірибем ауруханада көбірек қажет екенін түсіндім, мұнда өзімді құнды сезінемін және нәтижелерімді көремін. Бүгінгі күні инсульт саны өсті, бұған – миішілік гематомаларға операциялар, стресс факторы, уақытылы диагноз қоймау, кеш анықтау, денсаулығына немқұрайлы қарау қатты әсер етеді. Жоғары қан қысымы бар науқастар өздерінің жағдайына мән бермейді, дәрі-дәрмектерді қабылдамайды, скринингтік тексеруден өтпейді. Мен өте ауыр науқастармен жұмыс істеймін, сондықтан адамдар, өздеріңізге қамқорлық жасаңыз, аурулардың алдын алыңыз! Өзіңізді қорғап, ертеңгі күніңіз бен жақындарыңызды ойлаңыз. Сонымен қатар, соңғы уақытта жол апаты жағдайлары жиілеп барады, барлығы асығыс. Өз қауіпсіздігіңіз туралы ойланыңыз! Апаттың салдары қайғылы және қайтымсыз болуы мүмкін. Жылдам жүруді ұнататындарға айтқым келетіні: ата-аналарға баласының жағдайы ауыр екенін, мүгедек болып қалғанын айту өте қиын, – деді Талғат Серікұлы. Әңгімелесу барысында спикер проблемалық сәттерге және жұмыстың күрделілігіне тоқталды. – Кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты мен 24 -7 сұранысты орындаймын. Кез келген уақытта ауданда инсульт немесе ми жарақатымен науқас түсуі мүмкін, сондайда бөлімді, отбасымды қалдыруыма тура келді. Көбінесе отбасылық іс-шараларға, балалар мен жұбайымның туған күндеріне бара алмаймын, біз күніне бірнеше ауданға барып, операция жасаймыз, – деді Бекенов. Талғат Бекенов Көкшетау қалалық ауруханасының гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Уахитовамен шаңырақ көтеріп, екі бала тәрбиелеп отыр. Кейіпкеріміз жұмысын өте жақсы көреді және халықтың игілігі үшін көп еңбектенуге дайын. Ол үшін ең маңыздысы – адамдарға көмектесу. – Әрбір хирургта бүркіттің көзі, арыстанның жүрегі болуы керек, сонымен қатар, дәрігер мейірімді де болуы керек. Біздің жұмысымыз қиын сәттерде жауапкершілікті, шешім қабылдауды талап етеді. Мен әр пациентпен бірге өмір сүремін, оған қоса, өз жұмысымды, ұжымымды жақсы көремін, олар менің екінші отбасым, – деп ойын түйіндеді Талғат Серікұлы.
Бақыт МАХАМБЕТҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


