Ұлт болашағы қашан да сапалы білім мен саналы тәрбиеге байланысты болатыны сөзсіз. Бұл орайда өңірдің білім ошақтарында бәсекеге қабілетті озық технологияларды шәкірттерінің бойына сіңіріп отырған іргелі мектептердің қатары күн санап артып келеді. Мәселен, Көкшетау қаласында әл-Фараби атындағы ІТ мектеп-лицейінің түлектері шетелдің бетке ұстар жоғары оқу орындарына түсуі осының айқын дәледі.
Балалардың білім алуында заманауи жаңа технологияларды игеруі мен отандық ғылым саласын бес бағытта дамыту жөнінде Президент ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңесте сөйлеген сөзінде Үкіметке қадап тапсырған. Сондықтан да аталған бастаманың жүзеге асырылуы білім саласындағы басты басымдықтардың бірі. Өйткені, ғылым саласындағы білікті мамандармен мектеп қабырғасынан-ақ білімнің іргетасы қаланады. Ақмола облысының бірқатар колледждері мен жоғары оқу орындарында мықты мамандарды әзірлеумен қатар өзіндік өндірісін де ашып жатқандары бар. Облыс орталығындағы жоғарыда аталған мектеп лицей шәкірттерін робот техникасы, 3D модельдеу және бағдарламалауға үйрететін жалғыз оқу орны. Мұнда сонымен қатар балалар мемлекеттік тілде білім алады. Әл-Фараби атындағы оқу орны 2018 жылы қазығы қағылған. Содан бері бұл оқу орны бірнеше халықаралық, республикалық және облыстық олимпиадаларда жүлделі орындар иеленген. Бүгінде білім ордасында 943 оқушы білім алады. – Мектеп-лицейдегі білім сапасы қазіргі уақыттта 75 пайызды құрайды. Лицейдің түлектері еліміздің жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік алдыңғы қатарлы оқу орындарында да оқып жатыр. Өткен жылдардағы 50 мектеп түлегінің 39-ы мемлекеттік грантқа ие болды. Оның ішінде екі түлек Назарбаев университетіне, бір бала шетелдік университетке оқуға түсті. Түлектеріміздің басым бөлігі техникалық және ІТ мамандықтарын таңдап жатыр. Биылғы түлектеріміздің бірі 11 сыныпта оқитын Алина Айқын әлемнің 7 мемлекетінің 12 университетінің білім беру гранттары мен стипендияларының иегері атанды,– дейді лицейдің директоры Әйгерім Қошанова. Мектеп оқушылары, сондай-ақ облыстық және республикалық олимпиадалар мен конкурстарда жүлделі орындарға ие болған. Мәселен, лицей түлегі 11 сынып оқушысы Ербатыр Эрниз тарих пәнінен облыстық олимпиада жеңімпазы, «Менің кішкентай Отаным» байқауының жүлдегері әрі Қаныш Сәтпаев атындағы университеттің грант иегері атанған. Сонымен қатар биылғы жылы «JasSkills Aqmola 2023, «КАЗРОБОСПОРТ – 2023», өңірлік Robotek 2023 гранд-турнирі, «Робототехникадан WRO – 2022» өңірлік халықаралық олимпиадасы, «Lego Mindstorm EV3 ROBOSUMO» байқауларында 83 мектеп оқушысы жүлделі орын алған. – Біздің лицей шығармашылық, зияткерлік және спорттық байқаулардан 97 награданы жеңіп алды. Чехия, Оңтүстік Корея, Түркия жоғары оқу орындарымен келісімге қол қойып, халықаралық ынтымақтастыққа жол ашты. Тілдік лагерлермен олимпиадаларға да белсенді қатысуда», – деп атап өтті мектеп әкімшілігі. Қазіргі уақытта мемлекеттің қолдауымен білім ордасы кабинеттердің заманға сай жабдықталуына ықпал етіпті. Ағымдағы оқу жылы лицейде жалпы сомасы 16 миллион теңгеге коды бар балалардың жеке шкафтары да қойылған. Сондай-ақ, мектеп толығымен жергілікті интернет желісімен жабдықталып, бұл ақпаратты дереу бөлісуге және оқушылар мен ұстаздардың білім деңгейінің жақсаруына мүмкіндік берген. Айта кетсек, өткен жылы ғылым саласын дамытуға 625 миллиард теңге бөлінген. Бұл соманың өсуі ғалымдардың жалақысының өсуіне, сондай-ақ алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу инфрақұрылымының қалыптасуына да елеулі септігін тигізбек. Бұл орайда Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда облыста мол мүмкіндік бары сөзсіз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


