Көкшетау қаласының «Bolashak SARAIY» балалар мен жасөспірімдер орталығында «Құндылықтар негізінде тәрбие беру – заман талабы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан қаласында өткен ІІ Ұлттық құрылтайдағы «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» деп үкіметке жүктеген тапсырмасы негізінде қолға алынған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жемісі.
Ақмола облысы білім басқармасының әдістемелік орталығы ұйымдастырған шара ұрпақтар сабақтастығы бойынша материалдар көрмесінен басталып, оқу-тәрбие процесінде инновациялық формаларды, рухани-тарихи және этно-мәдени құндылықтарды сақтау мен дамыту жөніндегі материалдар, бейнематериал, тарихи және қасиетті орындардың карталары және т.б. ұсыныстармен жалғасын тауып жатты. Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Б. Дүйсенова шара барысында өңірде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайымен бөлісті. Баяндамада 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап облыстың 537 мектебінде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істей бастағаны, орталықта кеңесші ретінде клубтардың жұмысына психологтар, әлеуметтік педагогтар, жергілікті полиция қызметінің, әлеуметтік қорғау органдарының қызметкерлері атсалысып жатқаны, ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарына қосымша «Даналық мектебі» отбасылық клубтары жұмысқа қосылғаны айтылды. Сондай-ақ 2021 жылдан бері облыс колледждерінің екі мыңға жуық студенттері, педагогтері мен шеберлерінің қатысуымен «Игі істер автобусы» бірегей жобасы іске қосылғаны сөз болды. Бұндағы басты мақсат – студент жастарды ауыл және қала тұрғындарын қолдауға, халыққа тұрмыстық қызметтерді тегін негізде іске асыруға және қоғам мәселелерін шешуге жұмылдыру. Волонтерлік бастаманы іске асыру кезінде әрбір колледжде жыл бойы жоғары курс студенттері мен өндірістік оқыту шеберлерімен «Игі істер автобусы» жұмыс жасап, халыққа шаштараз сервисі, тігін бұйымдарын жөндеу, ағаш ұстасы, дәнекерлеу цифрлық технологиялар саласындағы қызметтермен көмек көрсеткен. Жыл басынан бері халық 400-ге жуық осындай көмек алған. Ауқымды тәрбие жұмысының нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға азайған. Шара барысында ғалымдар пленарлық отырыста тақырып бойынша мәселелерді талқылап, мұғалімдер мен әдіскерлер секциялық жұмыста өз тәжірибелерімен бөлісті. Солардың бірі Қазақстанда кездесетін, танымалдылығы төмен қамыс өсімдігінің ерекшелігін анықтауға үлес қосумен қатар, оқушыларды игі іске баулып жүрген Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Талапкер ауылының ЖОББМ КММ география пәні мұғалімі Жұмағали Ардағым. Ардағым Бақытқызы оқушыларға қоршаған әлемнің таңғажайыбын түсіндіріп, Қазақстандағы өсімдіктердің ерекшелігін бақылап, маңызын көрсетті. Ол өз жұмысында Қазақстанда кездесетін, танымалдығы төмен қамыс өсімдігінің ерекшелігін анықтау бойынша зерттеуін таныстырды. «Тақырыпты зерттеудегі басты мақсатым – адамзат қоғамының дамуына биосфераның қалай әсер ететінін білуге мүмкіндік беру. Ежелден ата-бабамыз қолданған қамыс өсімдігінің қолданыстан қалып бара жатқандығын ескере отырып, осы өсімдіктің таза экологиялық өнім екендігін және қолжетімділігін көрсету, ұсыну» – дейді маман. Онымен қоса, қамысты кәдеге асырып жүрген кәсіпкерлер жұмысын оқушыларға үлгі ретінде таныстырған. Солардың бірі 10 бала тәрбиелеп отырған ана, қамыс пен экологиялық таза өнім жасауға болатынын зерттеп жүрген кәсіпкер Венера Тайлақбаева тәжірибесі. Кәсіпкердің сөзінше, қамыстың құны шетелде алтынмен тең екен. Қамыстан себет тоқылады, құрылыста қолданылады, химиялық өңдеу жолымен шайыр, метил спирті, сірке қышқылы, қағаз алынады. Қазір кәсіпкер Германиямен жұмыс жасап, бір жағынан пайда тапса, екінші жағынан ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып жүр. Жұмағали Ардағым онымен қоса өзінің шәкірті жайлы да айтты. Шәкірті Садық Айару «Қамыстың пайдасы» атты ғылыми жоба қорғап, облыстық ғылым додасында жүлделі орынға ие болған. Конференцияда осы сияқты түрлі тәжірибелер ұсынылды. Әр баяндаманың өзіндік құнды ойлары бар. «Құндылықтарға негізделген білім беру – заман талабы». Қазіргі уақытта білім беруді ғана емес, сонымен қатар жаңа ұрпақты адамгершілік, этикалық және мәдени құндылықтармен тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлу керек. Бұл уақыт пен күш-жігерді қажет етеді, бірақ нәтижесінде үйлесімді тұлға мен тұрақты қоғамның қалыптасуына жол ашылады. Өңірде өткен осынау игі шара Ақмола облысы әкімдігінің бұған дейін атқарған жұмысының жемісі екені хақ.
Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»


