Нұртөре ЖҮСІП, Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы: «ҰЛТТЫҚ БАСЫЛЫМДАР – ҰЛТТЫҢ ИММУНИТЕТІ»

– Парламент Сенатындағы жұмысыңыздың негізгі бағыты қандай?

– Былтырғы 26 қаңтар күні Мемлекет басшысы Парламент Сенаты депутаттарының алдында сөз сөйлеп, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты. Президент жоғары палата депутаттарының бір бөлігі сайланғанына және өзінің Жарлығымен бірнеше сенатор тағайындалғанына тоқталды. Президенттің пайымынша, осымен Сенаттың құрамын жаңғырту үдерісі аяқталды. Сенат депутаттарының арасында әр аймақтың, соның ішінде жаңадан құрылған облыстардың өкілдері бар. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне арнайы квота берілді. Осылайша, Сенат түрлі санаттағы қоғам өкілдерін барынша қамтыды. «Бұл палата мемлекеттік басқару саласында айрықша рөл атқарады. Оған Конституцияға сәйкес маңызды міндеттер жүктелген. Заң шығару қызметін сапалы атқару үшін барлық жағдай жасалған. Палата өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатыр. Сенаторлар ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысты. Осы орайда баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа депутаттар Сенаттың қызметіне тың серпін береді деп сенемін», – деді Президент. Сенат жұмысының ең негізгі бағытының бірі – сапалы заң шығару. Осы тұрғыдан алғанда Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне жүктелер міндет те көп. Конституция бойынша әлеуметтік бағдарланған мемлекет болғаннан кейін, оның үстіне республика бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалатындықтан, осы бағыттағы заң жобаларын өте мұқият қарауға ұмтыламыз.

– Парламенттегі қызметіңізге БАҚ саласындағы тәжірибеңіз көмектесті ме?

– Әлбетте. Журналистика саласында жүргенде айтарлықтай тәжірибе жинақтадық. Еңбек жолымды Павлодар облыстық газетінен бастадым. Алдымен ауыл шаруашылығы бөлімінде тілші, сосын өнеркәсіп және транспорт бөлімінің меңгерушісі болдым. Өндірісті аймақтың бүкіл тыныс-тіршілігін кеңінен зерттеп, талай мақала жазылды. Одан кейін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде тілші, бөлім редакторы, Бас редактордың экономика және коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Бірқатар басылымдарда басшылық қызметте болдым. Маған жақын сала – әлеуметтік-экономикалық, транспорт, коммуникация. Осы бағыттарда жинақталған тәжірибе текке кеткен жоқ. Заң жобаларын қарағанда, жұмыс топтарын жүргізгенде өзіме таныс сала проблемаларын жетік білу үлкен пайда беретінін айтқым келеді.

– Қабылданып жатқан қандай заң жобаларын ең маңызды деп санайсыз?

– Мемлекет басшысы елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түскенін айтып, бұл реформалар билік институттары жүйесінің тепе-теңдігін қалыптастыратынын еске салды. Мәжіліс жоқ кезде Сенат құзыретіне заңдарды қабылдау өкілеттігі берілді. Жаңа сайлау өтіп, Мәжілістің жаңа құрамы қалыптасқанға дейін Сенат депутаттары өте қауырт жұмыс істегенін айтқан абзал. Сол кезеңде біз «Әлеуметтік кодексті» қабылдадық. Әрине, қабылданып жатқан заңдардың қай-қайсысы да мемлекет және халық үшін маңызды. Әйтсе де, Әлеуметтік кодексті азғантай уақыт ішінде кеңінен талқылап, зерделеп қабылдау аса маңызды болды деп есептеймін. Президенттің қол қоюына қатысты дұрыс айттыңыз. Мәжіліс заң жобасын қабылдаған соң, Сенаттың мақұлдауынан өткен заң Президенттің қол қоюына ұсынылады. Жоғары палата сондықтан Мемлекет басшысына ұсынылатын кез келген заңды ерекше сүзгіден өткізіп, барынша мұқият қарауға ұмтылады.

– Депутаттар азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге үлкен мән береді. Сіз сайланған өңірдің сайлаушыларын не алаңдатады, олар сізге көбіне қандай мәселелермен жүгінеді? Бұл мәселелер қалай шешілуде?

– 2019 жылғы 12 тамызда Президент Тоқаевтың Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалдым. Былтырғы қаңтар айында Президент квотасы бойынша жаңа мерзімге қайта тағайындалған жайымыз бар. Бізде әр өңірден сайланған депутаттар бар екенін білесіз. Ал Президент Жарлығымен тағайындалған депутаттар бір өңірге ғана телінбейді, біз республика бойынша кез келген аймақтың тыныс-тіршілігіне мұқият ден қойып отырамыз. Сенатқа, оның ішінде менің атыма азаматтар тарапынан неше түрлі ұсыныстар, түйткілді мәселелерді көтерген хаттар жиі келеді. Мәселен, былтырғы қыркүйек айынан осы уақытқа дейін Сенат төрағасының атына 2537 өтініш түсті. Менің атыма келген өтініштер саны – 88. Солардың бәрін бірдей шешіп тастайтын мүмкіндік пен өкілеттігім болмаса да, негізінен барлық өтініштерді аяқсыз қалдырмауға ұмтыламын. Оңды шешілгендері де аз емес.

– Журналистиканың бүгінгі бағытын қалай бағалайсыз? БАҚ әлеуметтік желінің көлеңкесінде қалған жоқ па? Цифрландыру бұл саланы жұтып қоймай ма?

– Қазақстанның ақпарат кеңістігі үш нәрсеге тәуелді: Біріншісі – рейтинг жинау деген мәселе. Екіншісі – сыртқы ақпарат тасқыны. Үшіншісі – қаражат. Қазір рейтинг қуу жарысы жүріп жатыр. Соның салдарынан Ұлттық құндылықтар ұмыт қалады. ТВ, сайт, сонымен қатарлы дәстүрлі БАҚ-та рейтинг көтеру соңына түсіп кетті. Бұдан шығатын жол бар ма? Бар. Барлық рейтинг не үшін жасалады? Қаржы, жарнама тарту үшін. Қазақстанда жарнаманы мемлекеттік тілде беру мәселесі қанша рет көтерілсе де, шешілмей келеді. Егер осы мәселе шешілсе, рейтингтің соңына түсу азаяды. Сыртқы ақпаратқа тәуелділік мәселесі күрделі. Өкінішке қарай, біз көбінесе Ресей ақпарат көздерінің материалдарын аударып жариялаумен шектеліп отырмыз. Тікелей не жанама түрінде болса да негізінен ресейлік дерек көздерін пайдаланудан аса алмай отырмыз. Бұдан құтылудың жолы бар ма? Бар. Қазақ журналистері қазақ тілін жетік білумен қатар, түрік, ағылшын, қытай, жапон, араб тілдерін жақсылап игеруі керек. Ендігісі қаражат. Дәстүрлі БАҚ мемлекеттік тапсырыс арқылы өз қаражатын қалыптастырады. Редакциялардың жағдайы нашарлады. Тираж жылдан жылға кеміп келеді. Қаламақы төлеу, іссапар шығындарын жабу, қағаз шығындарын өтеу, тасымал тағы басқа мәселелер өткір тұр. Кедендік одаққа мүше болсақ та, қағаз құны жыл сайын қымбаттайды. Кеңес кезінде Редакциялық қор – редакционның фонд деген болатын. Осы жоғалды. Қазір көптеген ақпарат құралы ЖШС-ға айналды. Елімізде Акционерлік қоғам туралы, ЖШС туралы заңдар бар. Меншік түріне қарамай Редакциялық қор ұғымын заңдастыру керек. Сонда ғана редакциялар өз қызметін реттей алады. Журналистерге сыйақы беру, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету мәселелері шешіледі. Цифрландыру деген керек, әрине. Бірақ дәстүрлі басылымдарды сақтаудың амалдарын жасамаса болмайды. Сосын бас редактор деген қызметтің бәсі төмендеді. Бұл күнде бас редактор да бір, корректор да бір. Бұл түбірінен дұрыс емес. Газет редакциясының саясаты мен шығармашылық әлеуетін құрылтайшы, не қаржылық директор емес, бірінші кезекте Бас редактор айқындап, жүргізуі тиіс. Өкінішке орай, бізде бірталай нәрсе керісінше… Газет-журнал шығаруға жұмсалатын қаражат бір күнде қайтарым бермейді. Бұл – ұлттың ішкі қуатын күшейтетін дәрі іспеттес нәрсе. Иммунитет деген бар ғой. Ұлттық басылымдар – ұлттың иммунитеті! Күнделікті тұтынасыз, қолданасыз. Қарныңыз ашса – нан жейсіз, тамақ ішесіз. Ал рухани тұрғыдан азықты кім береді? Ұлттық басылымдарға ұлт дәрумені ретінде қарау қажет.

– «Масс-медиа» туралы заң қоғамда үлкен пікірталас тудыруда. Сіздіңше бұл заңнамада қандай мәселелер шешілуі керек? Шетелдіктер қаржыландыратын БАҚ-қа шектеу енгізу туралы ұсынысқа қалай қарайсыз?

– Бұл заң жобасы Мәжіліс қарауында. Бізге әлі келіп түскен жоқ. Қоғамдық талқылаудан және Мәжілісте бірінші оқылымнан өтті. Бұл заңдағы баспасөз картасы талқылау барысында қарсылыққа тап болғандықтан, ол алынып тасталатын сияқты. Негізі оны енгізудегі мақсат – журналистерде қызмет барысында туындайтын түрлі кедергілердің алдын алу еді. Түркияда бар мұндай үрдіс. Қолданыстағы БАҚ туралы заңға Мемлекет басшысы өзгеріс енгізу қажеттігі туалы айтты ғой. Онда жаңа медиа, цифрландыруға қатысты мәселелер қамтылуы қажет. Сонымен қатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына қатысты өлшем де толыққанды айқындалуы тиіс. Жалпы олар аккредитациядан өтуге тиіс деген заң талабы бар. Сыртқы істер министрлігі шетелдік басылымдарды тіркеуге қояды. Бүгінде «Азаттық» радиосы тиісті талаптарды бұзды деп жатыр. Онда елдің ішкі жағдайларына әсер ететін жарияланымдар болды ма, ол жағын білмедім. «Азаттықтың» тіркеуден өтпей, жұмысына кедергінің туындауы дүниежүзілік талаптар тұрғысынан алғанда елдің имиджіне кері әсер етеді. Мұның соңы «Қазақстан шетелдік БАҚты шектеп жатыр, сөз бостандығына тыйым салып жатыр» деген секілді ақпараттың таралуына әкелуі мүмкін. Сондай жағымсыз салдарға ұрынбау қажет деп ойлаймын. Жақында ғана Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сыртқы істер министрлігінің «Азаттық» радиосына аккредитация бермеуіне қатысты өз пікірін білдірді. Шетелдік БАҚ біздің еліміздің қауіпсіздігіне, конституциялық құрылысқа нұқсан келтіретін болса, мұндай БАҚ өкілдерін аккредитациялаудан бас тарту құзыреті бар. Мұның ешқандай сөкеттігі жоқ деп есептеймін. Өзін-өзі сыйлайтын кез келген мемлекет мұндай қадамдарға бара алады. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдары ашық және еркін жұмыс істеп, әділ сын айтуы керек. Бізде әлі күнге дейін «ананы жазбаңдар, мынаны жазбаңдар, оған тиіспей-ақ қойыңдар» деген шектеулер бар. Меніңше кез келген редактордың ішкі цензурасы болып, ол елдің мүддесіне, ұлттың құндылығына қатысты дүние әрдайым берік болуы керек. Әртүрлі ақпаратты демократияның жөні осы екен деп жариялай берсек не болады? Мәселен, біржыныстылар туралы материалдарға қалай орын береміз? Әрі-беріден соң бұл біздің заңымызға қайшы. Неке туралы кодексте әйел мен еркек қана некеге тұра алады делінген. Қанша демократиялық ел болса да Иракқа қарсы соғыс ашқан кезде Америка БАҚ-тарында бұған қатысты бір де бір ақпарат жарияланбады. Өйткені, бұл жерде Американың мүддесі тұр. Ол бәрінен биік. Біз де осындай ұстанымға келіп, барлық мәселеге қазақ елінің мүддесі тұрғысынан келуіміз керек.

– Өкінішке орай, бізде қазақтың мүддесі бәрінен кейін тұрған сияқты. Мұны кез келген мәселеден байқаймыз. Алысқа бармай-ақ, мемлекеттік тілімізді алайықшы, ол әлі босағада тұр. Заң өзге тілде жазылады. Кеңес одағы кезінде қазақ тілі бұлай зардап шекпеп еді. Неге бұлай болды?

– Бұл мемлекетшілдік сананың төмендігінен. Біз отыз жыл ішінде тарихи сананы түгендегенімізбен, ел дамуының ең басты кепілі осы деңгейді қалыптастыра алмадық. Шын мәнінде кез келген ел азаматы, мемлекеттік қызметкер «бұл менің Қазақстаным, бұл менің мемлекетім, елім күшті болса, мен де мықтымын» деген ұғымға келіп, осы ұстаныммен жұмыс істеуі керек. Өкінішке қарай, мұндай көзқарас, ниет біздің шенеуніктерде жоқ. Мен мұны Парламентке келетін келісімдерді ратификациялайтын заңдардан байқаймын. Сонда елдің мүддесі бірінші орында тұруы тиіс осы құжаттар бойынша мәміле жасасып, қол қойған жас шенеуніктердің терезеден ары ештеңені көре алмайтыны, ел тағдырына бейғамдығы айқын аңғарылып тұрады. Бұл кезінде экономика өзі анықтайды, нарық бәрін ретке келтіреді деген біржақты саясаттың салдары. Негізі идеология мен экономика қатар жүруі керек еді. Ұлттық құндылықтар деп жиі айтамыз. Бірақ бұл сөзіміздің іс жүзіндегі көрінісі жоқ. Шын мәнінде елді өркендететін мемлекетшілідік сана, ұлттық құндылықтарға құрмет. Бұл жөнінде мен бірнеше рет депутаттық сауал жасадым. Қарап отырсақ дамыған елдердің бәрі, мысалы Жапония, Германия осы жолмен жүріп, алға озып кетті. Ал бізде кейінгі жастар сөздік қоры бай тілімізді білмейді. Өз елін артта қалған мемлекет санайды. Шын мәнінде біздің мақтаныш етіп, дәріптейтін құндылығымыз көп. Мысалы, бір ғана күй жарысын алайықшы. Мұндай өнер ешбір елде жоқ. Біздің екі шекті домбырамыз Дмитрий Шостакович, Бах секілді композиторлардың түрлі аспаптар оркестріне арналған.

туындыларын бір өзі орындап бере алады ғой. Креативті индустрия арқылы осы секілді құндылықтарымыз жаңғырып, жанданса, қазақтың рухы серпіліп, ұлттық мақтанышы оянар еді. Киномыздың тілі кеңес кезінде жақсы еді. Ол кезде орысша түсіріліп, қазақша дубляж жасалатын. Соның бірі «Менің атым Қожа». Осы фильмнің қазақшасында бір мін жоқ қой. Меніңше, мемлекеттен қаржы бөлінетін кинолар, телеарна бағдарламалары тек қазақ тілінде жасалу керек. Рас, мемлекеттік сана тілден басталады. Мемлекеттік қызметке қабылдауда мемлекеттік тілді білу қатаң талап етілуі керек. Өкінішке қарай, бізде бұл үшін тапсырылатын тестің қазақ тілі бойынша балы есепке алынбайды. Негізінде тіл ұлт дамуының шешуші факторы. Тіл – тәуелсіздік дер едім. Тілді дамыту арқылы біз барлық салада жетістікке жетеміз. Мұның айқын дәлелі «Сыбаға»,«Ауылым алтын бесігім» бағдарламаларының қазағы көп өңірлерде табысты орындалуы. Мұның бірден бір себебі қазақ тілінде түзілген осы шаралардың бұл аймақтағы қауымға түсінікті болғаны, жүрекке жеткені. Демек, ел боламыз, экономиканы бәсекеге қабілетті етеміз десек, мемлекеттік тілді білу барлық салада басымдыққа айналу керек.

– Ал заңдарымыз қашан қазақша жазылады? Парламент қашан толық қазақша сөйлейді? Кейбір әріптестеріңіздің қазақ тілін жетік біле тұрып, қазақша сөйлегісі келмейтінін қалай түсіндіресіз? Бұрын Халмұрадов деген экс-депутат ара-тұра «әріптестер, мемлекеттік тілде сөйлейік» деп ескерту жасап отырушы еді. Қазір осындай әріптестерінің намысына тиіп қоятын ешкім байқалмайды.

– Заңдарды мемлекеттік тілде даярлау мәселесіне Сенат тарапынан көңіл бөліне бастады. Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асановтың жетекшілігімен арнайы жобалық кеңсе құрылды. Қазіргі таңда Нәрікбаев университетімен меморандумға қол қойылып, нақты жобалар қолға алынды. Парламенттің «қазақша сөйлеуіне» келсек. Негізінен Сенатта барлық жиындар мемлекеттік тілде өтеді. Кейбір салалық ерекшеліктерге байланысты орыс тілі қолданылатынын жоққа шығармаймын. Бірақ барлық жиындар ілеспе аударма арқылы қажетті тілге аударылып отырады. Ал «жетік біле тұра қазақша сөйлегісі келмейтін» әріптестер туралы өкпе-назды солардың өзінен тікелей сұрасаңыз болады.

– Парламент Сенатында қандай мәселелерді шеше алдыңыз?

– Күнделікті күйбең тірлікпен жүрген жандар байқай бермеуі мүмкін, бірақ біз осы саланы күн сайын қадағалап отырған соң бәрі де жіті назарымызда. Саралап, талдап отырамыз. Кейінгі кезде «Осы бәрі де сөз жүзінде, бітіп жатқан бір іс жоқ» деген сарындағы сөздерді жиі естиміз. Бәрін «мен шештім» деп айта алмаймын. Біздің комитеттің араласуымен бірқатар маңызы зор әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының бастамалары аясында елімізде жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған 11 ұлттық жоба жүзеге асуда. Соның нәтижесінде 2023 жылы Үкімет 908,5 мың адамды жұмысқа орналастырды. Жұмыссыздыққа қарсы күрес кешенді түрде – Ұлттық жобалар шеңберінде, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде жүргізілуде. Мұндай тәсіл 2023 жылы шамамен алғанда 908,5 мың адамды проактивті форматта жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді. Республиканың барлық облыстарында әкімдіктер жас кадрлар үшін жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін тиісті өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітті. Аталған жобаларды іске асырудың ерекшелігі – мемлекет (жергілікті жұмыспен қамту органдары) өңірлердегі жұмыс орындарын субсидиялайды. Мұндай жағдайда жұмыс берушілер азаматтарды жұмысқа белсенді түрде қабылдай бастады, өйткені олар жергілікті бюджеттен қосымша қаражат алады, ал үнемделген ақша өз бизнесін одан әрі дамытуға бағытталуы мүмкін. Азаматтарды жұмысқа орналастыру еңбек нарығын талдау негізінде жүргізіледі. Бұл бағыттағы бірінші кезектегі мәселе – сұранысқа ие құзыреттер мен кәсіби дағдыларға сәйкес кадрлар даярлау. Бұл ретте болашақта кадрлар тәлімгермен жұмыс орнында кәсіптік оқытуды жалғастырады. Басқа құралдар да қолданылады. Мысалы, «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша онлайн оқыту, электрондық еңбек биржасында онлайн оқыту. Бір жыл ішінде құзыреттерді жақсарту бойынша барлық тетіктерді пайдалана отырып, 156,8 мың адам қамтылды. Міне, осылайша Президент тапсырмасына сәйкес халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту шараларын ұдайы бақылауда ұстайтын боламыз.

– Қабылданып жатқан заңдар арасында өзіңіздің арыңызды мазалайтын заңдар бар ма? Амалсыздан дауыс беретін сәттер бола ма? Жалғыз менің даусым болса да әділетсіздікке қарсы үн естілсін дейтін қадам болды ма?

– Кейде «Сенатта дауыс беру кезінде ешкім қарсы болмайды, бұл қалай?» деген пікірлерді кезіктіріп қаламын. Заң жобасы пленаркалық отырысқа шығарылғанға дейін талай талқылаудан өтеді. Жұмыс топтарында мемлекеттік органдардың қатысуымен жан-жақты қаралады. Ерекше жайттарға қатысты ұсыныстар болса, салыстырмалы кестеге салынады. Тиісті комитеттердің талқылауынан өтеді. Заң жобасында айтарлықтай шикілік, не олқы тұстар, Ата Заңға қайшы келетін баптар болса, палата отырысында Мәжіліске қайтарылады. Сондықтан осыған дейінгі қабылданған заңдар бойынша арымызды немесе жанымызды мазалайтын мәселе болған жоқ. Амалсыз дауыс беретін де жағдай туындамапты. Ал сіз айтқан «әділетсіздікке қарсы» дейтіндей де күн туған жоқ…

– Қоғамдағы қандай үрдістер ұнамайды?

– Надандық. Ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар дегенге мән бермей келе жатқанымыз ұнамайды. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет екені белгілі. Біз «ата дәстүр – халықтың қалпы» деген ұғымдарды әр кез есте ұстауымыз керек. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады. Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде: «Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті» дейді. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы, Тәуелсіз қазақ мемлекетін аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт. Жас ұрпақ тәуелсіздігіміздің туын әрқашан жоғары ұстауы тиіс. Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар да өзгерді. Бізге білімді ұрпақ қажет. Сапалы білім – қарқынды дамудың басты шарты. Абай қазақ қоғамындағы масылдықты қатты сынға алғанын білеміз. Масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Жастар тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс. «Пайда ойлама, ар ойла» деген сөзді Абай неге айтты? Арлылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттің бірі. Арлы кісі – ұят, иба, намыс, қанағат, əдеп, шүкіршілік секілді бірқатар игі қасиеттерді бойына жинақтады. Қазақ халқы – талайлы тағдырында сан түрлі қиындықтарды бастан кешсе де, арына дақ түсірмеген текті халық. Артық күлкі, артық ұйқы, артық тамақтың өзін арсыздыққа балаған ата-бабаларымыз ар тазалығына өткір сынмен қараған. Ел ішіне кең тараған «Ердің құны бір ділдə, абыройы мың ділдə», «Ар – иманның жолдасы», «Ақылың болса, арыңды сақта, ар-ұят керек əр уақытта», «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген нақыл сөздер соның белгісі. Арлылық – тектілік пен көрегендіктен, иман мен жігерден туатын қасиетті мінез. Арғысы көне түркілер, «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды төктім, Қара терімді ағыздым» деп ел тағдыры үшін арпалысып өтсе, «Қайырымды қала тұрғындары» аталатын трактатында әл-Фараби мемлекет дамуы туралы терең ой қозғайды. Алаш Орда қайраткерлерінің шығармалары, қайсысын қарасаңыз да тұнып тұрған өсиет, рухани бағдар. Арды ойлаған адам өзгенің емес, әуелі өзінің алдында жауапты болады. Бұл орайда тағы Абайға жүгінбеске болмайды. Ол 37-қара сөзінде «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген ойды айтып, ел үшін еңбек қылуға шақырады. Ұлы ойшыл әл-Фарабиден бастап қазақтың ақын-жыраулары мен би-шешендері, Алаш зиялылары, Абай туындылары, жалпы тарихи санаға серпін беретін мың жылдық рухани мұрамыздың бәрі мемлекеттік қызметшілердің рухани бағдары болуы қажет. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының туындылары мен аталы сөздері мемлекеттік қызметшілердің жұмыс үстелінде тұрса, олардың рухани бағдар кітабына айналса екен деген тілек бар.

– Бір мақалаңызда «ерте заманда Аяз би тәрізді «адамның жаманы» атанған жанды әрең іздеп табушы еді. Бүгінде ондай адамдардың қатары жүздеп саналады» депсіз. Сіздіңше жаман адамдар кімдер? Олардың жаман болуына кім кінәлі? Осы жамандардан арылу үшін не істеу керек?

– Сол Аяз би кім? Хан жарлығымен «ең жаман адам» деп танылған кісі еді. Онда да әрең іздеп жүріп тапқан адам. Соның өзі ақыл-парасатымен ел билейтін үлкен тұлғаға айналғанын білесіз. Мен «жаман адам» дегенде қазақтың асыл қасиеттерінен безініп, кім болса да құлшынатын, алайда қазақ болудан қашатын адамдарды меңзеген едім. ХХ ғасырдың басындағы қазақ оқығандарының елге қылған қызметі көптің әлі есінде. Стамбұл, Петербор, Мәскеу, Қазан, Уфа, Орынбор, Новосібір секілді алыс-жақын шаһарлардан білім алған олардың саны 5 мыңға да жетпейтін. Өткен ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлының айтуында алты миллион қазақ бар едік. Сол алты миллионның ішінен бес мыңға жетер-жетпес оқыған адам шығып тұр ғой. Олардың алғашқы легінде тұрған 300 арысты алыңыз, қазіргі біздің кадрлық резервте тұрған 300 жас кадрды алыңыз. Айырма бар ма? Алаштың үш жүз оқыған адамы кез келген үкіметті басқарып кете алатындай қабілетті, сауатты және барлығы да халқын шексіз сүйген қайраткер болатын. Олар қазақтың елдігі мен мемлекеттігі жолында өмірін құрбан етті. Сол бес мың оқыған азаматты қазіргі, ХХІ ғасырдағы «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып келген жастармен салыстырайықшы. Олардың жалпы саны он мың адамның ар жақ, бер жағында. Орта есеппен он мың деп алайық. ХХ ғасырдың басында бес мың адамның иығына артылған жүк, ХХІ ғасырдың басында он мың адамның мойнында тұр деп есептейік. Отансүйгіштік пен елге қызмет ету жағынан алған кезде сол бес мың мен он мыңның арасында айырмашылық бар ма? Қазақ өкіметін ұзақ жыл басқарған Нұртас Оңдасынов «Біріншіден, қаншама жыл қолымда билік болса да, біреуден бір тиын да пара алмадым – Қолым таза! Екіншіден, үштіктің бірі болып, біреудің сыртынан қол қойған емеспін, яғни ешкімнің қаны мойнымда жоқ – Арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген де, тіпті ешкімнің ешқашан жүзін сұраған да емеспін – Жүзім таза!» дейді. Нұртас Оңдасыновтың тазалыққа қатысты осы үш өлшемі бәріміздің қаперімізде тұратын дүние. Осы үш сөз қазаққа қызмет етудің негізгі тетігі дер едім.

– Қазіргі қазақ қоғамында қандай мәселе күн тәртібінде тұру керек деп ойлайсыз? Сіздіңше қандай заңдар қажет?

– Бірінші кезекте – денсаулық, білім, тәрбие, мәдениет мәселелері күн тәртібінде тұруы керек. Әсіресе, жас ұрпақтың қауіпсіздік мәселесі қатты алаңдатады. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Құс екеш құс та өз балапанын қорғайды ғой. Бізде тіпті, ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарау, осы бағытта заң талаптарын қатайту керек деп есептеймін. Қазақстан суицид деректері бойынша әлемде үшінші орында және Орталық Азия елдері арасында көшбасшы орында. Бұған ықпал ететін факторлар – тұрақты жұмыстың, ақшаның, баспананың болмауы, мазасыздық, депрессия, қарым-қатынас пен отбасындағы мәселелер. Құқықтық статистикаға сәйкес былтырғы қаңтар-мамыр айлары аралығында кәмелетке толмағандар арасында 72 суицид тіркелген, бұл өткен жылдан 18 жағдайға артық. Одан бөлек шамамен 350 мың адам құмар ойын, лудоманиядан зардап шегуде және олардың көпшілігі жасөспірімдер. Бүгінде психоактивті заттарды қолдану салдарынан 90 608 адам алкогольге, 18 243 адам есірткіге тәуелді, оның 11 456сы 18-35 жас аралығындағы азаматтар. Осының бәрі қатты алаңдатады.

– Сіз өзіңіз мақтан ететіндей не істедім деп ойлайсыз?

– Бірде Қожанасыр есегіне ырғып мінем деп арғы бетке ауып түсіпті. Жан-жағына қарап «қайран, жас күнімай» дей беріпті. Маңайында ешкімнің жоқ екенін көрген соң өзіне-өзі «жас күніңде де қатырғаның шамалы еді» деген екен. Сол секілді жас күнімде де, қазір де мақтан етер айрықша ісім мынау деп айта алмаймын… Журналистика саласында кәсіби міндетімді адал атқаруға тырыстым. Өмірде де адал тұрып, адал өмір сүруді мақсат тұтып келемін.

– Сіздің сенаторлығыңыз Сізге қажет пе, әлде Парламентке қажет пе? Кезінде дағыстандық ақын Расул Гамзатов «Дағыстан маған емес, мен Дағыстанға қажетпін» деген екен…

– Философиялық сауал екен.

– Өмірдегі жетістіктеріңіз үшін кімге көп қарыздарсыз? Өзіңізге ме, отбасыңызға ма, ата-анаңызға ма, әлде тағдырға ма? Жалпы бабыңыз шапты ма, бағыңыз шапты ма?

– Әуелі жарық дүниеге әкелген ата-анама, жан-жағымнан демеген отбасыма, жолымды ашқан ұстаздарыма, ақыл қосқан достарыма қарыздармын.

– Орындалмаған армандарыңыз бар ма? Балық аулап жүріп алтын балық ұстап алсаңыз одан не сұраған болар едіңіз?

– Шығармашылық тұрғыда бірқатар ой-жоспарым бар. Ал алтын балық ұстап алсам, «Қазағымды аман сақтай гөр, даласын сақта, баласын сақта, санасын сақта» дер едім. Бұл тілектер тіпті көп қой десе, «қазағымды жылатпашы» деп сұрар ем…

– Барлығын басынан бастағыңыз келе ме? Егер сіз бәрін қайтадан бастасаңыз, нені өзгертер едіңіз?

– Тағдыр деген бар. Жазмыш деп жатамыз. Адам деген бір пенде. Кеудесінде арманы көп. «Бәрін басынан бастау» деген қиялға тән әңгіме. Келдік өмірге. Кейін қарай жүру деген жоқ. Саналы адам ретінде еш нәрсені қайта бастай алмайтынымды, ештеңені өзгерте алмайтынымды жақсы білемін. Сол себептен тек алға қарау керек. Алға жүру керек. Керуен кете береді. Біз үлкен жолдың кішкентай жолаушысымыз. Қай күні үзеңгі салбырап қаларын бір құдай біледі…

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет! 

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Дәстүрдің экологиялық бейнесі: Алматыда қайта өңделген материалдардан жасалған ер-тоқым көрсетілді

Алматыдағы «Атакент» көрме орталығы алдындағы алаңда Бостандық ауданы әкімдігінің қолдауымен Funk креативті агенттігі ұйымдастырған «Наурыз Береке Мереке» атты ауқымды фестиваль өтті.

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады 

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

Президент Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті  

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге сапары түркі дүниесінің рухани әрі тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды.

Мереке күндері ауа райы қандай болады?

Қазгидромет 21, 22, 23 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялады.